Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

19°C

, Сенбі, 20 сәуiр, 06:30

Қазақтан шыққан әр саланың тұңғыштары туралы білесіз бе?

16.10.2022

508

0

 «Тұңғыш» сөзі белгілі бір істі бірінші болып жасаған адамға қатысты айтылатыны белгілі. Қазақтан шыққан әр саланың тұңғыштары кім?

Бірінші хан – Керей хан Болатұлы

Қазақ хандығының негізін қалаушы ұлы екі тарихи тұлғаның бірі, алғашқы қазақ ханы. Ақ Орданың ханы Ұрыстың ұрпағы. Ұрыс ханнан Тоқтақия, одан Болат, одан Керей хан тараған. Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и Рашиди» атты еңбегінде Керей хан туысы Жәнібек ханмен бірге 15 ғасырдың 50-жылдарының аяғында Қазақ хандығының құрылуына қатысты оқиғаларда алғаш рет атала бастайды. Онда Керей хан мен Жәнібек ханның Әбілхайыр хандығынан бөлініп, Моғолстанның батысындағы Шу бойы мен Қозыбасы өңірі аралығына келіп қоныстанғаны туралы баяндалады. Бұл аймақ – сол жылдардағы Моғолстан билеушісі Есенбұға хан мен оның туған ағасы Жүніс хан иеліктерінің арасы болды.

Бірінші ойшыл – Асан Қайғы

Мемлекет қайраткері, ақын, жырау, би, философ. Әз Жәнібек ханның ақылшысы болған. Әкесі Сәбит Арал өңірінің Сырдария жағасын мекен еткен. Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, «Жеті әулие» қорымындағы Асан ата кесенесі – Асан Қайғы мазары делінеді.

Бірінші дәрігер – Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы

Еуропалықтардан бұрын оспадан вакцина тапқан. Емшілік, шипагерлік қасиет Өтейбойдаққа ата-тегінен жұғысты болған. Ата-баба әулетінің жинақтаған мол төжірибесін бойына дарыта білген Өтейбойдақ бұл салаға бар ғұмырын арнап, халық медицинасын ғылыми жүйеге келтірген. Сөйтіп шипагерліктің өз заманындағы биік деңгейіне көтеріле білген. Бүл жолда ол әл-Фараби сияқты атақ-даңқ, дүние-мүлік, бас құрап, үйлі-баранды болу дегендей, пендеге тән қасиеттердің бөрін тәрік етіп, бүкіл өмірін шипагерліктің қыр-сырын игеруге сарп еткен.

Азия мен Еуропаны аралаған бірінші саяхатшы – Қазыбек бек Тауасарұлы

Кіші Азияның ірі қалаларында болып, діни, ғылыми білім алған оқымысты, жоңғар басқыншылығына қарсы күресте қол бастаған батыр. Шыққан тегі — Ұлы жүздің Шапырашты тайпасының Асыл руынан. Әкесі Матайұлы Тауасар би болған. Баласының неге болсын қабілетті зеректігін ерте байқаған әкесі Қазыбекті бес жасында Бұхараға апарып, дін оқуына береді. Кішкентайлығына қарамай жақсы оқыған бала Қазыбек медресені төрт жылда тамамдап, елге оралады. Мұнда екі жыл ауыл балаларына дәріс береді.

Бірінші заң шығарушы – Қасым хан Жәнібекұлы

«Қасқа жол» деп аталатын заң, қазақ арасында бұрыннан қалыптасқан әдет-ғұрып ережелері негізінде Қасым хан тұсында жасалған.

Қазақша жазба әдебиеттің негізін қалаушы – Абай Құнанбайұлы

Ұстаз, ақын, ағартушы, жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер, либералды көзқарасын исламға таяна отырып, орыс және еуропа мәдениетімен жақындасу арқылы қазақ мәдениетін жаңартуды көздеген реформатор. Абай ақындық шығармаларында қазақ халқының әлеуметтік, қоғамдық, моральдық мәселелерін арқау еткен. Абай Шығыс пен Батыс мәдениетін жетік білген. Бірқатар әлем ойшылдарының еңбектерімен жақсы таныс болған. Философиялық трактаттар стилінде жазылған «Қара сөздері» тақырып ауқымдылығымен, дүниетанымдық тереңдігімен, саяси-әлеуметтік салмақтылығымен құнды.

