Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-4°C

, Сейсенбі, 24 желтоқсан, 00:23

Қызылорда облысында безгек ауруы ушығып тұр: Мамандар кене шаққан жағдайда не істеу керектігін айтты

29.07.2022

925

0

Қызылорда облысының дәрігерлері аймақта конго қырым-геморрагиялық безгегіне қатысты эпидемиологиялық ахуалына байланысты дабыл қағуда. Жыл басынан бері төрт тұрғын аталған дерттен көз жұмса, оның бірі жасы кәмелетке толмаған бала Кенелердің көбеюіне не себеп болды? Осы сұрақтың жауабын Stan.kz тілшісі іздеген болатын.

Қызылорданың халқы, әсіресе ауыл тұрғындары аймақтағы жағдайға байланыстты қатты алаңдаулы. Төрт түлікті түлетіп, жан бағып отқан жандар кенеден қауіптеніп отыр. Себебі мамандар жүргізген залалсыздандыру шаралары зиянкестерді толықтай құртуға қауқарсыз болып тұрған көрінеді.

«Мал қорада кене өте көп. Өрісте жайылып келген малмен де келеді, үстімізге жабысады. Үйге сырт киіммен кірмейтін болдық, есіктің алдында киім ауыстырамыз. Балаларымыз үшін алаңдаймыз. Өз күшімізбен улаған кездеріміз де болды, бірақ арнайы препараттардың күші жетпей жатыр», – дейді ауыл тұрғыны Шолпан Жандарбекова.

Жыл басынан бері өңірде 601 адамды кене шаққан. Сала мамандары 33 науқас конго қырым-геморрагиялық безгегіне шалдығуы мүмкін деп тіркесе, оның 14 зертхана арқылы нақтыланған. Қауіпті кеселден ауруханада ем алып жатқандар да бар.

«Конго қырым-геморрагиялық безгегі – өте жұқпалы дерт. Сол себепті науқастарды арнайы бокс бөлімшесіне оқшаулаймыз. Мамандар қорғаныш киімдерін киіп, медициналық көмек көрсетеді. Ем алушы жақындарымен кездесе алмайды. Бұл өте қауіпті», – дейді Қызылорда облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бөлімше меңгерушісі Гүлжауһар Сүгірбаева.

Дәрігерлердің айтуынша, кене шаққаннан кейін дереу мамандарға қаралу қажет. Бастапқыда жәндік шаққан жер қызарып ісінеді екен. Арада 2-3 күн өткен кезде науқаста тұмаудың белгілері байқала бастайды. Қауіпті кеселге шалдыққан жанның басы айналып, бұлшық еттері ауырсынады. Мұрыннан қан кетуі де мүмкін, денеде түрлі бөртпелер шығып кетеді. Мұндай белгілерді байқаған кезде дереу «Жедел жәрдем» шақырып, дәрігерлерге көрінген дұрыс.

«Конго қырым-қанды безгегі кезінде адамның әр ағзасынан қан кету байқалады. Бұл басты белгісі деп айтсақ та болады. Тісі қанауы мүмкін, жатырынан, асқазанынан қан кетуі ықтимал. Сонымен қатар, денеде көгерулер пайда болады. Бастапқыда біз науқасты 10 күн бақылауға аламыз, арнайы талдамалар жүргізіледі. Егер нәтижесінде науқастың қанындағы тромбоциттер саны төмен болса, тиісті ем-шараларын жүргіземіз. Бұл ауруды асқындырып алмау өте маңызды», – дейді дәрігер Гүлжауһар Сүгірбаева.

Мамандар кенеден қорғану үшін сақтық шараларын ұмытпауды ескертіп, ауру белгілері байқалған кезде дереу дәрігерге жүгіну қажет екенін айтады. Бұған қоса мамандардың көмегімен немесе өз мүмкіндігінше қарай залаласыздандыру жұмыстарын жүргізіп, қораға кіргенде немесе табиғат аясына шыққанда жеңі мен балағы ұзын киімдер кию қажет дейді. 

Қазіргі таңда облыс аумағында кене шағып, қауіпті дертті жұқтыру салдарынан төрт адам көз жұмды. Оның үшеуі 50 жастан асқан азаматтар болса, біреуі жасы кәмелетке толмаған жасөспірім. Марқұмдар егін және мал шаруашылығымен айналысқан. Эпидемиолог мамандардың айтуынша, биыл адамдарды кене шағу фактілері үш есе артқан көрінеді. Зиянкестінің ерте оянып, қауіп төндіруіне қолайсыз ауа райы негізгі себеп болып отыр. Дәлірек айтқанда қыстың жылы болуы кесірін тигізуде.

«Өткен жылы аймағымызда 113 елді-мекен конго геморрагиялық қызбасына қауіпті аймақ деп танылса, биыл олардың саны 116-ға жетіп отыр.  Бізде ағымдағы жылы  мүлдем қыс болған соң, сол себепті кене өте көп. Кенелердің даму циклында ешқандай демалыс болған жоқ. Соңғы ақпарат бойынша, жыл басынан бері 600 адамды кене шаққан, ал 2021 жылдың осы кезінде 238 тұрғын ғана зиянкестінің шағуынан медициналық көмекке жүгінген болатын. Қазіргі уақытта кенелермен күрес жүргізіп жатыр», – деп мәлімдеді Қызылорда облыстық санитарлық эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.

Бүгінгі таңда қауіпті аймақтарды залалсыздандыру шаралары ұдайы жүргізілуде. Мамандар мүмкіндігінше қайғылы жағдайларды алдын алуға тырысып жатырмыз деп сендірді.

stan.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: