Жұқпалы індет қайта бас көтерді. Тұрғыны көп үлкен қалалардағы қоғамдық орындардың жұмысына шектеулер қойылды. Аса қауіп тудырып тұрмағанымен, барынша сақтанғанымыз абзал. Осы жұқпалы індет өршіген алғашқы жылдарында бейқам жүрген жандарды баудай түсіргенін естен шығаруға болмайды. Сол жантүршігерлік жағдай бүгін бізге сабақ болуы тиіс. Мәселен, 2020 жылдан бері еліміз бойынша 1 368 205 адам коронавирус инфекциясын жұқтырса, оның 1 063 121-і симптоммен, 300 584-і симптомсыз түрімен ауырыпты. Ал 1 327 732 науқас жұқпалы дерттен айығыпты.
2022 жылы аталған індетпен облыс бойынша 6 004 адам ауырған. Аймаққа келсе, ауданымызды айналып өтпейді. Жалағаш ауданы бойынша биыл жыл басынан бері 181 адам вирус жұқтырыпты. КВИ-мен есепке алынған науқастардың 28-і 14 жасқа дейінгі балалар. Айта кету керек, КВИ жұқтырғандар арасында 1 жасқа дейінгі сәби де бар. Бұл көңіл жұбатарлық көрсеткіш емес. Ендеше, әрбір адам өз денсаулығы үшін сақтық шараларын қатаң ұстануы керек.
Аудандық санитарлық-эпидемиологиялық басқармасының бізге берген мәліметіне сүйенсек, жұқпалы дерт жұқтырған 181 науқастың 49-ы симптоммен, 132-і симптомсыз түрімен ауырған және 45 науқас ауруханадан ем алса, 132 науқас үй жағдайында оқшауланған. Алдын ала көрсетілген медициналық көмектің нәтижесінде қазіргі уақытта 178 науқас жазылған. Аудандық аурухананың КВИ бөлімшесінде және облыстық КВИ модульды ауруханасында жатқан науқастар жоқ екен. Бұл енді көңіл көншітетін көрсеткіш. Алайда, еркінсуге әлі ерте. Осы жылдың басынан бастап тұрғындардан 3 185 ПТР тест алынып, оның 174-і «оң» мәнді анықталған.
Жыл басынан бері КОВИД-19 инфекциясын емдеу мақсатында аудандық ауруханада 40 төсек-орын ашылып, бүгінгі күнге дейін 36 адам ем қабылдапты. Дәрігерлердің айтуынша, ем алып шыққан адамдардың денсаулықтары қалыпты. Егер ауданда эпидемиологиялық ахуал күрделенген жағдайда қосымша 80 төсек-орын (аудандық ауруханадан – 50, жұқпалы аурулар бөлімшесінен – 30) ашылады деп жоспарланып отыр екен. Әрине, қамданған қапы қалмайды, қандай жағдайға да әзір болғанымыз жөн. Өйткені бұл дерт асқынып, өршіп кетсе бой бермейтініне көзіміз жетті.
Кез-келген жұқпалы ауру салғырттықты көтермейді. Соның ішінде аталған індет өте қауіпті. Сондықтан тұрғындар мейілінше дәрігерлердің кеңесі мен ескертпелеріне құлақ түріп, уақытша бекітілген тәртіп, ережелерді қатаң сақтауы тиіс. Сонда ғана аурудың алдын алады. Бұл орайда аудандық санитарлық-эпидемиологиялық басқармасының басшысы Оразғали Аханов бізге аурудың алдын алу барысында ауданымызда атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде қысқаша мәлімет берді.
– Аты айтып тұрғандай бұл жұқпалы ауру. Ал жұқпалы індеттің өте тез таралатынын және аса қауіпті екенін халық жақсы біледі. Өйткені, қазірде тұрғындар КВИ жайында теледидардан немесе әлеуметтік желілерден, ғаламтордан жан-жақты ақпараттар мен толық мағлұмат алып отыр. Сөйте тұра сақтық шараларына мән бермейді. Ол дұрыс емес. Әр адамның өмірі де, денсаулығы да өзіне керек. Яғни адамдар ауырып дәрігердің көмегіне жүгінбес бұрын, алдымен өз денсаулығына аса жауапкершілікпен қарағаны абзал. Әрине, дерт жұқтырып, ауруханаға түскендерге дәрігерлер барынша жан-жақты көмек көрсетіп жатыр. Аудандық ауруханада коронавирус инфекциясын емдеуге қажетті арнайы медициналық құрал-жабдықтар жеткілікті. Атап айтсақ, 14 дана жасанды өкпені желдету аппараты, 2 дана рентген аппараты, 2 дана флюорограф аппараты, 44 дана оттегі концентраторы, 70 дана оттегі баллоны, 149 дана пульсоксиметр, 54 дана адам денесіне жанаспайтын термометр, 78 106 дана медицина мамандарына арналған жеке қорғаныш құралдары, 2 195 дана бір реттік қорғаныш костюмдер және 120 дана көп реттік қорғаныш костюмдер, 63 468 дана бір реттік қолғаптар, 100 775 дана бір реттік маскалар, 635 литр сұйық және 265 800 таблетка дезинфекциялау заттары және дәрілік заттардың қоры мен антибиотик қоры жасақталған. Коронавирус инфекциясын жұқтырған және пневмониямен ауырған науқастарды үйде бақылауды ұйымдастыру бойынша бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсету тарапынан жұмысшы 7 мобильді топ құрылған. Оның 4-уі кентте, 3-еуі елді мекендерде. Топтың құрамында 7 аймақтық жалпы тәжірибелі дәрігер, 7 аймақтық тәжірибелі мейіргер күнделікті бақылау жүргізіп, эпидемиологиялық ахуалды жіті қадағалап отыр. Жыл басынан бері 109 мобильді шақырту орындалған. Сонымен бірге үй жағдайындағы науқастармен ситуациялық орталық қызметкерлері күн сайын байланысып, олардың денсаулық жағдайларын бақылайды. Дәл қазіргі уақытта 2 ересек науқас үйінде оқшауланған. Дәрігерлердің бақылауында. Ал ауруханада тіркелген жағдай анықталған жоқ. Әйтсе де, бұл аурудың алдын алудың ең тиімді жолы – халықты жаппай вакцинациялау. Әрине мәжбүрлі түрде емес, ерікті түрде. Вакцинаның аурудан қорғайтын қасиетін бұған дейін де жергілікті баспасөз беттеріне, әлеуметтік желілерге жарияладық және халық арасында жүріп медициналық тілмен де, қарапайым халықтың тілімен де түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Аудан тұрғындарының көбі ерікті түрде екпе алды. Мүмкін, соның нәтижесі болар, биылғы төртінші толқын жүріп жатқанда әзірге ауданымызда КВИ-ге қатысты өлім-жітім тіркелген жоқ. Тіркелмей-ақ қойсын деп тілейміз. Мәселен, 2020 жылы осы диагнозбен 2 адам, 2021 жылы 10 адам көз жұмған болатын. Сондықтан аталған ауруға қарсы екпе алудың пайдасы көп, – дейді О.Аханов.
Расында, вакцинаның аурудың алдын алуға, тіпті болдырмауға көп көмегі бар. Аудан бойынша 2021 жылдың 9-наурызынан бастап «Гам-КОВИД-Вак» коронавирусты инфекцияға қарсы вакцинациялау жұмыстары басталған. Біздің ауданымызда ұжымдық иммунитетті қалыптастыру мақсатында екпе егу 100 пайызға орындалған болатын. Атап айтсақ, 19 448 адам ерікті түрде екпе салғызды. 2021 жылдың 13-желтоқсанынан бастап КВИ-ға қарсы ревакцинациялау жүргізіліп келеді. Бүгінгі күнге дейін 13 266 адам қайта екпе алған. Қазірде аудан тұрғындарын кезекті егу кезеңі аудандық емхананың егу бөлмесінде, жылжымалы медициналық кешен мен орталық алаңда және барлық елді мекендерде жүргізіліп жатыр екен. Биылғы жылдың шілде айында қайта вакциналау мақсатында барлығы 1101 доза КАЗВАК вакцинасы келіп, 100 пайыз салынса, тамыз айында 1500 доза Синовак вакцинасы келіп, оның 178 дозасы егілген.
Қуат АХЕТОВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!