Темірбек Жүргеновтың өмір жолына қаныққан кез келген адам оның саналы ғұмырын қазақ елінің жарқын болашағына сарп еткенін айқын аңғарады. Иә, небір нәубет жылдар мен қиын кезеңдерді еңсерді, жазықсыз жала да арқалады, бірақ «қазақ елінің жарқын болашағына еңбек етемін» деген ұлы мақсатты аяқасты еткен жоқ. Қасық қаны қалғанша елдің ертеңіне алаңдап, кемел келешегіне көп еңбек сіңірген де Темірбек Жүргенов.
Жалпы мемлекет және қоғам қайраткері хақында айтылар дүние көп. Олай болуы да заңдылық, себебі ол – тұтас қазақ жұртының бағына туған азамат. Ел мәселесінде, тіл мәселесінде, қазақ руханияты мен мәдениетін көтеруде, жастарды білімге үндеуде, бәрі-бәрінде Темірбек Жүргеновтің айшықты қолтаңбасы барын өткен тарих айғақтап тұр.
Биыл елдің ертеңіне өлшеусіз еңбек сіңірген қайраткер Темірбек Жүргеновтің 125 жылдық мерейтойы. Жыл басынан бері атпал азаматтың өнегелі өмір жолын кейінгі буынға насихаттау мақсатында түрлі шаралар Жалағаш ауданында да өтіп жатыр. Күні кеше тағылымды шаралар қайраткердің туған жері Темірбек Жүргенов ауылында жалғасты.
Иә, бұл тойға Жалағаш жұртының жұдырықтай жұмылып, ауызбіршілікпен дайындалғаны көрініп-ақ тұр. Әрбір шараның мақсатына үңілу үшін түбін түртсең, тағылым алу қиынға соқпайды. Міне, осылайша аудан жұрты қашанда ауызбіршілікте екенін көрсетті.
Тағылымды шаралар легі алдымен мерейтой иесі атындағы саябақтың ашылуымен басталды. Оған облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, аудан әкімі Асқарбек Есжанов, облыстық мәслихат депутаты Әмір Шаймағамбетов және басқа да арнайы шақырылған қонақтар мен ауыл тұрғындары қатысты. Тағылымды шарада Мейрамбек Шермағанбет аудан жұртын Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығымен құттықтап, тарихи тұлғаны кейінгі ұрпаққа үлгі ету жолындағы айтулы шараның өтуіне атсалысқан азаматтарды облыс әкімінің алғыс хатымен марапаттады.
– Темірбек Жүргенов – бүкіл түркі әлеміне ортақ тұлға. Жүрегі елім деп соққан, жазықсыз жаланың құрбаны болып өткен ердің аты өшпейді, жер бетінде қазақ халқы тұрғанда оның ісі жалғаса береді. Мүмкіндікті пайдаланып, Темірбек Жүргенов есімін ұлықтауға өзіндік үлес қосып келе жатқан «Темірбек Жүргенов» қоғамдық қорының төрағасы Аңсат Сәби Әбдіқадырұлы ағамыздың, Жүргеновтанушы ғалым Бауыржан Иманғалиевтің және басқа да азаматтардың еңбегін атап өткім келеді. Бүгінгі салтанатты жиынға келген қонақтардың қадамы құтты болсын, салтанатты шараға сәттілік тілеймін, – деді облыс әкімінің орынбасары.
«Темірбек Жүргенов» қоғамдық қорының төрағасы Сәпен Аңсат және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиұлы айтулы шараның маңызын ескеріп, аз ғұмырда ұрпақ үшін елеулі еңбек жолын қалыптастырған тұлғаны құрметтеп жатқан аймақ басшысына, аудан әкіміне және барша жанашыр азаматтарға алғысын жеткізді.
– Ардақты азаматтың туған топырағында мерейтой қарсаңында бас қосып отырмыз. Бұл шараның өзіндік маңызы бар, жыл басынан бері қайраткер мерейтойының кең көлемде аталып өтуі де осыны айғақтап тұр. Бүгінгі мерейтой соның барлығының қорытындысы іспеттес. Темірбек Қараұлының ел үшін еткен еңбегін қалай айтсақ та артық етпейді. Жаңа облыс әкімінің орынбасары өмірбаянына кеңінен тоқталды. Бір сөзбен айтқанда, Темірбек Қараұлы өзінің өмірінде Қазақстанға төрт-ақ жылын арнады. Осы төрт жылда қазақ руханиятына, мәдениет саласына үлкен еңбек сіңірді. Бүгінгідей мамыражай қоғамда тәуелсіз мемлекетте бейбіт өмір сүруімізде қайраткердің қажырлы еңбегі жатыр десек, қателеспейміз. Шараға келген қонақтарға, тағылымды әңгімелер айтқан азаматтарға алғыс білдіремін, – деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев.
Айта кетейік, қайраткердің туған жерінде Темірбек Жүргеновтің атында көше, мектеп-лицей мен ауыл бар. Бүгінгі тағылымға толы шаралардың сол ауылда өтуінің өзіндік мәні бар. Қазіргі таңда елді мекенде 300-ден астам отбасы бар. 1800-ден астам халық мекен еткен қайраткер атындағы ауылдың бірлігі бекем, тірлігі тиянақты. Былтыр да елді мекеннің еңсесін тіктейтін екпінді жобалар бұл ауылда жүзеге асқан. Қуантарлығы, биыл да Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығы аясында бірқатар жоба қолдау тауып, жергілікті халық оның игілігін көруде. Әрбір жобаның түбін түртсең, мақсаты қайреткер рухына тағзым ету үшін қолға алынғанын аңғарамыз.
Темірбек Жүргенов ауылында бүгінде 90-ға жуық кәсіпорын бар. Тіркелген кәсіпкерлік субьектісінің қазіргі таңда 99 пайызы жұмыс жасап тұр. Бұрын елді мекенде тек егін және мал шаруашылығында жергілікті тұр-ғындар кәсібін дөңгелентсе, бүгінде сала түрленген.
Биыл мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығы, қайраткердің мерейтойы бүгінде түркі тілдес мемлекеттер арасында кең көлемде атап өтілуде. Туған жерінде де мерейтой иесінің 125 жылдығына орай бірнеше жоба қолға алынған. Солардың бірі – Темірбек Жүргенов атындағы саябақ. Бұл жобаға қазынадан 60 млн 444,9 млн теңге қаралған. Бүгінгі шара сол саябақтың ашылуымен басталды.
Ауыл әкімі Бауыржан Тұңғышбаев жаздай тұрғындар мұнда талдар мен жеміс ағаштарын отырғызғанын айтады. Саябақ құрылысы да қарқынды әрі сапалы жүргізілген. Жергілікті тұрғындардың бұл жерді жасыл желекке айналдырудағы құлшынысын баба рухына тағзым, бір жағынан құрмет әрі кейінгі буынға өнеге десе де болады.
Қайраткер атындағы ауылда мұнан өзге де жобалар жоқ емес. Бастысы, алдағы уақытта ел игілігін көрсе дейміз. Ауылда қоғам қайраткері Темірбек Жүргенов атында көше де бар. Ұзындығы 1,1 шақырымды құрайтын ішкі көшеге биыл жай жөндеу жұмыстары жүрді. Оған қазынадан 15 млн 229 мың теңге қаралған.
Шарада қонақтар мен ауыл жұрты саябақ ішіндегі Темірбек Жүргенов ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, баба рухына тағзым етті.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!