Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған делегацияның Корея Республикасындағы іссапары Сеул Ұлттық ғылыми-техникалық университетінің Президенті Ли Донг Хун мырзамен кездесумен жалғасты.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың білім сапасын арттыру үшін әлемдегі озық жоғары оқу орындарының филиалдарын елімізде ашуды тапсырғаны белгілі. Бұл ең алдымен білікті мамандарды оқытып шығаруға, жоғары технологияларды игеруге жол ашады.
Корея – білім және ғылым, биотехнология, медицина, жасанды интеллект салаларында алдыңғы қатардағы мемлекеттердің бірі. Делегация мүшелері білім және ғылым салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға аса қызығушылық танытатынымызды атап өтті.
Қазақстан мен Корея арасында жоғары білім саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту үшін биыл Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі жетекші университеттік жоба әзірленді. Жоба Корея Республикасының Үкіметінде мақұлданып, Білім министрлігінен гранттық жоба ретінде 1 млрд теңгедей қаржы бөлінеді.
Жоба аясында Қорқыт Ата университетінде жасанды интеллект мектебінің құрылуы – тек Қызылорда облысының ғана емес, жалпы еліміздің білім саласындағы үлкен жетістік.
Нәтижесінде өңірімізде IT технологиялар, киберқауіпсіздік және компьютерлік ғылымдар бойынша білім беріледі. Облыс әкімдігі өз кезегінде бұл жобаның өңірімізде сәтті іске асырылуына жан-жақты қолдау көрсетеді.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев екі білім ордасы арасындағы ынтымақтастық білім және ғылым саласындағы жаңа ғылыми жетістіктерге жол ашатынын атап өтті.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!