Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-3°C

, Сенбі, 07 желтоқсан, 17:36

Өнер ұжымының өресі биік

12.12.2023

467

0

Театр – өмірлік мәселелерді шешудің жоғары сатысы. Мәдениет пен руханият әлемін театрсыз елестету мүмкін емес. Қазіргі таңда театр көрермендерінің де саны артуда. Бұл салада біздің аудан да жұтаң емес. Соның бір дәлелі Қ.Қазантаев атындағы Жалағаш аудандық мәдениет үйі жанындағы «Халық» театры көрерменнің ыстық ықыласына бөленуде.

Бұл өнер ордасының тарихы те­реңде жатыр. 1971 жылы драма үйір­месі ретінде ашылып, қазіргі таңда тұрақты көрермені бар көптеген қойы­лымдардың авторына айналды. Театр десе, ойға ең әуелі мағынасы терең сұлу сөздер мен әдемі әсер орнай қалатыны рас. Алайда сіз бен біз ойлағандай, театрдың іші-сырты түгел осындай таң­ғажайып сырға толы тамаша, ал әртістердің бәрінде кәсіби білім бар ма? Әрине жоқ!
– Қойылым арқылы адамның жүре­гінде сақтаулы мұңды, қуанышты көр­сете аламыз. Театр, ондағы әртістер өз шеберлігі арқылы қоғамдағы бо­лып жатқан мәселені жүрекке жет­кізеді. Әрине көрерменге жеткізу кез келгеннің қолынан келмейді, әр адам­ның қабілетіне байланысты. Бірақ біз­дің театрда кәсіби актерлік білімі бар әртістер жоқ, әртүрлі саланың адам­дары. Сол үшін кейде жұмыста жүр­генде режиссер ретінде қойылымды көз алдымызға елестетіп, кейіпкерлердің мі­нездеріне, табиғатына сәйкес келеді де­ген қызметкерлерге сахнаға шығуға ұсыныс жасаймыз. Мәселен, біздің құ­рамда еден жуушыдан бастап, тоқ жөн­деуші кісілер де, әртүрлі үйірмеден са­бақ беретін ұстаздар мен музыкалық аспап­тарда ойнайтындар да басты рөлді сомдай береді, – дейді театр­дың қоюшы режиссері Әсет Шілдебаев.
Расында кәсіби білім болмай-ақ көрер­меннің жүрегіне жол табу үшін ең алдымен қандай да бір қабілет ке­регі анық. Мәселен, «Ғашықсыз ғасыр» дра­масында ең жағымсыз рөлді ой­наған Айгерім Садықова актерлік білім алмаған, сахнадағы образы да таби­ғатына мүлдем сәйкес келмейді. Алайда рөлін барынша жоғары деңгейде алып шық­қаны сонша, қойылым біткеннен кейін көрермендердің бәріне ұнамсыз кейіпте қалып кетіпті. Ал актер үшін – бұл үлкен мәртебе, өзінің рөлін ойдағыдай алып шықты деген сөз.
6 желтоқсанда осы қойылыммен Ерғали Оразым­бе­товтың 80 жылды­ғына орай ұйымдастырылған облыстық бай­қауда театр ұжымы бас жүлде иеленіп, 100 мың теңге қаржылай сыйақыға ие болды. Жалпы қойылым барысында актерлар өмірде кей отбасыларда бо­лып жүрген оқиғаны бейнелеп, әйел адамның қоғамдағы рөлін көрсетті. Көрерменнің көзіне жас ұялатып, ыстық ықыласына бөленді.
– Бұл байқауға қатыспас бұрын «Ға­шықсыз ғасыр» қойылымына ұзақ уақыт дайындалдық. Тіпті байқау алдында екі ауылға іс-сапармен барып, өзімізді шың­дау үшін осы қойылымды қойдық. Кей жеріндегі кеткен қателіктерімізді де түзетіп, содан кейін жарысқа ұсындық. Нәтижесінде көрерменге ұнады. Қойы­лым барысында актерлардан бөлек сахна сыртындағы адамдардың да еңбегі зор. Бәрінің бірігіп, бірін бірі қол­­­дауының арқасында осындай нә­тиже көрсетті. Жалпы театрда ойнау – ұжыммен бір толқында болу. Мұнда түрлі рөлдерді сомдауға тура келеді. Түр­лі образға еніп, өзіңді ғана емес, басқалардың өмірін іштей сезін­­ген­дей күй кешесің. Сахнадағы кейіп­кер­леріңнің бірінен жеріп, бірінен үлгі ала­сың. Ең қызығы, осы сезімдерді өзің ғана бастан кешіп қоймай, көрер­менге тұ­шындыра алуың керек. Рөлге кіру, кейіпкеріңді дәл бере алу оңай шаруа емес. Үлкен дайындықты, маң­дай тер мен уақытты талап етеді, – дейді басты рөлдегі кейіпкер Айгерім Садықова.
Театр одан бөлек драма, коме­дия, мелодрама, трагедия жанр­ла­рын­да да түрлі қойылымдар қойып, ха­лық­қа ұсынып, тіпті түрлі жүлде­лерге де ие болып жүр. Мәселен, Қ.Мұха­мед­жановтың «Бөл­­­тірік бөрік астында» комедиясын об­­лыс­тық байқауда сах­налап, «Ең үздік режиссер-қоюшы» және «Ең үздік суретші-декоратор» номи­нацияларына, «Абай әлемі» атты халық театр-ларының облыстық онлайн байқауында Иран Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма?» спектаклін сахналап, І орын­ды жеңіп алды. Айта берсек, мұнан бөлек актерлардың да жетістіктері көп.
Күнделікті күйбең тіршіліктен бір сәт бой жазып, рухани байлыққа кене­лу үшін аудан тұрғындарына арнап қойылымдардың тұрақты түрде өтуіне де ұсыныс білдірдік. Себебі ұзақ жыл­­дан бері көрермен көзайымына айналған халықтық театрдың, енді ғана етек жиып, бой түзеп келе жатқан жастарға берер тәлім-тәрбиесі мол.

Ақнұр АЛТЫНБЕК

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: