Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

7°C

, Жексенбі, 24 қараша, 15:58

Қызылордада татуласу орталығы ашылды

27.07.2022

704

0

Медиация – әлем елдерінің тәжірибесінде қалыптасқан институт, заманауи демократиялық қоғамның бір көрінісі. Бұл бағыт бойынша елімізде 2011 жылы қабылданған Медиация туралы Заң ата-бабадан өнеге болған дауды шешу дәстүрін қайта жаңғыртып, жаңа серпін берген болатын.

Жалпы облыс көлемінде кәсіби және қоғамдық медиаторлардың саны жыл сайын артып келеді. Бүгінде олардың саны мыңға жуықтаған. Ал Қызылорда қаласында орналасқан Достық үйінде 2016 жылдан бастап Медиация кабинеті жұмыс істеуде. Этномедиация бағытында 45 медиатормен әріптестік байланыс орнатылған.

Осындай игі істердің жалғасы ретінде бүгін сотсыз татуласу орталығы өз қызметін қайта бастады. Аймақ басшысының қолдауымен қайта жандандырылған орталықтың таныстырылымында облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы М. Қазбекова медиация саласының қоғамдық өмірдегі маңызына тоқталып, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында дауларды шешудің баламалы тәсілдерін дамытуды, медиация саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіруді тапсырғанын жеткізді.

Облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы М. Қазбекова

«Бітім» медиация орталығы» қоғамдық бірлестігі үйлестіретін татуласу орталығы тұрғындарға даулар мен жанжалдарды бітімгершілік рәсімдері арқылы шешуге мүмкіндік береді. Тараптардың татуласуына, сенімді диалог пен өзара тиімді шешімдер қабылдауына ықпал етеді.
Орталықтың сотқа дейінгі келісім жасау арқылы соттардың жүктемесін азайтуда, медиациялық көмекке жүгінетін тұрғындардың үлесін арттыруда маңызы зор.

Медиация орталығында тұрақты негізде кәсіби медиаторлар, психолог мамандар жұмыс жасайды. Олар облыс тұрғындарына құқықтық, өмірлік қиын жағдайда қалған тұрғындарға психологиялық кеңес береді.

Келіспеушіліктің санатын анықтаудан бастап, медиатор таңдау, татуласу рәсімдерін өткізу мен келісім шарт жасауға дейінгі тиісті қызметтер көрсету арқылы келіспеушіліктердің тез және сапалы шешілуін қамтамасыз етеді.

Мекемелер мен кәсіпорындардағы заңгерлерге оқыту курстары өткізіледі. Бұл соңғы кезде белең алған өндірістік мекемелердегі еңбек дауларын алдын алуға, қызметкердің құқықтық сауаттылығын жетілдіруге жол ашады.

Бұған қоса, қала және аудан орталықтарында кәсіби және қоғамдық медиаторларға көшпелі семинарлар ұйымдастырылып, елді мекендерде азаматтардың құқықтары мен міндеттері туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, құқықтық кеңестер беру жұмысы тұрақты жүргізілетін болады.
Атап өту керек, жоба бойынша ұсынылатын барлық қызметтер тұрғындарға тегін.

Kyzylorda-news.kz.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: