Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

22°C

, Сенбі, 27 шiлде, 06:22

Құрылыс сапасы басты назарда

04.08.2023

410

0

Бұған дейін «Әкім – кабинетте жұмсақ креслода отырмай, елдің ішінде жүрсе, тірлік өнімді болмақ. Өз басым кабинетте отырғаннан ауданда атқарылып жатқан жұмыстардың басы-қасында болуды жөн көремін» деген аудан әкімі Асқарбек Есжанов кентте салынып жатқан бірқатар құрылыс орындарын және әлеуметтік маңызы бар басқа да нысандарды аралап, олардың хал-ахуалын тағы бір байқап, бағамдап қайтты.

Бірінші нысан кенттегі Желтоқсан көшесі бойындағы құрылысы жүріп жатқан 160 орындық дене шынық­тыру және сауықтыру кешені болды. Мердігер мекеме «SCS инжиниринг» ЖШС жоба құны 471,6 млн теңгені құрайтын кешенді бұйыр­са, қыр­күйек айында ел игі­лігіне тап­сырмақ.

Иә, 2021 жылы бас­талған нысан құ­рылысының мерзі­мі­нен кешігіп жатқаны жасырын емес, осы ретте ау­дан әкімі жаңа оқу жылына дейін құрылыс жұмыстарын толық аяқ­тауды мердігер мекеменің өкілі Асхат Жұмадулаевқа қатаң тапсырды.

Бүгінде кенттегі тұрғын үйлердің барлығыдерлік көгілдір отынға қо­сылды деуге болады. Дегенмен әлі де бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында биыл көгілдір отынның игілігіне қол жет­кізетіндердің қатарында «Нар­кес­кен» спорт клубы мен аудандық кітап­хана бар. «Қыстың қамын жаз ойла» деген тәмсілді ойдан шығар­майтын өңір басшысы аталған ны­сан­дардың алдағы жылу маусымына дайын­дығын тексерді.

Аудандық кітапхана ғимаратын көгілдір отынға қосу жұмыстарының бүгінде 95 пайызы аяқталған, мер­дігер мекеме өкілі Бауыржан Қайыр­лаповтың берген уәдесі бойынша тамыздың 6-сына дейін жұмыстар толық аяқталады. Ал «Наркескен» спорт клубы бойынша жұмыстарды тамыздың 15-іне дейін тәмамдауға уәдесін берді. Аудан әкімі өз ке­зе­гінде жауапты мердігерге «жыл­дам тапсыру керек екен» деп жұмысты сапасыз істеуден аулақ болуды қатаң тапсырды.

Жаңа оқу жылының басталуына да санаулы күндер қалды. Осы ретте Асқарбек Темірбекұлы Әл-Фараби атындағы №201 мектеп-лицейінің жаңа оқу жылына дайындығына шолу жасады.

Сыйымдылығы 1076 орын­дық 3 қабатты мектеп тип­тік жобада салынған. Былтыр бі­лім ошағында 934 оқушы білім ал­ды. Мектепалды даярлық то­бын­да 75 бала қамтылды. Мектеп ғима­­­ратының сырты биыл 3,5 млн тең­геге боялып, жаңаланған. Ал жылу беру маусымына дайындығына тоқ­тал­­сақ, мектеп сужаңа 2 дана жылу қазандығын алып, орнатқан. Сон­дай-ақ мектепте әр сыныпқа оқу­шының керек оқу құралдарын қоя­тын сөрелер қойылған.

Аудандық білім бөлімінің бас­шысы Талғат Садықовтың ай­туын­ша, барлық білім ошағы жаңа оқу жылына сақадай сай. Аудан бойынша 1000-нан аса оқу партасы, 250 дана тақта, оның ішінде сенсорлы тақтасы бар жаңа­дан сатып алынған. Аудан әкімі жауапты қызметкерлеріне тағы да білім ошақтарының жаңа оқу жылына дайындығын мұқият пысық­тап шығуды тапсырды.

Өздеріңізге белгілі Дәуімбай елді мекенінде халықтың әлеуметтік жағы­нан осал топтарына 50 тұрғын үйдің құрылысы басталған болатын. Сапар барысында Асқарбек Темірбекұлы іргетасы қаланған әрбір үйді жеке-жеке аралап, құрылыс жұмысымен танысты. Бүгінде 26 тұрғын үйдің қабырғасы қаланып, іргетасы құйыл­ған. Алдағы уақытта 18 үйдің құры­лысы басталмақ. Бұйырса, күзде дайын үйлерді сатуға шығару жос­парланған. Ауданы 60 шаршы метр болатын тұрғын үйлердің сапасы көңіл көн­шітеді, еңсесі биік, іші кең, ауыз су мен көгілдір отын да келіп тұр.

Өңір басшысы Ақсу ауылына кіре­беріс жолдың жай-күйімен де танысты. Иә, Ақсу ауылының аудан орталығымен байланыстыратын ав­то­мобиль жолы тозығы жетіп, талай жылдан бері жөндеу жұмыстарын қажет етіп келген болатын. Осыған байланысты биыл бюджеттен қаржы бөлініп, жазда жөндеу жұмыстары басталып кетті. Дегенмен мердігерлер тарапынан олқылықтар туындап, жұмыс барысы ақсулықтардың көңіл күйін түсіргені жасырын емес. Бір қуантарлығы, аудан әкімі туындаған мәселені дереу жеке бақылауына алып, аз уақыттың ішінде оң шешімін тапты.

Бүгінде жөнделуі керек 2,33 шақырымға толықтай асфальт жа­бын­дысы төселген. Жол бойы теп-тегіс, ең бастысы, бұрынғы ой-шұңқырлар жоқ. Мердігердің айтуынша, осы аптаның соңына дейін жол жөндеу жұмысы 100 пайызға орындалатын болады.

Аудан әкімі Асқарбек Есжанов жалпы іс-сапар барысында қамтылған барлық нысандар бойынша жауап­ты мердігерлер мен тиісті сала бас­шыларына құрылысты уақытында аяқтап, сапасына жауапкершілікпен қарауды жүктеді.

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: