Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-4°C

, Сәрсенбі, 11 желтоқсан, 13:51

Сақтық шаралары аурудың алдын алады

20.06.2023

462

0

Адам өміріне қауіп төндіретін ауру түрлері өте көп. Қарапайым жәндіктердің өзі адам өмірін қиып, қайғыға душар етуі мүмкін. Сондай-ақ кей ауру түрлерінің жұғу түрлері өте қарапайым әрі тез болғандықтан қанша адам денсаулығынан айырылып жатады. Өйткені ағзадағы ауруды әбден асқынғанша байқамауы мүмкін. Сол себепті де медицина мамандары сау адамның өзіне жыл сайын, тіпті жылына екі рет толық медициналық тексерулерден өтуіне кеңес береді.

Қазіргі кезде жаз айларында өр­шитін аурудың да түрлері көп. Бұған дейін тасымалдаушысы кене болатын конго-қырым қандыбезгегі турасында сөз еткен едік. Енді Жа­лағаш аудандық СЭБ басқарма бөлім басшысы Г.Жал­ғасова бри­финг өткізіп, жұқ­па­лы жедел ішек ау­ру­ларының алдын алу, аурудың бел­гілері туралы кеңінен ақ­парат берді.
Негізі жұқпалы жедел ішек ауру­­лары әлемде кең тараған жұқ­палы ауру­лардың қатарына жа­тады. Бар­лық аурулардың ішінде респи­ра­торлық жұқ­­палы аурулардан кейінгі 2-ші орын­­ды алады. Жедел ішек ауруы­мен ауырғандардың 60 пайызын ба­ла­­лар, оның басым бөлігін 2 жасқа дейінгі сәбилер құрайды. Жаз, күз мез­гілдерінде жіті ішек жұқпаларымен ауыратын науқастар саны көбейе тү­седі. Өйткені бұл мезгілдерде ауа-райы­ның жылып, күннің ыстық болуы ауру қоздырғыштарының сақталып қа­на қоймай, тез бұзылатын тағам түрлері ет, сүт, балық өнімдерінде, салаттар­да, кремді, кондитерлік өнім­дерде кө­бейе түсуіне қолайлы әсер етеді. Со­ны­мен қатар жаз, күз мезгілдерінде топырақпен, тыңайт­қыштармен ластан­ған көкөніс, жеміс-жидектерді жумай жеу аурудың көп­теп тіркелуіне себеп болады.
– Ауданда қаңтардан осы уақытқа дейін жұқпалы жедел ішек инфекциясының алғашқы диагнозымен 38 науқас тіркелді. Өт­кен жылдың осы кезеңінде 24 науқас тіркеліп, биыл сырқат­та­­ну жағдайы 1,3 есеге өскені бел­гілі болып отыр. Әсіресе аталған ау­ру­мен ауырғандардың саны мамыр айынан бастап күрт өскені бай­қалуда. ЖЖІИ-дің зертханалық жол­мен нақтылануы 2,6 пайызды ғана құ­рады. «Регрессия» есебімен қысқа мер­зімді болжам жасау нәтижесімен аурушандық жыл аяғында 9,9-81,0 ара­лығында қалыптасып, аудандағы ЖЖІИ-дің эпидемиологиялық ахуалы «қанағаттанарлықсыз» болып отыр.
Сонымен бірге осы жылы тіркелген ЖЖІИ аудандағы 100 мың халыққа шаққандағы көрсеткіші 89,1 құрады. Ал ЖЖІИ-ның 78,9 пайызы – 14 жасқа толмаған балалар. Оның 23,3 пайызы – 1 жасқа толмаған нәрестелер, 30 пайы­зы 1 және 23,3 пайызы 2 жас­тағы нәрестелер арасынан тір­ке­ліп, 2 жасқа дейінгі балалардың ауру­шаң­­дығы белең алды. Тіркелген ЖЖІИ науқастардың басым көпшілігі, яғни 73,63 пайызы кент тұрғындары арасынан, қалғандары Мәдениет, Есет батыр, Бұқарбай батыр, Аққұм және Ақсу ауылдарынан, – деген маман аурудың алғашқы белгілерінен де толығырақ хабардар етті.
Брифингте айтылған мәліметтерге сүйенсек, жұқпалы жедел ішек ин­фекциясының алғашқы белгілеріне іштің жиі су сияқты өтуі, дене қызуының көтерілуі, нәрестенің емуден бас тар­туы, асқа тәбетінің болмауы, шөл­деу, құсу, бас ауру, жалпы әл­сіздік, селқостық, мазасыздық, ауыр­сыну, дәретінде қан қоспасының немесе кілегейдің пайда болуы жатады. Нау­қаста қайталамалы құсу орын алып, іш өткен сайын баланың жағ­дайы ауырлай түседі. Өйткені ағза өз тір­шілігіне қажетті су мен тұздарды көп жоғалтады. Жоғарыдағы аталған кли­никалық белгілер пайда бола бас­тағаннан дәрігерге көріну керек. Мұн­дай кезде дәрігер келгенше немесе жеткенге дейін біраз уақыт ке­теді. Сондықтан мүмкіндігінше ем жасай бастаған жөн. Ол үшін сұйық­тықты молынан көбірек ішкізген жөн. Маманның сөзінше, өздігінше ем­делу аурудың асқынуына әкеліп соғуы да мүмкін, тіпті созылмалы фор­ма­ларына ұласуы да ғажап емес.
Жалағаш аудандық СЭБ басқарма бөлім басшысы Г.Жалғасова бри­финг барысында жұқпалы жедел ішек ауруларының алдын алу шараларына тоқталды. Қашаннан «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дей­міз ғой, бірақ өз айтқанымызбен өзіміз келіспей, денсаулығымызды на­­шарлатып алып жатамыз. Бар­лығы немқұрайды қараудан, салғырт­тықтан болатыны даусыз. Ал нау­қастары саны бойынша алдыңғы тізімде тұрған жұқпалы жедел ішек инфекциясының алдын алу шара­лары аса қиындық туғызбайды. Мә­селен, сәбилерді 1 жасқа дейін тек қана ана сүтімен қоректендіру, жеке бас тазалық шараларының қара­пайым қағидаларын сақтау, суды тек қайнатылған түрде, сүтті пісіріп ішу, көкөністер мен жеміс жидектерді мұ­қият жуу, қайнаған сумен шаю, ас дайын­дауға, ыдыс жуу және ауыз су үшін ашық су көздерін пайдаланбау, дайын­далған тағамдарды ашық қал­дырмау, исі, дәмі, сақтау мер­зімі бұзылған азық-түліктерді пайдалан­бау, тез бұзылатын тағамдарды тоңа­зытқышта сақтау, жиналып қалған лас- қоқыстарды уақытылы тазалап отыру, ауру тасымалдаушы болып табылатын шыбындарға қарсы есік, терезелерді торлау, әртүрлі дәрілерді пайдалана отырып жою, балаларды әрбір тамақтандырар және тамағын дайындар алдында қолды жақсылап сабындап жуу керек, оның әрбір затын, ойыншықтарын, бөтелкесі мен емізіктерін таза жағдайда ұстау атал­ған дерттен сізді сақтайды. Ең бас­тысы ішек инфекцияларының алдын алу үшін жеке бас тазалығын қатаң сақтаңыз.
Ал «Жұқпалы жедел ішек ауру­лары асқазан-ішек жолдарының қа­бынуымен сипатталатын патогенді, шартты патогенді бактерия, вирустан болатын, диареямен, адам ағзасының уыттануымен және сусыздануымен сипатталатын әртүрлі жұқпалы ауру­лар тобы. Жедел жұқпалы ішек ауруларының тобына дизентерия, іш сүзегі, А, В паратифтері, тағамдық токсикоинфекция, сальмонеллез, гас­т­роэнтериттер жатады. Жоғарыда аталған жұқпалы ішек аурулары бір топқа жатқанымен, ауруларды әр­түрлі қоздырғыштар тудырады және олар әрқалай өтеді» деген Г.Жал­ғасова аталған ауру әлемде кең таралған дерттердің бірі екенін де жасырмады. Яғни инфекция ауыз арқылы жұғып, қоздырғышы ішекте өсіп жетіледі, микробтары нәжіспен сыртқы ортаға түсіп тарайды. Тағы да қайталап өтейік, инфекция гигиеналық тазалықтың төмен дәрежеде бо­луы­нан, азық-түліктерден, яғни жуыл­ма­ған көкөніс, пісірілмеген сүт, сапа­сыз, шала пісірілген тағамдармен та­мақ­тануда, сондай-ақ, ауыз суды қай­натпай ішу, лас суға түсуден де жұғуы мүмкін. Ал жаз айларындағы негізгі тасымалдаушысы шыбын.
Тағы айта кететін жайт, жұқпаның негізгі көзі науқас адам, сондай-ақ ауру тасымалдаушылары болып та­былады. Су, тағам және тұрмыс­тық қарым-қатынас арқылы тара­лады. Сондай-ақ бала күтімінің на­шар­лығы және сәбилерді қо­сым­ша тамақтандыру кезінде ас дайын­даудағы тиісті ережелердің сақ­тал­мауы аурушаңдықтың сәбилер ара­сында тіркелуінің негізгі себептері болып отыр. Көбіне екі жасқа толмаған нә­рестелер арасында инфекция көп­теп тіркелетінінің бірден-бір себебі де осы.
Брифинг барысында айтылған ау­рудың алдын алу шаралары мен алғашқы белгілері қарапайым бол­ғанымен, әлемде осы аурудың өршіп тұрғанын айтады маман. Иә, сайып келгенде аурудан ада, дерттен аман болу үшін жеке бастық тазалығына аса мән беру керек. «Сақтансаң сақ­тайтынын» тағы бір еске саламыз. Денсаулығыңыз өз қолыңызда екенін ескеріп, медицина мамандарының әрбір кеңесіне салғырт қарамаңыз. Бұл өзіңіз үшін, өміріңіз үшін өте маңызды. Себебі әр азамат қоғамның байлығы.

Н.АЛМАСҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: