Музей – өлкенің тарихы, халықтың қазынасы. Тасын түртсең, тарихы сөйлейтін Жалағаш топырағы – тарихи ескерткіштерге бай киелі өлке. Күні кеше ауданға қарасты Бұқарбай батыр ауылындағы батыр атындағы тарихи үйдің босағасын аттап, құнды жәдігерлермен танысып қайттық.
Бұл ғимарат батырдың 180 жылдық мерейтойы қарсаңында, яғни 1994 жылы сол кездегі Калинин атындағы совхоздың директоры Қожахмет Баймахановтың бастамасымен ашылып, Бұқарбай батырдың 200 жылдық мерейтойы қарсаңында музей ғимараты қайта жасалған. Музей экспозициясында Бұқарбай батырдың өмірі мен жорық жолдарынан сыр шертетін жәдігерлер, Орынбор, Ташкент, Алматы қалаларындағы мұрағаттардан алынған құжаттардың көшірмелері, қару-жарақтар коллекциясы сынды тағы басқа да құнды жәдігерлер сақтаулы. Мұнда ауылға еңбегі сіңген, елі үшін қызмет еткен тұлғалардың да суреттері мен пайдаланған заттары да сақталған.
– Біздің музейде тарихтан сыр шертетін көне жәдігерлердің ішінде Бұқарбай батырдың күмістен жасалған жеке мөрі, шашақты туымен таза болаттан соғылған қайқы қылышы бар. Сонымен қатар сол замандағы батырлардың шоқпары, шақпақты мылтықтары да бізде сақтаулы. Мәселен, сусиырдың құйрығынан жасалған шашақты ту баста үлкен көлемде болған. Осы уақытқа дейін сақталған құнды жәдігерді кезінде халық киелі дүние ретінде қабылдап, музейге тапсырылғанға дейін түрлі аурулардың алдын алу мақсатында ырымдап, тәбәрік ретінде қиып әкететін болған. Кейін ұрпақтары бізге табыстағанда ол кішкентай ғана көлемде болды. Бұдан бөлек мұнда Бұқарбай батырдың таза күмістен соғылған мөрін де көруге болады. Батырдың сөзін растайтын мөрдің ортасында арап әріптерімен жазылған «Бұқарбай баһадүр» деген мағынаны білдіретін сөз бар, – дейді музей қызметкері Мереке Алдабергенқызы.
Музейдің тұтастай бір қабырғасында Бұқарбай батырдың 180 жылдығына орай республика көлемінде ұйымдастырылған үлкен конкурста жүлделі орындарды иеленген қолөнер шеберлерінің туындылары қойылған. Батырдың егде шағы бейнеленген басында дулығасы, үстінде сауыт, сайманы мен жарғақ шалбары, аяғында саптама етігімен өз өмір жолына үлкен оймен қарап отырған бейнесі бар мүсінін Тереңөзек ауданының мүсіншісі Жұмағұл Жаркенов ағамыз жасаған. Бұдан бөлек Шиелі ауданының тұрғыны кілемге батырдың суретін тоқу арқылы аталған конкурстың арнайы жүлдегері атанған.
Музейде зергерлік бұйымдар, үзеңгілер, қырықтық, ас үй, тұрмыстық бұйымдар мен ағаштан жасалған ыдыс-аяқтар, кілем тоқитын тарақтар да тарихтан сыр шертіп тұр. Бір бөлігінде Сорлыасардан табылған қыш құмыралардың сынықтары, Қарақұмнан табылған қобыз, өгізсоқа орналасқан.
Кезінде 2000 жылдай бұрын Сырдарияның бойында үлкен орман болған деседі. Ол орманды алқапты уақыт өте су басып, талдардың шіріген үгінділері жер қойнына кіріп кеткен. Кейін елді мекен болып, дария қазылған кезде ормандағы ағаштар тасқа айналып, бүгінде осы музейдегі жәдігерлер қатарынан орын алған.
Қайқы қылыш
Бұқарбай батыр атындағы тарихи үй көненің көзі болған тарихи жәдігерлерге толы. Батыр өз заманында талай дұшпанын ажал құштырған таза болаттан жасалған қайқы қылышы да музей төрінде ілулі тұр. Қаншама уақыт өтсе де сыны кетпеген, жүзі де әлі өткір, аталған жәдігердің ешбір жері шірімеген. Күні кешеге дейін пайдаланылған дүние тәрізді қаз-қалпында сақтаулы тұр. Қыны ағаштан жасалған қылыштың салмағы да әжептәуір ауыр. Жәдігердің жалпы ұзындығы – 80 см, сабының ұзындығы – 13 см, жүзінің ені – 3 см.
– Батырдың негізі көптеген қаруы болған. ұрпақтары арқылы бізге жеткен тек осы қайқы қылышы ғана. Шолақбелсенділердің заманында Бұқарбай батырдың көптеген қару-жарағы болған. Ол кісі өмірден өткеннен кейін ұрпақтары батырдың бес қаруын жинап сақтаймыз деген мақсатта көмген екен. Кейін ол жер өртеніп кетіп, орнында ізін де таппай қалған.
Батыр бабамыз өзінің үйінде төсек тартып жатқан шағында Қайқы батыр жағдайын сұрап барады екен. Сол кезде Бұқарбай батыр Қайқы батырға өзінің көңілі түсіп, керегесінде ілініп тұрған қылышын сыйға тартқан. Содан Қайқы батыр қылышты үйінде сақтап, баласы Наршаға аманаттап кеткен. Ал Нарша қылышты батырдың ұрпақтарына қалдырып, олар арқылы бізге жеткен. Бұл жәдігерді батырдың шөбересі Жоламан Алданазаров өткізді, – дейді Мереке Алдабергенқызы.
Заңғар жазушы Әбіш Кекілбаев айтқандай, кешегіміз түгенделмей, бүгініміз бүтінделмейді. Бұл – өмір ақиқаты. Ал өткенді түгендеу – ең алдымен барыңды бағалап, көне жәдігерлерді жоғалтпай сақтау. Атадан балаға мұра болып қалған асыл қазыналарымызды сақтап қана қоймай, оны насихаттап, жастардың бойына тарихымыздың өткені мен бүгінін сіңіріп жүрген киелі шаңырақ Бұқарбай батыр атындағы музей – тұнып тұрған тарих, жәдігерлер мекені.
Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!