Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

22°C

, Сенбі, 27 шiлде, 06:31

Қайраткер атындағы саябақ

23.09.2023

399

0

Темірбек Жүргеновтың өмір жолына қаныққан кез келген адам оның саналы ғұмырын қазақ елінің жарқын болашағына сарп еткенін айқын аңғарады. Иә, небір нәубет жылдар мен қиын кезеңдерді еңсерді, жазықсыз жала да арқалады, бірақ «қазақ елінің жарқын болашағына еңбек етемін» деген ұлы мақсатты аяқасты еткен жоқ. Қасық қаны қалғанша елдің ертеңіне алаңдап, кемел келешегіне көп еңбек сіңірген де Темірбек Жүргенов.

Жалпы мемлекет және қоғам қай­раткері хақында айтылар дүние көп. Олай болуы да заңдылық, себебі ол – тұтас қазақ жұртының бағына туған азамат. Ел мәселесінде, тіл мәселесінде, қазақ руханияты мен мә­дениетін көтеруде, жастарды бі­лімге үндеуде, бәрі-бәрінде Темір­бек Жүргеновтің айшықты қолтаң­басы барын өткен тарих айғақтап тұр.
Биыл елдің ертеңіне өлшеусіз ең­бек сіңірген қайраткер Темірбек Жүргеновтің 125 жылдық мерейтойы. Жыл басынан бері атпал азаматтың өнегелі өмір жолын кейінгі буынға насихаттау мақ­сатында түрлі ша­ралар Жалағаш ауданында да өтіп жатыр. Күні кеше тағылымды шаралар қайраткердің ту­ған жері Темірбек Жүргенов ауылында жалғасты.
Иә, бұл тойға Жалағаш жұрты­ның жұдырықтай жұмылып, ауызбір­шілікпен дайындалғаны көрініп-ақ тұр. Әрбір шараның мақсатына үңілу үшін түбін түртсең, тағылым алу қиынға соқпайды. Міне, осылайша ау­дан жұрты қашанда ауызбіршілікте екенін көрсетті.


Тағылымды шаралар легі алды­мен мерейтой иесі атындағы сая­бақ­тың ашылуымен басталды. Оған облыс әкімінің орынбасары Мейрам­бек Шер­мағанбет, аудан әкімі Асқарбек Ес­жанов, облыстық мәслихат депу­таты Әмір Шаймағамбетов және басқа да арнайы шақырылған қо­нақ­тар мен ауыл тұрғындары қа­тысты. Тағылымды шарада Мей­рам­­бек Шермағанбет аудан жұр­тын Темірбек Жүргеновтің 125 жыл­ды­ғымен құттықтап, тарихи тұлғаны кейінгі ұрпаққа үлгі ету жолындағы айтулы шараның өтуіне атсалысқан аза­маттарды облыс әкімінің алғыс хатымен марапаттады.
– Темірбек Жүргенов – бүкіл түркі әлеміне ортақ тұлға. Жүрегі елім деп соққан, жазықсыз жаланың құрбаны болып өткен ердің аты өшпейді, жер бетінде қазақ халқы тұрғанда оның ісі жалғаса береді. Мүмкіндікті пайдаланып, Темірбек Жүргенов есімін ұлықтауға өзіндік үлес қосып келе жатқан «Темірбек Жүргенов» қоғамдық қорының тө­рағасы Аңсат Сәби Әбдіқадырұлы ағамыздың, Жүргеновтанушы ғалым Бауыржан Иманғалиевтің және басқа да азаматтардың еңбегін атап өткім келеді. Бүгінгі салтанатты жиын­ға келген қонақтардың қадамы құтты бол­сын, салтанатты шараға сәт­тілік тілеймін, – деді облыс әкімінің орынбасары.
«Темірбек Жүргенов» қоғамдық қорының төрағасы Сәпен Аңсат және аудандық ардагерлер кеңесінің тө­ра­ғасы Садық Әлиұлы айтулы шараның маңызын ескеріп, аз ғұ­мырда ұрпақ үшін елеулі еңбек жо­лын қалыптастырған тұлғаны құр­мет­теп жатқан аймақ басшысына, аудан әкіміне және барша жанашыр азаматтарға алғысын жеткізді.
– Ардақты азаматтың туған то­пы­рағында мерейтой қарсаңында бас қосып отырмыз. Бұл шараның өзіндік маңызы бар, жыл басынан бері қайраткер мерейтойының кең көлемде аталып өтуі де осыны айғақтап тұр. Бүгінгі мерейтой соның барлығының қорытындысы іспеттес. Темірбек Қараұлының ел үшін еткен еңбегін қалай айтсақ та артық етпейді. Жаңа облыс әкімінің орынбасары өмірбаянына кеңінен тоқталды. Бір сөзбен айтқанда, Темірбек Қараұлы өзінің өмірінде Қазақстанға төрт-ақ жылын арнады. Осы төрт жылда қазақ руханиятына, мәдениет саласына үлкен еңбек сіңірді. Бүгінгідей мамы­ражай қоғамда тәуелсіз мемлекетте бейбіт өмір сүруімізде қайраткердің қажырлы еңбегі жатыр десек, қате­леспейміз. Шараға келген қонақтарға, тағылымды әңгімелер айтқан аза­мат­тарға алғыс білдіремін, – деді ау­дандық ардагерлер кеңесінің төра­ға­сы Садық Әлиев.
Айта кетейік, қайраткердің туған жерінде Темірбек Жүргеновтің атын­да көше, мектеп-лицей мен ауыл бар. Бүгінгі тағылымға толы шара­лардың сол ауылда өтуінің өзіндік мәні бар. Қазіргі таңда елді мекенде 300-ден астам отбасы бар. 1800-ден астам халық мекен еткен қайраткер атындағы ауылдың бірлігі бекем, тірлігі тиянақты. Былтыр да елді мекеннің еңсесін тіктейтін ек­пінді жобалар бұл ауылда жүзеге асқан. Қуантарлығы, биыл да Темір­бек Жүргеновтің 125 жылдығы аясында бірқатар жоба қолдау тауып, жергілікті халық оның игілігін кө­руде. Әрбір жобаның түбін түртсең, мақ­саты қайреткер рухына тағзым ету үшін қолға алынғанын аңғарамыз.
Темірбек Жүргенов ауылында бү­гінде 90-ға жуық кәсіпорын бар. Тірк­елген кәсіпкерлік субьектісінің қазіргі таңда 99 пайызы жұмыс жасап тұр. Бұрын елді мекенде тек егін және мал шаруашылығында жергілікті тұр-ғындар кәсібін дөңгелентсе, бүгінде сала түрленген.
Биыл мемлекет және қоғам қай­раткері Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығы, қайраткердің мерейтойы бүгінде түркі тілдес мемлекеттер ара­­сында кең көлемде атап өтілуде. Туған жерінде де мерейтой иесінің 125 жылдығына орай бірнеше жоба қолға алынған. Солардың бірі – Темірбек Жүргенов атындағы саябақ. Бұл жобаға қазынадан 60 млн 444,9 млн теңге қаралған. Бүгінгі шара сол саябақтың ашылуымен басталды.
Ауыл әкімі Бауыржан Тұңғышбаев жаздай тұрғындар мұнда талдар мен жеміс ағаштарын отырғызғанын ай­тады. Саябақ құрылысы да қарқынды әрі сапалы жүргізілген. Жергілікті тұр­ғындардың бұл жерді жасыл желекке ай­налдырудағы құлшынысын баба рухына тағзым, бір жағынан құрмет әрі кейінгі буынға өнеге десе де болады.
Қайраткер атындағы ауылда мұ­нан өзге де жобалар жоқ емес. Бас­тысы, алдағы уақытта ел игілігін көрсе дейміз. Ауылда қоғам қайраткері Темірбек Жүргенов атында көше де бар. Ұзындығы 1,1 шақырымды құрайтын ішкі көшеге биыл жай жөндеу жұмыстары жүрді. Оған қазынадан 15 млн 229 мың теңге қаралған.
Шарада қонақтар мен ауыл жұрты саябақ ішіндегі Темірбек Жүргенов ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, баба рухына тағзым етті.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: