Өткен апта соңында Жалағаш кенті және ауылдық округтерде жаппай сенбілік жалғасын тапты. Сенбілік жұмыстарына аудан бойынша 145 мекемеден 1 800-ге жуық адам қатысып, 24 дана техника жұмылдырылды. Көшелер мен саябақтардағы қоқыстар тазартылып, қураған талдар кесіліп, аяқ су жүретін арықтар қураған жапырақтардан арылды. Жалпы 13 тоннаға жуық күл-қоқыс белгіленген орындарға шығарылды.
Сондай-ақ сенбілік жұмыстары аясында көшелер, аллеялар мен саябақтарда 1 700 түп ағаш отырғызылды. Жиналған қоқыстарды шығаруға Жалағаш кенті бойынша жауапты мердігердің, ауылдық округтер бойынша шаруа қожалықтардың техникалары жұмылдырылды.
Тазалық табалдырықтан басталары белгілі. Аудан тұрғындары да тазалықтан алыс емес. Мәселен, кенттегі Бұқарбай батыр көшесінің тұрғындары сенбілік жұмыстарына көршілер болып атсалысты. Үлкенінен кішісіне дейін көршілердің бірлігін көрсеткен көше тұрғындары жаяу жүргіншілерге арналған жолдар мен аяқ су жүретін арықтарды тазартты. Тазалық акциясын тұрақты түрде жалғастырып отыратынын да жеткізді.
Ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу бағытында мұндай келелі бастамалар – таптырмас тәрбие құралы. Бұл туралы аудан әкімі Ардақ Ибраимов Жалағаш кенті тұрғындарымен кездесуінде айтқан болатын. Ынтымағы жарасқан Жалағаш кенті Бұқарбай батыр көшесінің тұрғындары экологиялық акциялардан бөлек, атаулы күндер мен мерекелік шараларды да жұмыла тойлауды әдетке айналдырған. Көшелерін керемет қылып келістірген кемеңгер жандар іс-шараның соңын бір үйдің баласындай керегесі кең берекелі дастарқан басында тәмәмдады.
«ЖЖ» ақпарат
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!