Елімізде спортқа ерекше көңіл бөлініп отыр. Нәтижесінде спортшыларымыз облыстық, республикалық жарыстарда топ жарып, үздік нәтижеге қол жеткізіп жүр. Әрине, бұл ретте жастардың бос уақытын тиімді өткізуге сеп болған үйірме мен спорт мектептерінің үлесі басым екенін жоққа шығара алмаймыз. Осы ретте кеше Мәдениет ауылындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне арнайы барып, ауыл жастарының спорттағы жетістіктері мен алдағы додаларға дайындық барысымен таныстық.
Бізді спорт мектебінің оқу ісі жөніндегі орынбасары Базарбек Әбенов ұжымның тыныс-тіршілігімен, спортшылардың жеткен жетістігімен таныстырды. Заман талабына сай бой көтерген нысанын біріздендіруге, мекеменің материалдық-техникалық базасын жаңартып, спортшылардың облыстық, республикалық додаларға қатысуына жергілікті биліктен үлкен қолдау бар.

– Спорт мектебінің филиалдары өзге ауылдарда бар. Яғни Мәдениет ауылындағы №14 балалар жасөспірімдер спорт мектебіне қарасты Бұқарбай батыр ауылында еркін күрес, Аламесек ауылында қол добы, Еңбекте волейбол, бокс, Мырзабай ахун ауылында бокс, таеквандо, Жаңаталап ауылында дзюдо, Мақпалкөл ауылында қазақ күресі, кикбоксинг, Аққыр ауылында ауыр атлетика спорт үйірмелері жұмыс жасайды, – дейді Базарбек Әбенов.
Бұл ауыл балаларының спорт саласында жетістікке жетуге жасалған үлкен мүмкіндік екені даусыз. Айта кетейік, аталған ауылдардағы спорт үйірмелері 692 шәкіртті байрақты бәсекеге дайындап, аудан қоржынын түрлі медальдармен толықтыруда. Мәселен, мұндағы 9 спорт түрі бойынша 80-ге жуық жасөспірім спорт шеберіне үміткер атағын орындаған. Ал І-ші разрядты 40 спортшы бар.
Біз табан тіреген Мәдениет ауылында қазіргі таңда бокс пен дзюдо үйірмесі тұрақты жұмыс жасауда. Бокс үйірмесінің жаттықтырушысы Болатбек Оралжанның бұл үйірмеде шәкірт шыңдағанына 10 жылдан асқан. Осы жылдар ішінде ол үйірмеден 1 спорт шебері, 51 спорт шеберіне үміткер, 20-ға жуық І-ші разрядты спортшы шығарған. Айтуынша, қазіргі таңда үйірмеде 8 жастан 16 жасқа дейінгі 28 бала бар. Қазіргі таңда олар облыс біріншілігі мен халықаралық турнирлерге тыңғылықты дайындық үстінде. Білікті жаттықтырушының мақтан тұтар шәкірттері жетерлік. Соның бірі – Думан Кенжебек. Ол 4-ші сынып оқушысы.
– Жаттықтырушымның шақыртуымен бұл үйірмеге былтырдан бастап қатысып келемін. Қамшыбек Қоңқабаев, Бекзат Саттарханов ағаларым секілді мықты боксшы болып, әлемдік деңгейдегі жарыстарда жеңіс тұғырынан көрініп, елімнің көк туын желбіреткім келеді, – дейді жас спортшы.
Бір қызығы, Думанның бұл спортпен шұғылданғанына әлі бір жыл толмаған. Әйтсе де ол өзінің мықтылығын жақында Алматы қаласында өткен республикалық турнирде дәлелдеп, І орын алып, «Үздік боксшы» номинациясын иеленген. Бокстан бөлек жас спортшы, мектептегі волейбол үйірмесіне де қатысады.
Думанмен қатар Алматыда өткен республикалық турнирде үйірменің тағы бір қатысушысы Алпысбай Санжар І орын, Бисенбай Мирас ІІІ орын иеленген.
– Өзім бұл спорт түріне 6-шы сыныбымда келдім. 2004 жылы алғашқы жаттықтырушым осындағы Базарбек ағай болды. Ал 2005 жылдан 2010 жылға дейін Қызылорда облыстық дарынды балаларға арналған Жалантөс Баһадүр атындағы мектеп интернатында білім алдым. 2009 жылы ҚР жазғы спорт ойындарында ІІІ орын иелендім. Шәкірттерімнің спортқа деген құлшынысын арттыру мақсатында 2019 жылы Қамшыбек Қоңқабаевпен, ал былтыр Париж Олимпидасының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбаймен арнайы кездесу ұйымдастырдым. Болашақта ел намысын қорғайтын жас спортшылармен кездесу барысында Нұрбек өзінің спорттағы жетістіктері мен қызықты сәттерімен бөлісіп, жастардың бірқатар сауалына жауап берді, – дейді жаттықтырушы.
Білікті бапкердің алғашқы шәкірттері Махан Нұрымжан, Жұбатқан Ершат, Андрей Асхат, Ысқақ Руслан, Мадияр Айдосұлы, Бекарыс Көрегенұлы, Айдос Қасқырбай сынды спортшылар республикалық және халықаралық жарыстардың жүлдегері атанған. Оның ішінде Мадяир Айдосұлы – аудан тарихында алғаш рет бокстан ҚР спорт шебері нормативін орындаған алғашқы боксшы. Ал Руслан Ысқақ бапкерінің жолын жалғап, Еңбек ауылында жаттықтырушы қызметін атқаруда.
Аталған спорт мектебінің қай спорт түрін алып қарасаңыз да жаттықтырушылары өз ісінің нағыз шебері екенін аңғардық. Мәселен, мұндағы дзюдо үйірмесінің жаттықтырушысы Гүлдана Қаппарова 15 жылдан бері аталған спорт түрінен шәкірт шыңдауда.
– Қазіргі таңда менде жас ерекшелігіне қарай үлкен және кіші екі топ бар. Екі топтың барлығын қосқанда 22 жас спортшы бар. Менен бөлек дзюдо үйірмесін тағы екі жаттықтырушы жүргізеді. Оларда 30-ға жуық бала бар. Жалпы барлық топты қосқанда үйірмеге 50-ден аса бала келеді. Олардың арасында 4 ҚР чемпионы, 1 Азия чемпионы бар, – дейді дзюдо үйірмесінің жаттықтырушысы.
Айта кетейік, жаттықтырушы Гүлдана Қаппарова да – ҚР спорт шеберіне үміткер. Сондай-ақ жеңіл атлетикадан ҚР чемпионы. Әкесінің қолдауымен бастапқыда каратэ, таеквандо, содан кейін дзюдоға келген.
Тізе берсек, аталған спорт мектебіндегі спортшылардың жетістігі аз емес. Әрине, бұл – жас спортшылардың тыңғылықты дайындығы мен күндіз-түні чемпион шығаруды мақсат еткен бапкерлердің ерен еңбегінің жемісі. Аталған спорт мектебінің бүгінгі тынысы мен жетістігі осындай. Алдағы уақытта да спортшылардың жеңіске толы күндері жалғасын тауып, аудан мерейін үстем ете беретініне сеніміміз мол.
Сезім НҰР
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!