Қазір бұрынғыдай емес, ауданға қарасты барлық ауылдық елді мекенде кемінде 1 спорттық үйірме жұмыс жасайды. Нәтиже де жоқ емес, бүгінде үлкен додаларда топ жарып жүрген балалардың басым бөлігі сол үйірмелерде жаттығып, салаға алғаш қадам басқандар. Бір жағынан ауыл балаларының бос уақытын тиімді пайдалануға да мүмкіндік туып отыр.
Жуырда Еңбек ауылдық округіне жолымыз түсті. Көне нысаннан көптеген оқушының шығып жатқанын байқап, аялдауды жөн көрдік. Бақсақ, бұл балаларды спортқа баулитын бокс үйірмесі екен. Сыртынан қараған жанға көне нысан ауылдан көшіп кеткен біреудің қараусыз үйі сияқты. Бірақ үйірме жетекшісімен тілдескенімізде елді мекендегі шағын залда шымырлардың шыңдалып жатқанын байқадық.
Руслан Ысқақ 7 жылдай бокспен айналысып, республикалық, халықаралық додаларда топ жарған. Тіпті кезінде 66-69 келі салмақта аймақта қарсылас шақ келтірмеген. Спорт шеберлігіне үміткер өзі секілді тәжірибелі былғары қолғап шеберлерін шыңдауға саналы ғұмырын сарп етуді көздеп, бүгінде бапкер болып ауыл балаларын боксқа баулып жүр.
Бокс спорттың ең күрделі һәм қауіпті саласы десе де болады, рас, дзюдо, қазақ күресі, футбол, футзал, баскетбол, волейболдың да өз қиыншылықтары бар, алайда аяқасты оқыс қимыл жасамасаң, оғын тап болмасың анық. Ал бокс ше, онда дөп тиген бір соққыдан кейде майып болып жатқандарды да көріп жатырмыз. Міне, осы тұрғыда былғары қолғап шеберлерін дайындайтын бапкерлерге үлкен жауапкершілік жүктеледі. Кез келген адамның салаға қадам баспайтыны да сондықтан. Русланмен тілдескенімізде жас та болса білікті бапкер екеніне көзіміз жетті.
3 жылдан бері балаларды спортқа баулып жүрген кейіпкеріміз Еңбектегі шағын залда бастапқыда 3 топпен жұмыс жасағанын айтады. Әдепкіде үйірме құрамында 42 бала болыпты. Кейін 1 топ қысқарып, қазір мұнда 39 бала жаттығып жатыр.
Білікті бапкер үйірмеге оқушыларды 10-12 жастан бастап қабылдайды. Мұнда 18 жасқа дейінгі балалардың жаттығуына барлық жағдай жасалған. Руслан балаларды келе сала шаршы алаңда шыңдап, оларды алдымен бокстың түрлі айла-тәсілдеріне баулиды. Ауыл тұрғындары да кейіпкеріміздің жұмысын жоғары бағалап отыр. Бір жағынан жергілікті халық мұндай үйірмелер балалардың бос уақытын тиімді пайдалануда таптырмас мүмкіндік дейді.
– Бұрын ауылда үйірме жоқ кезде балаларымыздың бос уақыты телефонмен өтетін. Ал спортпен жастайынан айналысқан баланың денсаулығы да мықты болатынын жақсы білеміз. Алайда балаларды оған баулитын ауылда үйірмелер жоқ еді. Қазір ше, ауылда бокс үйірмесінің жұмыс жасап тұрғанына 3 жылдай болды. Бапкер ініміздің де жұмысын жоғары бағалаймын. Менің балам да осы үйірмеде жаттығып жатыр. Нәтиже де жоқ емес, бүгінге дейін аудандық, облыстық және республикалық жарыстарда жүлделі орындардан бой көрсетіп жүр. Мұның барлығы спортқа мемлекеттің жасаған қолдауының арқасы. Біздің кезімізде мұндай үйірмелер мүлде болған жоқ. Ауыл балалары көше бойында жүгіруді спортпен шұғылдану деп түсінетін едік. Тіпті біз ойнайтын ашық алаңдар да болған жоқ. Қазір мүлде басқа, осындай үйірмелердің арқасында ауылдан шыққан таланттар тасада қалмайды. Себебі ондай олқылыққа жас та болса Руслан секілді білікті бапкерлер жол бермейді, – дейді ата-ана Ажаркүл Баймаханова.
Осы үйірмеден жаттығып жатқан балалардың алды 3 жылда түрлі додаларда топ жарған. Мәселен, Нұрдәулет Жанатұлы республикалық турнирде үшінші орын алып, спорт шеберіне үміткер атанды. Ал Ерхан Молдағали Қармақшы ауданында өткен республикалық турнирде үшінші орын алса, дәл осы додада Нұрдәулет Жанатұлы күміс медалға қол жеткізді. Қазір білікті бапкердің дүбірлі додаларда топ жарған басқа да шәкірттерін тізе берсек, өз алдына бір еңбекке жүк болары анық. Міне, шалғай ауылдағы шағын залдан шыңдалған балалардың осындай жетістігі бар.
– Шәкірті жарыстарда топ жарып жатса, оған қуанбайтын ұстаз жоқ. біз де сол сияқтымыз. Балаларымыз кішкентай жетістікке жетсе, қуанып қаламыз. Бірақ оған тоқмейілсуден аулақпын. Керісінше олардың талабын әлі де шыңдауға басымдық беремін. Нәтижесі де жоқ емес, балаларымның алды республикалық турнирлерде топ жарып жүр. Алда үлкен жарыстар күтіп тұр. Оларға да менің балаларым қатысады. Қазір соған дайындық үстіндеміз. Үйірме мүшелерін келе сала бірден шаршы алаңда жекпе-жекке шығару үлкен қателік деп есептеймін. Біз ең алдымен балаларды аяққа еркін тұруды, секіруді үйретеміз. Сәл қыздырынып, әрі қарай бірнеше күн жаттығуды жалғастырады. Тұлпардың да алдымен қыздырынып алғаннан кейін тынысы ашылады ғой, балалар да сол секілді, ең алдымен түрлі айла-тәсілді меңгеріп алғаннан кейін жекпе-жекте нәтиже көрсетеді. Бұған өзімнің 7 жылдық тәжірибемде көз жеткіздім, – дейді Руслан Ысқақ.
Айта кетейік, Еңбек ауылдық округіндегі бокс үйірмесінде үлкен топтағы балалар 6 күн жаттығып, білікті бапкерден тәлім алады. Ал кіші топтар аптасына 3 күн жаттығады. Оларды Руслан Ысқақ күніне 1,5 сағат спортқа баулиды.
Иә, шағын ғана залда үйірме жұмысы ширақ, бүгінгі сапарымызда осыған көзіміз жетті. Бокспен айналыспасақ та спорттың бұл түріне қызығушылық басым. Сондықтан ба, жаттығу кезінде балалардың спорттың бұл түрінің түрлі айла-тәсілін еркін меңгергені байқалып тұр.
Расында таланттың бәрі ауылда. Бұл сөз бекер айтылған жоқ. Ал сол балалардың бойындағы кішкентай қызығушылықты әрі қарай дамытуда Руслан жүйелі жұмыс жасап жатыр. Бүгін республикалық турнирде шәкірттері топ жарса, олардың алдағы уақытта халықаралық, әлемдік бәсекелерде жеңіс тұғырынан көрініп, көк туымызды биіктен желбіретпесіне кім кепіл. Міне, білікті бапкердің бүгінгі жұмысын осындай жетістікке жасаған алғашқы қадамы деп түйдік.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!