Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-5°C

, Бейсенбі, 12 желтоқсан, 10:00

Қауіпсіздік қаперде болсын

28.11.2023

436

0

Қазір әлеуметтік желіде жол көлік оқиғасына қатысты мәліметтер желдей еседі, тіпті адам шығынына соңғы уақытта басты себеп болып отырған осы мәселе десек, қателеспейтін шығармыз. Әлі жауын жауып, жолда жүрудің қауіптілігі туындап отырған жоқ, десе де темір тұлпар тізгіндегендердің қарапайым жол ережесін сақтамауынан айдың-күннің аманында қайғылы жағдайлар көптеп орын алуда. Мәселенің алдын алуда полиция қызметкерлері шама-шарқынша еңбектеніп-ақ жатыр, алайда әлі де елімізде жол апаты тыйылар емес.

Жалағашта да бір жылдары жол көлік оқиғасында өсім болған, бұған қатысты барлық жауапкершілікті полиция бөлі­мінің қызметкерлеріне артып қою артық. Түптеп келгенде негізінен барлық жауапкершілік сол көлік тізгіндегендердің өзінде болуы керек.
Былтырдың өзінде ауданда 10 айда 22 жол көлік оқиғасы орын алған. Соның салдарынан 24 адам түрлі дене жарақатын алса, 9 адам көз жұмды. Биыл орын алған жол апаты азайған, бірақ айтарлықтай емес. Мәселен, 10 айда ауданда 17 жол көлік оқиғасы орын алған. Салдарынан 36 адам жарақаттанып, 3 адам бақилық болды. Мәселенің алдын алуда қайтпек керек, осы жөнінде сала мамандары не дейді? Тарқатайық…
Аудандық полиция бөліміне қа­расты әкімшілік полиция бөлімінің басшысы Нұрболат Аймұратов жол көлік оқиғаларына көбіне басты себеп жүргізушілердің қарапайым ережелерді сақтамауы басты себеп болып отыр­ғанын айтады. Яғни көлік иелері «сақтансаң, сақтайтынын» қаперге ал­майды.
– Жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде әріптестерім шама-шарқынша жұмыс жасап жатыр, нәтиже де жоқ емес, бірақ әлі де сап тыйылған жоқ. Сондықтан біз бұл мәселемен күресуді күн тәртібінен түсірмейміз. «Жол апатына көбіне бас­ты себеп не?» дейсіз ғой. Қазір бұл сауалыңыздың түйінін тарқатсам, барлық жауапкершілікті жүргізушілерге жүктеп қойғандай боламын. Бірақ шындығында көлік иелері жол қауіпсіздігін сақтай бермейді. Қарапайым жол ережелеріне немқұрайлы қараудың соңы адам шығынына әкеліп жатады. Мәселен, әрбір аумақтағы жолдарда белгіленген жылдамдықтан асыруға болмайды. Өкініштісі, осыны ескере бермейді, көлік апатына көбіне осы мәселе басты себеп болып жатады. Сондай-ақ бізде мал қағу дерегі де баршылық. Тұрғындардың қорасындағы малын жайылымға бақташысыз жіберуінің салдарынан да кейде адам шығыны орын алып жатады, – дейді бөлімше басшысы.
Полиция қызметкерінің бұл сөзіне таласымыз жоқ, расында кейде, кейде емес, көбінесе жол апатына төрт түліктің жолға шығып кетуі басты себеп болып отырғанын көріп те жүрміз. Егесінде жоқ ес малда қайдан болсын, осы ретте сала сақшылары әрбір елді мекенде кемінде бір пада ұйымдастырылса дейді.
Әкімшілік кодекстің 408 бабының 1 тармағы бойынша малын қараусыз жайылымға жібергендерге арнайы жаза да бар, бірақ тек айыппұл түрінде. Мәселен, бұрын 22.00-ден кейін жолда жүрген мал иелеріне айыппұл салынса, қазір кеш қарайса болды, заң күшіне енеді. Яғни бірінші рет орын алса, 8 625 теңге айыппұл қарастырылған. Егер малдың қатысуымен жол апаты орын алса, иесіне 34 500 теңге айыппұл салынады.
Бұрын мұндай оқиғаларға қатысты сырғаланбаған, таңбаланбаған мал иелерін анықтау қиындық тудырған. Мамандар қазір бұл мәселенің де амалын тауыпты. Яғни кент іргесіндегі Бұқарбай батыр ауылынан арнайы аула белгіленген. Сонда сырғаланбаған төрт түлік қамалып, иелері анықталады және сырғаланады.
Айта кетейік, 10 айда ауданда әкімшілік кодекстің 408 бабының 1 бөлігімен 65 тұлғаға айыппұл салынған. Сондай-ақ малдың жолға шығып кетуінен 8 жол көлік оқиғасы орын алған.
– Жалпы ауданда 10 айда жол бойында 119 дерек тіркелді. Әсіресе жастар жылдамдықты асырып жүргенді құп көреді. Асыққаннан ештеңе болмайды, жаман айтпай, жақсы жоқ, тіпті сол асыққан жеріңе мүлде жете алмауың да мүмкін. Қарапайым жол ережесін сақтамаудың салдары неге ұласып жатқанын өздеріңіз де естіп-біліп отырсыздар. Сондықтан қауіпсіздік қашанда қаперде болса деймін. Малдың қатысуымен де бізде жол апаты орын алып жатады. Осы ретте халық малды жайылымға бақташысыз жібермесе деймін. Әр елді мекенде кемінде 1 пада ұйымдастырылуы керек, оның тек жол апатының ғана емес, мал ұрлығының да алдын алуға пайдасы мол, – дейді Нұрболат Аймұратов.
Бөлімше бастығы көбіне басқа да қылмыстарды анықтауға аудандағы бейнебақылау камераларының қолғабыс болғанын айтады. Қазіргі таңда ауданда 36 бейнебақылау камерасы жұмыс жасап тұр, басқа да елді мекендерді қамту үшін арнайы ұсыныс берілген.
Жергілікті полиция бөлімінің аға инспекторы Жасұлан Айтбай кентте жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде 3 маман күнделікті жұмыс жасап жатқанын айтады. Көлік тізгіндегендерге күніне шамамен 30 хаттама толтырылады екен. Ауызын бақсақ, оның да айтары сол, яғни қарапайым жұрт жол ережесін сақтай бермейді.
– Көбіне жүргізушілер қауіпсіздік белдігін тақпайды, сондай-ақ бағдар­шамға бағынбайтын көлік иелері де жоқ емес. Тіпті жолда келе жатып, күрт шешім қабылдаудың салдарынан да жол көлік оқиғалары орын алып жатады. Мәселен, жолда келе жатып, жылдам басқа көшеге түсіп кетеді, оны аңдамаған артындағысы жолынан жаңылып жатады. Енді бұған да айтарлықтай ақыл керек емес қой. Бірақ өкініштісі, осындай қарапайым ережелерді сақтамаудың соңы мәселенің туындауына себеп болып жатады. Кейбір жол көлік оқиғаларында екеуара көлік иелері келісімге келгісі келеді. Біз ондайға жол бермейміз, заң алдында жазасын алған кез келген адам келесіде сабақ алуы тиіс, – дейді аға инспектор.
Қалай десек те кінәні әрқайсысымыз өзімізден іздеуіміз керек. Сала сақ­шы­лары тек жол қауіпсіздігін реттейді. Одан кейінгісі өзімізге байланысты. Сондықтан қауіпсіздікті қаперден шығармайық.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: