Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-2°C

, Сенбі, 07 желтоқсан, 15:31

Қамшыбек Қонқабаев бокстан әлем чемпионатына қатысады

25.04.2023

377

0

 Ташкентте өтетін бокстан әлем чемпионатында өнер көрсететін Қазақстан ерлер құрамасының құрамы анықталды. Қазір ұлттық құрама боксшылары Шымкент қаласындағы «Алма-Тау» базасында соңғы оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр, – деп хабарлайды ҚР МСМ Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Бас бапкер Мырзағали Айтжанов әлем чемпионатына қатысатын боксшылардың есімін атағаннан кейін, ақсақалдар «батасын» беріп, Қазақстан бокс федерациясының басшылығы өз тарапынан бағыт-бағдар мен нұсқауларын жасады.

Өзбекстан астанасында ел намысын қорғайтын боксшылар:

48 кг: Санжар Тәшкенбай
51 кг: Сәкен Бибосынов
54 кг: Махмұд Сабырхан
57 кг: Серік Теміржанов
60 кг: Талғат Сырымбетов
63,5 кг: Санатәлі Төлтаев
67 кг: Дулат Бекбауов
71 кг: Асланбек Шымбергенов
75 кг: Нұрқанат Райыс
80 кг: Нұрбек Оралбай
86 кг: Сағындық Тоғамбай
92 кг: Айбек Оралбай
+ 92 кг: Қамшыбек Қонқабаев

«Бұл әлем чемпионатына баратын үміткерлерді біз ұзақ уақыт әрі тиянақты іріктедік. Жыл басынан бері бірнеше оқу-жаттығу жиынын өткіздік, жігіттерді түрлі жарыстарға апардық. Әр боксшыға қатысты сараптама жасадық, сондықтан, әрқайсысының шамасын білеміз. Әлем чемпионатына бірінші рет қатысатын 3 былғары қолғап шеберіміз бар. Олар жас болса да, тәжірибесі толысқан, бокс әлемінде алар орындары бар. Халықаралық аренада намысты қолдан бермейді деген сенімдемін», – деді Мырзағали Айтжанов.

«Бапкерлік құрам боксшыларды әлем чемпионатына жақсылап дайындап апара жатыр. Дұрыс таңдау жасады деп ойлаймын. Өз кезегінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Кеңес Рақышев басқаратын Қазақстан бокс федерациясы тарапынан барлық жағдай жасалды. Боксшылар мен бапкерлер олардың өнерін бүкіл Қазақстан тамашалайтынын біледі, сондықтан жауапкершілікті түсінеді. Құрамамызға сәттілік тілейміз», – деп атап өтті Қазақстан бокс федерациясының атқарушы директоры Маратбек Мықтыбеков.

Естеріңізге сала кетсек, Белградта өткен соңғы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы 5 медаль (2 алтын, 2 күміс, 1 қола) иеленген болатын. Сербия астанасындағы жаһан біріншілігінің 3 бірдей финалисі (әлем чемпионы Сәкен Бибосынов, күміс жүлдегерлер – Махмұд Сабырхан мен Серік Темиржанов) Ташкент шаршы алаңында өнер көрсетеді.   

«Ташкенттегі әлем чемпионатына тиянақты дайындалуға мүмкіндік болғаны үшін алғыс айтамын. Бір жұдырық болып жұмылып жұмыс істесек, алынбайтын қамал жоқ. Құрамадағы жігіттер бір-бірін әрқашан қолдап жүреді. Ал мен әлем чемпионы деген атағымды қорғап қалуға барымды саламын. Мақсатым – екі дүркін әлем чемпионы атану», – деп атап өтті Сәкен Бибосынов.

Әлем чемпионатының басталуына тура бір апта қалды. Жарыс 1-14 мамыр аралығында өтеді. Ұйымдатырушылар біріншілікке 104 елден 600 аса былғары қолғап шебері қатысады деп отыр. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер 13 салмақ дәрежесі бойынша анықталады. Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) алтын медаль иегеріне 200 000 АҚШ долларын, екінші орын алған боксшыға 100 000 және екі қола жүлдегердің әрқайсысына 50 000 АҚШ долларынан береді. Чемпионаттың жалпы жүлде қоры 5,2 млн. АҚШ долларын құрайды. 

Боксшылар додасының тікелей трансляциялары Qazaqstan және Qazsport телеарналарының эфирінен көрсетіледі.

image_l.jpg.webp
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: