Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-6°C

, Сәрсенбі, 17 желтоқсан, 17:28

Олимпиададан олжалы оралды

16.12.2025

5

0

Елорда төрінде өткен білім бәйгесі Сыр өңірі үшін тағы бір мәрте мерейлі сәт сыйлады. 2025 жылдың 9-13 желтоқсаны аралығында ұйымдастырылған 9-11 сынып оқушыларына арналған қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы республикалық олимпиадада Қызылорда облысының командасы білім мен біліктің биігінен көрініп, жалпы командалық есепте 2-орын иеленді. Осы құрамда ауданнан барған оқушылар да білім бәйгесіне өз үлесін қосты.

Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша өткен республикалық олимпиа­дада аудан жұлдызы жарқырады. Бі­лім бәйгесінде Қодар Рабия мен Ар­ғын Ернұр қарсыластарынан оза шау­ып, екеуі де алтын медальды қан­­жы­ға­ла­ры­на байлады. Олардың жеңіс тұғы­ры­на жетелеген жетекші ұстаз­дары – Манат Жақсылыққызы мен Гүлжанат Қуан­дық­қызы үшін бұл күн еңбектің ақтал­ған сәті болды. Қара­пайым сы­нып­тан басталған арман республи­калық мінберде жүзеге асып, туған өлкенің мерейін үстем етті.
Ағылшын тілін таңдаған Ернұр Бауыр­жанұлының бұл бағытқа келуі кездейсоқ емес. «Жыл басында-ақ алтын аламын деп өзіме мақсат қойдым» дейді ол. Сол мақсат оны мектепішілік, аудандық, об­лыстық кезеңдерден сүрінбей өткі­зіп, республикалық олимиадаға жете­ле­ді. Күдіз-түні ізденіп, бір сәтке де бо­саң­­сымау нәтижесінде барлық кезең­де биік тұғырдан көрінді. Ана тілі болма­ған­­­дықтан, кей тапсырмалардың ал­ғаш­­­­қыда қиындық удырғанын да жа­сыр­­­­мады. Бірақ бұл кедергі жігерін жа­сыта алмады. Керісінше, алдыңғы жыл­­дардың тапсырмаларын қайта-қай­та талдап шыңдалды. Бес секция бо­йын­­ша қатар сыналатын олимпиада да ол барлық бағытты тең ұстады. «Тіл­ге деген қабілетім жастайымнан бар еді, сол мықты база болды» дейді ол се­нім­мен. Ернұрдың олимпиада жо­лы да ерте басталған. 5-сыныптан бері жал­пы­пәндік олимпиадаларға қа­ты­сып ке­леді. Өткен жылы ауыл олим­пиа­да­сының облыстық кезеңінде 1-ші орын ал­ғанымен, республикалық кезең­нің бол­мауы көңіліне кірбің түсірген. Биыл бар­лық кезеңде бірінші орын алып, рес­публикалық деңгейдегі алтын ме­даль – кешегі табандылықтың жемісі. Ал Ернұрдың алдағы мақсаты одан да биік. Мектепті сәтті аяқтап. Емти­хан­дарды жоғары тапсырып, ха­лық­ара­лық қа­тынастар және дипло­матия ма­ман­ды­ғына оқуға түсу – оның келесі асуы.
Аудан мектебінен түлеп ұшқан Рабия да республикалық олимпиадаларда бірнеше жыл қатарынан жүлдегер атанып, өз қабілетін нақты нәтижемен дәлелдеп жүрген алғыр оқушылардың бірі. Оның жетістігі уақытпен өлшенеді. Жетекшісі Манат Жақсылыққызы Рабияның дайындығын 10-сыныптан бастап жүргізгенін айтады. «Рабия – өте алғыр оқушы. Дайындыққа әрдайым жауапкершілікпен қарайды. Орыс тіліне ерекше қызығушылығы бар. Соның арқасында тілдік қоры бай» дейді ол.
Шәкірттің тағы бір ерекшелігі – білмегенін жасырмай сұрап, түсіндірілген грам­матиканы бірден меңгері алатын зеректігі. Дайындық барысында тек оқулықпен шектелмей, жан-жақты әдіс­те­мелік және дидактикалық құрал­дар пай­­даланылған. Тіпті Ресей оқушы­ла­­рына арналған тапсырмалады да тал­дап, ой көкжиегін кеңейткен. Интер­нет­тегі алдыңғы жылдардың тапсыр­ма­­­ларын жүйелі саралау, эссе жазу мен мәтінді талдаудың қыр-сырын мең­геру респуликалық деңгейде сенімді өнер көрсетуге негіз болған. Қазақ мек­теп­те­ріне арналған орыс тілі пәні бойын­ша сын­ға түскен оқушы үшін бұл додо ерек­ше есте қалған.
– Олимпиада өте жоғары деңгейде өтті. Барлық облыстардан келген оқу­шылар қонақүйге орналастырылып, үш мезгіл ас толық қамтылд. Ауыл оқу­шы­лары үшін үлкен мүмкіндікке толы жоба ар­қасында жаңа достар тауып, тәжірибе жинадым. Бір апта ішінде бәріміз бір-бірімізге қатты үйреніп қалдық. Жан-жақ­тан жиналсақ та жеңістерімізге шынайы қуана білдік,- дейді жеңімпаз.
Республикалық олимпиадалардағы же­ңіс жолы мұнымен шектелмейді. Ау­­­дан намысын қорғаған Әл-Фараби атын­­дағы № 201 мектеп-лицейдің оқу­шы­­сы Арнүр Нұрлыбекұлы үшін де бұл білім сайысы ерекше есте қалды. Ол бірнеше кезеңнен тұратын күрделі тап­сыр­­­маларды байыппен еңсеріп, қола ме­­дальды иығына тақты.
Жалпы Қызылорда облысынан 29 оқушы қатысып, соның 15-і жүлделі орын­мен оралды. Ал Жалағаш ауда­нынан барған 7 оқушы үшін бұл сапар үл­кен жауапкершілік пен сенім жүгін арқа­лаған сынақ болды. Ауданнан шыққан алғыр өрендердің биік білім белестерін бағындыруы ел ертеңіне деген сенімді күшейтеді. Бүгінгі жеңіс – ертеңгі кемел келешекің бастауы. Білімге сүйенген ел­дің болашағы да берік болары сөзсіз.

Гүлжан Есжан

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: