Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

2°C

, Жұма, 13 желтоқсан, 16:40

Шағын залда шымырлар шыңдалады

22.10.2023

408

0

Қазір бұрынғыдай емес, ауданға қарасты барлық ауылдық елді мекенде кемінде 1 спорттық үйірме жұмыс жасайды. Нәтиже де жоқ емес, бүгінде үлкен додаларда топ жарып жүрген балалардың басым бөлігі сол үйірмелерде жаттығып, салаға алғаш қадам басқандар. Бір жағынан ауыл балаларының бос уақытын тиімді пайдалануға да мүмкіндік туып отыр.

Жуырда Еңбек ауылдық округіне жолымыз түсті. Көне нысаннан көптеген оқушының шығып жатқанын байқап, аялдауды жөн көрдік. Бақсақ, бұл бала­ларды спортқа баулитын бокс үйірмесі екен. Сыртынан қараған жанға көне нысан ауылдан көшіп кеткен біреу­дің қараусыз үйі сияқты. Бірақ үйірме жетекшісімен тілдескенімізде елді мекендегі шағын залда шымырлардың шыңдалып жатқа­нын байқадық.
Руслан Ысқақ 7 жылдай бокспен ай­налысып, республикалық, халықаралық додаларда топ жарған. Тіпті кезінде 66-69 келі салмақта аймақта қарсылас шақ келтірмеген. Спорт шеберлігіне үміткер өзі секілді тәжірибелі былғары қолғап шеберлерін шыңдауға саналы ғұмырын сарп етуді көздеп, бүгінде бапкер болып ауыл балаларын боксқа баулып жүр.
Бокс спорттың ең күрделі һәм қауіпті саласы десе де болады, рас, дзюдо, қазақ күресі, футбол, футзал, баскетбол, волейболдың да өз қиыншылықтары бар, алайда аяқасты оқыс қимыл жасамасаң, оғын тап болмасың анық. Ал бокс ше, онда дөп тиген бір соққыдан кейде майып болып жатқандарды да көріп жатырмыз. Міне, осы тұрғыда былғары қолғап шебер­лерін дайындайтын бапкерлерге үлкен жауап­кершілік жүктеледі. Кез келген адам­ның салаға қадам баспайтыны да сон­дықтан. Русланмен тілдескенімізде жас та болса білікті бапкер екеніне көзіміз жетті.
3 жылдан бері балаларды спортқа баулып жүрген кейіпкеріміз Еңбектегі шағын залда бастапқыда 3 топпен жұмыс жасағанын айтады. Әдепкіде үйірме құрамында 42 бала болыпты. Кейін 1 топ қысқарып, қазір мұнда 39 бала жаттығып жатыр.
Білікті бапкер үйірмеге оқушыларды 10-12 жастан бастап қабылдайды. Мұнда 18 жасқа дейінгі балалардың жаттығуына барлық жағдай жасалған. Руслан бала­ларды келе сала шаршы алаңда шыңдап, оларды алдымен бокстың түрлі айла-тәсілдеріне баулиды. Ауыл тұрғын­дары да кейіпкеріміздің жұмысын жоғары бағалап отыр. Бір жағынан жер­гілікті халық мұндай үйірмелер бала­лардың бос уақытын тиімді пайда­лануда таптырмас мүмкіндік дейді.
– Бұрын ауылда үйірме жоқ кезде балаларымыздың бос уақыты теле­фонмен өтетін. Ал спортпен жастайынан айналысқан баланың денсаулығы да мықты болатынын жақсы білеміз. Алайда балаларды оған баулитын ауылда үйірмелер жоқ еді. Қазір ше, ауылда бокс үйірмесінің жұмыс жасап тұрғанына 3 жылдай болды. Бапкер ініміздің де жұмысын жоғары бағалаймын. Менің балам да осы үйірмеде жаттығып жатыр. Нәтиже де жоқ емес, бүгінге дейін аудандық, облыстық және республикалық жарыстарда жүлделі орындардан бой көрсетіп жүр. Мұның барлығы спортқа мемлекеттің жасаған қолдауының арқасы. Біздің кезімізде мұндай үйірмелер мүлде болған жоқ. Ауыл балалары көше бойында жүгіруді спортпен шұғылдану деп түсінетін едік. Тіпті біз ойнайтын ашық алаңдар да болған жоқ. Қазір мүлде басқа, осындай үйірмелердің арқасында ауылдан шыққан таланттар тасада қалмайды. Себебі ондай олқылыққа жас та болса Руслан секілді білікті бапкерлер жол бермейді, – дейді ата-ана Ажаркүл Баймаханова.
Осы үйірмеден жаттығып жатқан балалардың алды 3 жылда түрлі додаларда топ жарған. Мәселен, Нұрдәулет Жанатұлы республикалық турнирде үшінші орын алып, спорт шеберіне үміткер атанды. Ал Ерхан Молдағали Қармақшы ауданында өткен республикалық турнирде үшінші орын алса, дәл осы додада Нұрдәулет Жанатұлы күміс медалға қол жеткізді. Қазір білікті бапкердің дүбірлі додаларда топ жарған басқа да шәкірттерін тізе берсек, өз алдына бір еңбекке жүк болары анық. Міне, шалғай ауылдағы шағын залдан шыңдалған балалардың осындай жетістігі бар.
– Шәкірті жарыстарда топ жарып жатса, оған қуанбайтын ұстаз жоқ. біз де сол сияқтымыз. Балаларымыз кішкентай жетістікке жетсе, қуанып қаламыз. Бірақ оған тоқмейілсуден аулақпын. Керісінше олардың талабын әлі де шыңдауға басымдық беремін. Нәтижесі де жоқ емес, балаларымның алды республикалық турнирлерде топ жарып жүр. Алда үлкен жарыстар күтіп тұр. Оларға да менің балаларым қатысады. Қазір соған дайындық үстіндеміз. Үйірме мүшелерін келе сала бірден шаршы алаңда жекпе-жекке шығару үлкен қателік деп есептеймін. Біз ең алдымен балаларды аяққа еркін тұруды, секіруді үйретеміз. Сәл қыздырынып, әрі қарай бірнеше күн жаттығуды жалғастырады. Тұлпардың да алдымен қыздырынып алғаннан кейін тынысы ашылады ғой, балалар да сол секілді, ең алдымен түрлі айла-тәсілді меңгеріп алғаннан кейін жекпе-жекте нәтиже көрсетеді. Бұған өзімнің 7 жылдық тәжірибемде көз жеткіздім, – дейді Руслан Ысқақ.
Айта кетейік, Еңбек ауылдық округін­дегі бокс үйірмесінде үлкен топтағы ба­лалар 6 күн жаттығып, білікті бапкерден тәлім алады. Ал кіші топтар аптасына 3 күн жаттығады. Оларды Руслан Ысқақ күніне 1,5 сағат спортқа баулиды.
Иә, шағын ғана залда үйірме жұмысы ширақ, бүгінгі сапарымызда осыған кө­зіміз жетті. Бокспен айналыспасақ та спорт­тың бұл түріне қызығушылық ба­сым. Сондықтан ба, жаттығу кезінде ба­лалардың спорттың бұл түрінің түрлі ай­ла-тәсілін еркін меңгергені байқалып тұр.
Расында таланттың бәрі ауылда. Бұл сөз бекер айтылған жоқ. Ал сол ба­ла­лардың бойындағы кішкентай қы­зы­ғу­шылықты әрі қарай дамытуда Рус­лан жүйелі жұмыс жасап жатыр. Бүгін рес­публикалық турнирде шәкірттері топ жарса, олардың алдағы уақытта халық­аралық, әлемдік бәсекелерде жеңіс тұғы­рынан көрініп, көк туымызды биіктен жел­біретпесіне кім кепіл. Міне, білікті бап­кердің бүгінгі жұмысын осындай жетістікке жасаған алғашқы қадамы деп түйдік.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: