Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

7°C

, Бейсенбі, 21 қараша, 15:22

Ойна баян, күмбірле домбыра

17.09.2024

446

0

Мәдениет ауылында «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығы тұжырымдамасының «АРТ уақыт» жобасы аясында «Ойна баян, күмбірле домбыра» атты облыстық әншілер байқауы өтті. Өнер додасында арғы басы Аралдан, бергі басы Жаңақорған ауданынан келген 10 өнерпаз жүлделерді сарапқа салды. Әншілер байқауында мәдениет ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Нұрлан Қостанбаев шараның маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Бүгін маңызды шарада бас қосып отырмыз, ауылға аймақтан айтулы өнер­паздар келіп отыр. Осындай игі шаралар жиі ұйымдастырылуы керек. Өйткені қазір жанды дауыста ән йтылады. Бір жағынан дәстүрлі, халық әндеріне де кезек беріледі. Ал өскелең ұрпақ осындай тағылым алып жатса, біздің ұтарымыз көп. Сондықтан барлық қатысушыға тек сәттілік тілеймін, – деді Н.Қостанбаев.
Әншілердің өнерін облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-про­­дюсерлік орталығының және Асқар Тоқ­­­мағанбетов атындағы қалалық мә­де­ниет үйі жанындағы «Сырлы саз» фоль­­клор­лық ансамблінің көркемдік же­текшісі Руслан Әлібекұлы төрағалық еткен қа­зылар алқасы сарапқа салды. Екі кезең­нен тұратын байқаудың алғашқы ке­зеңін­де қазақ халық әндері орындалды. Ал соңғы бөлімде еркін та­қы­рыпта қазақ ком­позиторларының ән­дерін шырқады.
Шыны керек, өнерпаздардың бұл бай­қауға үлкен дайындықпен келгені көрініп тұр. Көрермендер де олардың өнеріне жоғары баға беріп, қошеметін аямады. Тіпті әншілерді жібергісі келмей, қайта-қайта ән қолқалады. Көңілге қараған қазақпыз ғой, олар да елдің өтінішіне енжар қарамай, алдарында шаршағанша ән шырқады.
Қазылар алқасының мүшесі Әсет Шіл­дебаев қатысушылардың өнерін ба­ға­лау оңай болмағанын айтады. Ол бірінші кезекте өздерінің салада жиған тәжі­ри­бесіне сүйенгенін, көрерменнің қоше­ме­тіне және өнерпаздардың сахналық киім үл­гісіне де мән бергенін айтады.
– «Бүгін ауыл жұрты халық әнімен су­сындады» десек артық болмас. Расында Мәдениетте ауылдық клуб ұжымының ұйым­дастыруымен үлкен шара өтті. Ел­дің ықыласын көрдіңіздер, ауылдағы ағайын халық әндерін сағынып қалыпты. Қа­тысушылар да керемет өнер көрсетіп, жиылған жұртқа көтеріңкі көңіл-күй сый­лады. Осындай байқауда Жалағаштан бірде-бір үміткердің болмауы көңіл қын­жылтады. Негізінен бұл байқауға үміт­кер­лер көп болады деп үміттенгенбіз, себебі әлеуметтік желі ашсаң, қолына баян мен домбыра алып, ән шырқап жатқан жастар жетерлік. Бірақ ойымыздағыдай көп үміт­кер болмады. Десе де байқау жоғары деңгейде өтті. Қатысушыларға алғысымды білдіремін, – деді Әсет Шілдебаева.
Айта кетейік, облыстық байқауда қа­ты­сушылардың ешқайсысы жүлдесіз қайт­пады. Арал ауданының Жаңақұрылыс ауы­лынан келген Мағжан Нұрлыбаев, Олжас Жұмажанов пен Қармақшы ауда­нының Ақай ауылынан келген Береке Нұр­мағамбетов пен Нұрбек Айдаров ие болды. Ал екінші орынға қармақшылық Руслан Өтегенов, Ердана Тұрымбетов лайық деп танылды. Бірінші орынды Шиелі ауданының Сұлутөбе ауылынан келген үміткер Базархан Қаршыға мен Базархан Батырхан жеңіп алды. Ал байқаудың бас бәйгесі Өскенбай Көкен мен Нағысхан Исламбекке бұйырды.
Айта кетейік, барлық қатысушы өнерпаз арнайы дипломдар және қаржылай сый­лықтарға ие болды. Облыстық байқаудың жоғары деңгейде өтуіне ауылдағы кәсіп­керлер мен шаруашылық төрағалары де­меушілік етті.

К.БАЛҒАБАЙҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: