Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

4°C

, Сейсенбі, 26 қараша, 20:49

Отан қорғаушылар күні қарсаңында қызылордалық полицейлер марапатталды

06.05.2024

1491

0

Бүгін Қызылорда облысының Полиция департаментінде «7 мамыр – Отан қорғаушылар» және «9 мамыр – Ұлы Жеңіс» күндеріне орай мерекелік патриоттық шара өтті. Іс-шара департаменттің жеке құрамы, ішкі істер органдарының ардагерлері және БАҚ өкілдерінің қатысуымен өтті.

Салтанатты шара Қазақстан Республикасы Әнұраны ырғағымен ашылып, Ішкі істер министрі полиция генерал – лейтенанты Саденов Ержан Сапарбекұлының құттықтауы оқылды.

Департамент бастығы полиция генерал-майоры Аблазимов Махсудхан Нұғманұлы арнайы құттықтау сөзін сөйлеп, халықтың мызғымас тыныштығы үшін еңбек етіп, қызметте жүрген тәртіп сақшыларына және зейнетке шықса да қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, жастарды тәрбиелеуде зор үлес қосып келе жатқан ішкі істер органдарының ардагерлеріне өз лебізін білдірді. Сонымен қатар, ішкі істер органдарында ұзақ жылдар бойы қызмет етіп, өмірден озған Ұлы отан соғысының және тыл ардагерлерінің рухына бас иіп, тағзым етуге шақырды.

Ардагерлерге құрмет көрсету ішкі істер органдарында дәстүрге айналған игі шаралардың бірі. Осы орайда иықтарына погон тағып, құқық қорғау қызметінің ыстығына күйіп, суығына тоңып, саналы ғұмырын ішкі істер органдарына арнаған құрметті ардагерлер қонақ ретінде арнайы шақырылды.

Мерекелік құттықтау сөз облыстық ішкі істер органдарының Ардагерлер Кеңесінің төрағасы Серікбол Қуатбайұлына беріліп, осынау айтулы күнге орай ардагер полиция қызметкерлеріне жылы лебізін жеткізді.

Шара барысында Ішкі істер министрінің марапаттау жайлы бұйрығы ресми түрде оқылып, министр бұйрығымен 18 қызметкер марапатталды.

Полиция Департаменті бастығының бұйрығымен ерекше көзге түскен департаменттің 156 қызметкері марапатталды.

Марапат лайықтыларға беріледі. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталған полиция полковнигі Маншарипов Айдарбек Жақсыбекұлы үшін бүгінгі күн ерекше. Себебі ішкі істер органдарында 30 жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан полиция полковнигі үшін бұл марапаттың орны бөлек.

– «Бұл марапат еңбегімнің жоғары бағалануы. Ел тыныштығын қамтамасыз ету мақсатында жаңа жеңістерге жетуге ынталандыра түседі. Туған жердің тұғырын биік ету жолында адал, әрі мүлтіксіз қызмет етеміз», – дейді еңбегі еленген полиция полковнигі А.Маншарипов.

Айтулы іс-шара соңы мерекелік концертке ұласты. Тәртіп сақшылары «Әлия», «Қазақ деген халықтың баласымын», «Отан Ана», «Парад победы» әндерін орындады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: