Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

8°C

, Дүйсенбі, 25 қараша, 14:58

Қазақстанда орташа зейнетақы қанша

24.04.2023

352

0

Қазақстанда зейнетақының орташа мөлшері 121 мың теңгеге жуықтайды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратынша, жыл басынан бері республикалық бюджеттен 824,3 млрд теңге зейнетақы төленді, соның ішінде базалық зейнетақы – 253,1 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы – 571,2 млрд теңге.

2023 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша елімізде 2 млн 297 мың зейнеткер бар.

«2023 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 120 798 теңгені құрады, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 82 953 теңге, базалық зейнетақы – 37 845 теңге болды», – деп мәлімдеді ведомство.

Айта кетері, 2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалады.

Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады.

Егер азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60%-на тең болады. Содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2%-ға артады. Ал егер сіздің өтіліңіз 20 жыл болса, базалық зейнетақы төменгі күнкөріс деңгейінің 80 %-ын құрайды. Еңбек өтілі 30 жыл немесе одан көп болса, күнкөріс деңгейінің ең жоғарғы мөлшерінде яғни 100% белгіленеді.

Егер бір ай ішінде міндетті зейнетақы жарналары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына бірнеше рет аударылса, жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі бір айды құрайды.

Осылайша міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты және толық көлемде аударылса, зейнет жасына жеткенде базалық зейнетақының мөлшері соғұрлым көп болады.

Ал азаматтың жасына байланысты зейнетақы мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жұмыс өтіліне (кем дегенде 6 ай қажет) және зейнеткерлікке дейінгі кезеңдегі орташа айлық табысына байланысты болады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: