Сыр өңіріндегі ырысы артып, береке-бірлігі көпке үлгі болған мекеннің бірі – Жалағаш ауданы. «Ақ күріштің Қостанайы» атанған Жалағаштың диқандары бейнеттің зейнетін көріп, ырзығын ысырапсыз жиып алды. Дала дарабоздары ел ризығын молайту жолында аянып қалмады. Ал мұның бәрі, аудан жұртшылығының ынтымақ, бірлігінің жемісі екенін айта кеткеніміз дұрыс.
Жалағаштықтар үшін биыл қос тойы қабат келген берекелі жыл болды. Алажаздайғы адал еңбектің нәтижесін, жемісін көретін шақ – күз мезгілі де келіп жетіп, толайым табыстарға қол жеткіздік. Өткенде жалағаштықтар екі күн бойы қос мерекені қатар тойлаған еді. «Алтын дән – 2022» салтанатты шарасында еңбек озаттарына құрмет көрсетілсе, он жылдан аса уақыт араға салып айтулы мерекелер қатарына қайта жайғасқан Республика күніне орай аудан тұрғындары үшін ерекше шаралар ұйымдастырылған болатын.
Енді міне қазақстандықтар үшін маңызды күн – Қазақстан Республикасы Президенті сайлауы науқаны күні бақша өнімдеріне арналған жәрмеңкеде ұйымдастырылып, бұған дейінгі жәрмеңкелерде мүмкіндігі болмаған аудан тұрғындары үшін тағы да ұйымдастырылған еді. Иә, қыс қамын жазда ойлайтын халық үшін күзгі жәрмеңкелердің тиімді тұсы көп-ақ. Жалағаштықтар асыға күткен жәрмеңкеде бақша өнімдерінің барлық түрі сатылымда болды. Әсіресе базар нарығынан 15-20 пайызға төмен бағамен сатылған ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныс өте жоғары болды деуге болады. Өйткені жәрмеңке болатын күні халық арнайы орынға ағылып, картоп, сәбіз, пияз секілді өнімдерді қаптап сатып алып жатты. Сатылымда болған ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасы мен бағасының тұрақтылығында ешқандай кемшілік болмағанын байқадық. Өйткені жәрмеңкеде кезіктірген әр тұрғынның ризашылығын естіп, сатушылардың көңілдері тоқ екенін де бағамдадық.
Сайлау науқаны күні жәрмеңкеде сөредегі өнімдер бағасымен өзіміз де танысып шықтық. Расында базар бағамынан төмен. Халық та риза, сатушыда да өкпе жоқ. Алдымен сайлау учаскесіне барып өз таңдауын жасап, жәрмеңкеде сауданың көркін қыздырғандар қатарында Асанәлі Арапбаев та бар. Ол сол күнгі жәрмеңкеде қыстық азығын қамдап алыпты. Көлігінің артындағы өнімдерге қарасақ, әсіресе ол бақша өнімдеріне басымдық беріпті.
– Бұл өзі жақсы шара болды. Сайлау учаскесінде таңдау жасап, шыққасын сауда жасап жатырмыз. Орталық алаңда түрлі спорттық шаралар өтіп жатыр. Барлығы керемет, тура бір сайлау емес, ауданда мерейтой өтіп жатқан секілді. Бастысы халықтың белсенділігі байқалады, – дейді кент тұрғыны.
Ал сапалы өнім әрқашан сұраныстан түспейтінін жеткізген кент тұрғыны С.Қайратқызы болса бұған дейінгі жәрмеңкелерде ала алмаған өнімдерін осы жәрмеңкеде сатып алып, қысқа толықтай дайынбыз деп отыр.
«Өткенде де алтын дән мерекесі қарсаңында жәрмеңке ұйымдастырылды. Ол кезде де ауыл шаруашылығы өнімдерінен шамамыз келгенше сатып алдық. Бағаның көңілге қонымдылығы, өнімнің сапасы көңілімізден шыққан еді. Қамбаға құйылған астықтың сапалы болуы, берекелі болуы сол еңбеккерлерге байланысты ғой. Мен аудан диқандарының алажаздайғы адал еңбектеріне алғыс айтар едім. Дала дарабоздарының ысырапсыз жиған өнімінің мол болғандығынан ауданда жәрмеңке қайта-қайта ұйымдастырылуда. Мұның өзі біз үшін үлкен мүмкіндік деп ойлаймын. Өйткені алдыңғы жәрмеңкеде ала алмаған өнімдердің барлығын бүгін алып отырмыз. Енді қысқа толықтай дайынбыз» дейді.
Жәрмеңкеге келушілердің барлығы дерлік бағаның арзан екенін және ұсынылған өнімдердің сапасын атап өтеді. «Мен зейнеткермін және азық-түлік өнімдерінің бағасы маған өте қолайлы, өйткені барлық өнімдер қолжетімді. Мұнда барлық қажетті өнімдер ұсынылған. Әсіресе халыққа қажетті картоп, пияз, сәбіз секілді өнімдер нарықтағы бағадан әлдеқайда төмен екен. Таң азанымен жалағаштықтардың жәрмеңкеге келуі ауыл шаруашылығы өнімдерінің, шаруашылық еңбеккерлерінің еңбегінің жемісті екеніне дәлел десем болады. Алажаздай еңбек етсең, адал еңбегің жемісін беріп мол өнімге қол жеткізсең, сол еңбегіңнің нәтижесі өзгелерге де пайдалы болып жатса одан асқан жақсылық бар ма?! Аудан орталығында жыл сайын осындай жәрмеңкелер өткізілетініне, бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса беретініне сенеміз», – деген кент тұрғыны, М.Дәндібаев жасы сексеннен асқан ақсақал болса да ауыл шаруашылығы өнімдерін өзі сатып алуға келіпті.
Айта кетейік, жексенбі күнгі жәрмеңкеге жергілікті шаруашылықтар 45 көлікпен 162 тонна ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізген. Жалпы құны 45 млн теңгеден асатын ауыл шаруашылығы өнімдері жалағаштықтарға нарықтан 10-15 пайыз төмен бағада ұсынылды. Ал сапалы өнімнен алып, қыс азығын қамдаған аудан тұрғындары болса, еңбеккерлердің еңбегіне алғысын айтып, шараны ұйымдастырушыларға да дән риза болды.
Н.АЛМАСҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!