Бірінші мұғалім, ағартушы, оқулық шығарушы – Ыбырай Алтынсарин

1860 жылы Жайықтың шығысындағы қазақтар үшін төрт бастауыш мектеп ашылған кезде, Ыбырай өзі сұранып, Торғай мектебіне мұғалім болуға рұқсат алып, сонда келеді. Бірақ мектеп бірден ашыла қоймайды. Бұл аралықта, Ыбырай ел ішінде мектептің пайдасын түсіндіріп, біраз баланы өз үйінде оқытады. Торғай мектебі 1864 жылы ғана ашылады. «Осы жылы қаңтардың 8-і күні көптен күткен ісім орнына келіп, мектеп ашылды. Оған 14 қазақ баласы кірді. Бәрі де жақсы, есті балалар. Мен балаларды оқытуға қойға шапқан аш қасқырдай қызу кірістім», – деп жазады, ол белгілі шығыстанушы, профессор Н.И.Ильминскийге жолдаған хатында.

Бірінші зерттеуші-ғалым – Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов

1856 жылы полковник М.М.Хоментовский басқарған әскери-ғылыми Ыстықкөл экспедициясына қатысып, қырғыз елін жете зерттейді. Қырғыздар мен Ұлы жүз қазақтарының тарихы, этнографиясы жайлы мәліметтер жинайды, ауыз әдебиетінің нұсқаларын жазып алады. Әлем ғалымдары арасында тұңғыш рет «Манас» эпосының ең шұрайлы бөлігі «Көкетай ханның ертегісі» жырын жазып алады. Манас – халық даналығының туындысы, барша халық ертегілерінің, хикаялары мен аңыздарының, география, дін және салт-сана, әдет-ғұрпы жөніндегі түсініктерінің энциклопедиялық жинағы – дала Илиадасы деп бағалады. Қырғыздардың көне тарихы жөнінде жазған К.Риттердің, А. Гумбольттің, шығыстанушы ғалымдар Шотт пен Клапроттың еңбектеріне сын айтады, Бұдан кейін Құлжа қаласында болып, оның қорытындысында Шығыс Түркістанның өткені мен бүгіні туралы зерттеулер жазады.

Бірінші елші, дипломат – Нәзір Төреқұлов

Мемлекет және қоғам қайраткері, публицист, алғашқы қазақ елшілерінің бірі, дипломат. Орта жүздің алты арысының бірі Қоңырат тайпасы Көтенше тармағының Маңғытай руынан.

Бірінші журналист – Нәзипа Құлжанова

1905 жылы Семей қаласындағы оқытушылар семинариясында ұстаз болған. Ұстаздық жұмысты атқара жүріп, этнография тақырыбын зерттеп, мақалалар жазып, талантын танытқан ол 1913 жылы Орыс география қоғамының Семей бөлімшесіне, «Азамат серіктестігі» ұйымдарына мүше болады. 1914 жылы 26 қаңтарда Абайдың қайтыс болуына он жыл толуына орай әдеби кеш ұйымдастырады. 1915 жылы 13 ақпанда Пертроградтағы мұсылман ауруханасы мен мұқтаж қазақ шәкірттеріне көмек көрсету мақсатында әдеби кеш ұйымдастырады. «Қазақ», «Сарыарқа», «Алаш» газеттерінде әйел мәселелеріне байланысты мақалалар жазады.

Тұңғыш кәсіби суретші – Әбілхан Қастеев

Әбілхан қолөнерге, одан соң суретшілік өнерге жастайынан бейім болған. Анасы Айғанша кілем, алаша, бау-басқұр тоқуға, сырмақ сыруға, шым ши жасауға шебер адам болыпты. Әбілхан осы халық өнеріне бала кезінен көз қанықтырып, анасына ою-өрнектер салуға көмектесіп, сурет өнеріне қолын үйретіп өседі. Оның 1930-1931 жылдары салған «Қарындастың портреті», «Автопортрет» атты туындылары тұпнұсқаға ұқсастығымен және кейіпкер болмысын ашуға деген талпынысымен ерекшеленеді.

Бірінші режиссер – Жұмат Шанин

1917 жылдан бастап Қарқаралыда, Павлодарда, Зайсанда, Семейде және ҚазАКСР ОАК мүшесі болып, т.б. қоғамдық жауапты орындарда қызмет етті. Саяси-әлеуметтік және қоғамдық істерге белсене қатысу Шаниннің ой-өрісін кеңейтіп, кейінгі режиссерлік әрі жазушылық қызметіне игі ықпал жасады. 1920 жылы Семей қаласында «Ес аймақ» труппасын басқарды. Режиссерлік өнер жолын осы труппадан бастаған Шанин халық жыры негізінде жазылған өзінің «Арқалық батыры» мен С.Сейфуллинменнің «Қызыл сұңқарларын» қойды; сонымен қатар өзі осы аталмыш спектакльдерде Арқалық батырдың және Еркебұланның рөлін орындады. Бір бөлімді «Торсықбай» комедиясы 1925 жылы Семейдің «Таң» журналында жарияланды. Бұдан кейін ол қазіргі Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрының директоры болумен қатар оның көркемдік жағын басқарды.

Шетелде қазақ әндерін алғаш орындаған әнші – Әміре Қашаубаев

Александр Затаевич Әміренің әншілік өнеріне тәнті болып, одан «Балқадиша», «Дударай», «Бес қарагер», «Көк көбелек», т.б. әндерді жазып алып, «Қазақтың 500 ән мен күйі» (1931) жинағында жариялады.

Әміренің әншілік қабілетін кезінде қазақ әдебиеті мен өнерінің көрнекті өкілдері Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин, Иса Байзақов, Әлкей Марғұлан, Жүсіпбек Елебеков, Құрманбек Жандарбеков пен Ахмет Жұбанов өте жоғары бағалаған.

Әлем чемпионы лауазымын алған бірінші қазақ – Қажы Мұқан Мұңайтпасов

Орасан күштің иесі, күрестің бірнеше түрінен әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ алыбы. Теңдессіз өнерімен жер шарын аралаған, 54 мемлекетте күреске түсіп, 48 медаль олжалаған Қажымұқандай мықты XX ғасырдың басында түркі халықтарының ішінде қазақта ғана болды. Ресейдің балуандар тобында Қажымұқаннан күші асқан ешкім болмаған.

Бірінші биші – Шара Жиенқұлова

1966–75 жылдары Алматы хореографиялық училищесінің директоры болды. Осы жылдары ұлттық би өнерін дамыту үшін ел аралап, халықтың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, халық билерін зерттеді. Соның нәтижесінде «Тәттімбет», «Айжан қыз», «Қара жорға», «Қырық қыз» билері дүниеге келді. Жиенқұлова — сахналық образдардың ішкі жан сұлулығын бидегі пластикалық шешіммен шебер шендестіре білді. Гастрольдік сапармен көптеген шет елдерде болды. 1958 жылы Мәскеуде өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысты.

Бірінші қазақ ғарышкері – Тоқтар Әубәкіров

1991 жылы 2 сәуірде Кеңес Одағы Ғарышкерлер даярлау орталығында ғарышқа ұшу дайындығына кірісіп, сол жылы 2 қазанда Байқоңырдан «Союз ТМ-13» кемесімен ғарышқа ұшты. Ғарыш кемесі жер төңірегіндегі «Мир» орбиталық кешенімен түйісті. Онда ол өзге ғарышкерлермен бірге биотехнология, металлургия, медицина салалары және Арал туған аймағы бойынша ғылыми-зертуған жұмыстарын жүргізді. Зерттеу нәтижесінде Арал үстіндегі тұзды шаң борамасының пайда болу процесі, сол зиянды аэрозолдардың Қазақстан мен Ресей аймақтарына таралуының ғарыштық суреттері алынды. Сондай-ақ Қазақстан аумағындағы атмосфераны және жер бетін зерттеу, жұлдызды аспан астрофизика бақылау жұмыстары да ойдағыдай өтті. 1991 жылы 10 қазанда Жерге оралды. Ғарыштан оралған соң Қазақстандағы ғарыштық даярлығын зерттеулердің негізін қалауға, отандық Қарулы Күштердің әскери даярлығын жетілдіруге, әскери-патриоттық тәрбие жұмыстарын жолға қоюға белсене араласты.

Олимпиадаға қатысқан бірінші қазақ – Ғұсман Қосанов

КСРО құрамында Олимпиадаға қатысқан тұңғыш қазақ желаяқ. 4×100 метрлік эстафеташылар жарысынан 17-Олимпиялық ойындардың күміс жүлдегері (Рим, 1960), КСРО чемпионатының 4×100 метрлік эстафеташылар жарысының жеңімпазы (Киев, 1960), 100 метрге жүгіруден КСРО чемпионатының күміс жүлдегері (Днепропетровск, 1966), КСРО — АҚШ матчының 4×100 метрлік эстафеташылар жарысының жеңімпазы (Киев, 1965) болды.

BUGIN.KZ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: