Театр – өмірлік мәселелерді шешудің жоғары сатысы. Мәдениет пен руханият әлемін театрсыз елестету мүмкін емес. Қазіргі таңда театр көрермендерінің де саны артуда. Бұл салада біздің аудан да жұтаң емес. Соның бір дәлелі Қ.Қазантаев атындағы Жалағаш аудандық мәдениет үйі жанындағы «Халық» театры көрерменнің ыстық ықыласына бөленуде.
Бұл өнер ордасының тарихы тереңде жатыр. 1971 жылы драма үйірмесі ретінде ашылып, қазіргі таңда тұрақты көрермені бар көптеген қойылымдардың авторына айналды. Театр десе, ойға ең әуелі мағынасы терең сұлу сөздер мен әдемі әсер орнай қалатыны рас. Алайда сіз бен біз ойлағандай, театрдың іші-сырты түгел осындай таңғажайып сырға толы тамаша, ал әртістердің бәрінде кәсіби білім бар ма? Әрине жоқ!
– Қойылым арқылы адамның жүрегінде сақтаулы мұңды, қуанышты көрсете аламыз. Театр, ондағы әртістер өз шеберлігі арқылы қоғамдағы болып жатқан мәселені жүрекке жеткізеді. Әрине көрерменге жеткізу кез келгеннің қолынан келмейді, әр адамның қабілетіне байланысты. Бірақ біздің театрда кәсіби актерлік білімі бар әртістер жоқ, әртүрлі саланың адамдары. Сол үшін кейде жұмыста жүргенде режиссер ретінде қойылымды көз алдымызға елестетіп, кейіпкерлердің мінездеріне, табиғатына сәйкес келеді деген қызметкерлерге сахнаға шығуға ұсыныс жасаймыз. Мәселен, біздің құрамда еден жуушыдан бастап, тоқ жөндеуші кісілер де, әртүрлі үйірмеден сабақ беретін ұстаздар мен музыкалық аспаптарда ойнайтындар да басты рөлді сомдай береді, – дейді театрдың қоюшы режиссері Әсет Шілдебаев.
Расында кәсіби білім болмай-ақ көрерменнің жүрегіне жол табу үшін ең алдымен қандай да бір қабілет керегі анық. Мәселен, «Ғашықсыз ғасыр» драмасында ең жағымсыз рөлді ойнаған Айгерім Садықова актерлік білім алмаған, сахнадағы образы да табиғатына мүлдем сәйкес келмейді. Алайда рөлін барынша жоғары деңгейде алып шыққаны сонша, қойылым біткеннен кейін көрермендердің бәріне ұнамсыз кейіпте қалып кетіпті. Ал актер үшін – бұл үлкен мәртебе, өзінің рөлін ойдағыдай алып шықты деген сөз.
6 желтоқсанда осы қойылыммен Ерғали Оразымбетовтың 80 жылдығына орай ұйымдастырылған облыстық байқауда театр ұжымы бас жүлде иеленіп, 100 мың теңге қаржылай сыйақыға ие болды. Жалпы қойылым барысында актерлар өмірде кей отбасыларда болып жүрген оқиғаны бейнелеп, әйел адамның қоғамдағы рөлін көрсетті. Көрерменнің көзіне жас ұялатып, ыстық ықыласына бөленді.
– Бұл байқауға қатыспас бұрын «Ғашықсыз ғасыр» қойылымына ұзақ уақыт дайындалдық. Тіпті байқау алдында екі ауылға іс-сапармен барып, өзімізді шыңдау үшін осы қойылымды қойдық. Кей жеріндегі кеткен қателіктерімізді де түзетіп, содан кейін жарысқа ұсындық. Нәтижесінде көрерменге ұнады. Қойылым барысында актерлардан бөлек сахна сыртындағы адамдардың да еңбегі зор. Бәрінің бірігіп, бірін бірі қолдауының арқасында осындай нәтиже көрсетті. Жалпы театрда ойнау – ұжыммен бір толқында болу. Мұнда түрлі рөлдерді сомдауға тура келеді. Түрлі образға еніп, өзіңді ғана емес, басқалардың өмірін іштей сезінгендей күй кешесің. Сахнадағы кейіпкерлеріңнің бірінен жеріп, бірінен үлгі аласың. Ең қызығы, осы сезімдерді өзің ғана бастан кешіп қоймай, көрерменге тұшындыра алуың керек. Рөлге кіру, кейіпкеріңді дәл бере алу оңай шаруа емес. Үлкен дайындықты, маңдай тер мен уақытты талап етеді, – дейді басты рөлдегі кейіпкер Айгерім Садықова.
Театр одан бөлек драма, комедия, мелодрама, трагедия жанрларында да түрлі қойылымдар қойып, халыққа ұсынып, тіпті түрлі жүлделерге де ие болып жүр. Мәселен, Қ.Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында» комедиясын облыстық байқауда сахналап, «Ең үздік режиссер-қоюшы» және «Ең үздік суретші-декоратор» номинацияларына, «Абай әлемі» атты халық театр-ларының облыстық онлайн байқауында Иран Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма?» спектаклін сахналап, І орынды жеңіп алды. Айта берсек, мұнан бөлек актерлардың да жетістіктері көп.
Күнделікті күйбең тіршіліктен бір сәт бой жазып, рухани байлыққа кенелу үшін аудан тұрғындарына арнап қойылымдардың тұрақты түрде өтуіне де ұсыныс білдірдік. Себебі ұзақ жылдан бері көрермен көзайымына айналған халықтық театрдың, енді ғана етек жиып, бой түзеп келе жатқан жастарға берер тәлім-тәрбиесі мол.
Ақнұр АЛТЫНБЕК
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!