Кеше ғана елімізде суға шомылу маусымы басталды. Жаздың аптап ыстығында адамдар табиғат аясында демалып, салқындау, демалу мақсатында көлге, өзенге тағы басқа су айдындарына суға түседі. Алайда кейбір азаматтар қауіпсіздік ережелеріне салғырт қарап, балалары мен жақындарының өміріне қауіп төніп жатады. Тіпті адам өліміне де әкеп соқтырған жайттар бар. Шыны керек, соңғы жылдары кішкентай бүлдіршіндер мен жасөспірімдердің суға кету фактілері жиілеген. Әрине, қоғамда «Суға бату фактілері неліктен жиіледі?» деген заңды сұрақ туындайды. Бірақ ескерту жұмыстары үздіксіз жүруде, әлде заңды түрде шомылуға рұқсат етілген қауіпсіз су айдындары жоқ па? Тарқатайық…
Шомылуға рұқсат етілген
698 орын бар
ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің мәліметінше, елімізде ресми түрде шомылуға рұқсат етілген 698 орын бар, оның 458-і – жеке меншік, 227-сі – коммуналдық жағажай, 13-і – туризм және спорт нысандары. Биыл ауа райының қатты ыстық болу болжамына сәйкес, тағы 84 қауіпсіз аймақты жасақтау жұмыстары жүргізілуде. Бір қуантарлығы, енді ол орындарды іздеп, әбігерге түспейсің, өйткені барлық ақпарат «2ГАЖ» қосымшасында қолжетімді.
Былтыр 66 бала құтқарылған
ТЖМ су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында орталық мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, кешенді дайындық пен алдын алу жұмыстары ұйымдастырылып, іске асырылуда. Жүргізілген профилактикалық жұмыстар кешенінің нәтижесінде 2021-2024 жылдары суға батып, қайтыс болғандардың саны 51 пайызға азайған. Былтырғы шомылу маусымында еліміздің су айдындарында 258 адам, оның ішінде 66 бала құтқарылған.
4 жылда 260 бала суға батқан
Көңілге күйбең түсіретін статистика, профилактикалық іс-шараларға қарамастан соңғы 4 жылда 843 адам, оның ішінде 260 бала суға батып қайтыс болған. Профилактикалық іс-шаралар кешенін өткізу барысында 191 мыңға жуық көрнекі оқыту өнімдері (парақшалар, жадынамалар, брошюралар) таратылған, су айдындарында 181 қауіпсіздік белгісі орнатылған. Сондай-ақ қайғылы жайттардың алдын алу мақсатында жыл басынан бері 11 562 бала жүзу дағдыларына үйретілді, бұл жұмыстар әлі де жалғасын табуда.
ТЖ министрлігі Ішкі істер және Көлік министрліктерімен бірлесіп, су айдындарында адамдардың қаза болу қаупін азайту мақсатында азаматтардың судағы қауіпсіздік қағидаларының талаптарын бұзудың жолын кесу бағытында 20 мыңнан астам рейдт пен патрульдеу жүргізді. Анықталған 761 заң бұзушылар «Ортақ су пайдалану қағидаларын бұзғаны» (364-бап), «Су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын бұзу немесе орындамағаны» үшін жауапкершілікке тартылды.
ТЖМ құтқару бөлімшелері ірі акваториялардың ең белсенді пайдаланылатын 70 учаскесін бақылайды, онда кәсіби құтқарушылар қызмет атқарады. Сонымен қатар биыл әкімдіктер мен жағалаудағы демалыс орындарының иелері министрліктің жедел-құтқару жасақтарында дайындықтан өткен 100-ден астам қоғамдық құтқарушыны дайындаған.
Аймақта 4 адам қаза болды
Қызылорда облысы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының мәліметінше, жыл басталғалы облыс аумағындағы су айдындарында 4 адам қаза болды. Оның 2-еуі – бала. Суда адамдардың қаза болуының негізгі себебі қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзуы болып табылады. Мұнан бөлек суға түсуге қауіпті аймақтарда азаматтардың рұқсат етілмеген жүзу құралдарын қолдануы қайғылы жағдайлардың көбеюіне ықпалын тигізіп отыр.
Балалардың рұқсат етілмеген су айдындарында суға шомылуының алдын алу мақсатында жазғы демалыс уақытында 8 жазғы лагері оқушыларды қабылдайды. Онлайн режимде облыстың 31 548 оқушысына жалпы «Судағы қауіпсіздік ережелері» тақырыбы бойынша интерактивтік сабақтар өткізілген. Ата-аналардың назарына жеткізу мақсатында «WhatsApp» желісіндегі чаттарда балалардың судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауын бақылау-қадағалаулары қажеттігі жөнінде бейнероликтер мен жадынамалар жариялануда.
Су объектілері мен су шаруашылығы құрылыстарында жаппай демалуға, туризмге және спортқа арналған жерлерді белгілеу туралы» Қызылорда облысы әкімінің қаулысына сәйкес 7 коммуналдық жағажай белгіленген. Нақтырақ тоқталсақ, Арал ауданында «Аққұмшық», Қазалы ауданында «Қашқан су», Қармақшы ауданында «Мұратбаев», Сырдария ауданында «Қалғандария», Шиелі ауданында «Бәйгеқұм», Қызылорда қаласында «Сыр толқыны» және «Сыр Самалы» бар. Облыс аумағында суға шомылуға тыйым салынған 63 қауіпті аймақтың тізімі тіркелген. Осы учаскелерге 149 ескерту тақтайшасы мен билбордтар орнатылған.
9 азамат айыппұл арқалады
Облыс тұрғындары мен қонақтарының жаз мезгілінде су айдындарындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ТЖ Департаменті бастығының «2025 жылғы жазғы суға шомылу маусымы кезеңіндегі қауіпсіздік шараларын ұйымдастыру туралы» бұйрығы негізінде күнделікті тәулік бойы жауапты сала мамандарын тарта отырып, полиция департаменті, жергілікті атқарушы орган қызметкерлері және еріктілер рейдтік жұмыстар ұйымдастыруда. Профилактикалық жұмыстарға 225 ерікті жұмылдырылды.
Су айдындарында жыл басынан бері 301 рейд жүргізіліп, 2452 тұрғынға судағы қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп, үнпарақтар таратылған. ТЖД-ның қызметкерлері ҚР ӘҚБтК-нің 412-бабы бойынша (Су айдындарында қауіпсіздік қағидаларын бұзу немесе орындамау) 9 адамға хаттама толтырып, айыппұл салды. Сонымен қатар балық шаруашылығы инспекциясы заңсыз балық аулау бойынша 81 деректі тіркеп, оларға айыппұл салды.
Жалағашта ашық бассейн қайта жаңғыртылуда
Жалағашта аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес жауапты сала өкілдері су айдындарында азаматтар мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында рейдтер ұйымдастыруда. Шарада тұрғындарға рұқсат етілмеген орындарда суға түсуге тыйым салынатыны түсіндіріліп, қауіпсіздік талаптары кеңінен насихатталды. Сондай-ақ Сырдария өзені жағалауында қауіпсіздікті сақтау шаралары таныстырылды.
Айта кетейік, ауданда 2 бассейн бар, біреуі «Ақтерек» сауықтыру лагерінде орналасқан. Сондай-ақ аудан тұрғындары Б.Құлтекенов атындағы аудандық жабық бассейнге барып, емін-еркін суға шомылуға болады. Жалағаштықтар үшін қуанышты жаңалық, бүгінде кент орталығындағы ашық бассейнді қайта қалпына келтіру бағытында бірқатар жұмыс атқарылуда, жақын уақытта толық іске қосылады. Бұл бассейн суға түсу маусымында аудан тұрғындары мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді.
Былтыр ауданда суға кету фактісі тіркелмеген
Жалағаш ауданы ТЖБ бастығы Еркін Назарқұловтың айтуынша, ауданда соңғы 5 жылда 7 адам суға батқан, оның 1-еуі – бала. Бір қуантарлығы, былтыр және биыл судағы қайғылы оқиғалар орын алмаған.
Ауданда суға шомылуға тыйым салынған 6 қауіпті аймақ бар, бұл учаскелерге 23 ескерту тақтайшасы мен 10 билборд орнатылған. Сондай-ақ барлық білім беру ұйымдарындағы оқушылар, ұстаздар және ата-аналарға судағы қауіпсіздікті сақтау бойынша жиындар өткізілген.
Суға шомылу маусымы бойынша «Qyzylorda TV» телеарнасында 1 бейнесюжет көрсетіліп, аудандық «Жалағаш жаршысы» газетіне бірнеше мақала, әлеуметтік желілерге 25 мақала мен бейнероликтер жарияланды.
4 азаматқа 51 688 теңге
айыппұл салынды
Полиция бөлімі, жергілікті атқарушы орган қызметкерлері және еріктілерді тарта отырып, күнделікті күндіз-түні рейдтік жұмыстар ұйымдастырылуда. Рейдтік жұмыстарға дрондар пайдаланылуда. Яғни су айдындарында 16 сәуірден бастап 40 рет рейд жүргізіліп, 3 мыңнан астам тұрғынға судағы қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп, үнпарақтар таратылды.
Былтыр рейд барысында ҚР ӘҚБК 412 бабына сәйкес белгіленбеген орындарға суға түскен жеке тұлғаларға 4 әкімшілік хаттама толтырылып, 51 688 теңге айыппұл салынды. Ал биыл полиция қызметкерлері ҚР ӘҚБтК-нің 364-бабы «Ортақ су пайдалану қағидаларын бұзу» бабы бойынша 1 азаматқа әкімшілік хаттама рәсімдеген.
Суға түскенде сақтық керек
Ең алдымен шомылатын судың тереңдігі мен тазалығына мұқият болу қажет. Әдетте соңы қайғыға ұласатын оқиғалар суға шомылуға тыйым салынған жерлерде болатыны жасырын емес. Сондықтан тек рұқсат етілген орындарда шомылған жөн. Белгіленген қоршаудан тыс аумаққа және техникалық ескерту белгілерінің үстіне шығуға болмайды. Бассейн, өзен-көлдерге ішімдікке масайған күйде кірмеу қажет.
Тағы бір ескеретін жайт, балаларды қараусыз қалдырмау керек. Мектепке дейінгі және мектеп жасындағы кішкентай балалар үнемі үлкендердің қарауында болуы тиіс. Сәл үлкенірек жастағы жасөспірім балалар өздері су айдынына шомылуға барған кезде суға түсуге рұқсат етілген, қауіпсіздігі сақталған жерлерде шомылуы қажет. Оларға белгі қойылған жерден асып жүзуге болмайтынын, жағадан алыс жүзбеу керектігін егжей-тегжейлі түсіндіру қажет.
Алғашқы көмек
қалай жүргізіледі?
Зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсету мүмкіндігі бар екенін естен шығармау қажет. Сол мүмкіндікті жіберіп алмауыңыз аса маңызды. Осы орайда аудандық ТЖБ мамандары суға батқан адамға алғашқы медициналық көмек қалай көрсетілетінін айтты.
Суға батқан кездегі алғашқы көмек – зардап шегушіні судан шығару. Содан кейін тыныс жолдарын судан тазарту қажет. Ол үшін құтқарушы тізесін бүгіп, зардап шегушіні бүгілген тізесіне ішімен жатқызып, оның кеуде тұсын қысып, арқа жағынан қағып, суды шығарады. Егер адамның есі анық болған жағдайда оған ыстық су беріп, денесін құрғатып, жылы жерге апару қажет. Ондай жағдай, өкінішке орай көп бола бермейді. Көбі ессіз болып жатады. Сол кезде адамды жағалаудағы тегіс жерге жатқызып, ауыз қуысын тазалап алу қажет. Ауыз қуысында лай, балшық, протез, ас қалдықтары болуы мүмкін. Ол үшін екі саусақты орамалмен орап, ауыздағы заттарды шығарып, дұрыстап тазалаған жөн. Зардап шегуші есін жинамаған жағдайда оның жағдайын үш белгіге қарап, анықтап білу қажет. Олар – көз қарашығының жарыққа әсер етпеуі, пульстың анықталмауы, тыныс алмауы. Осы үш белгі байқалған жағдайда дереу жүрек-өкпе реанимацияларын бастау қажет.
Суға түскен кезде сіңірдің тартылып қалу қаупі бар. Бұл кезде қорқыныш-үрейге жол бермей, судан тезірек шығу үшін бар күш-жігерді салу қажет. Сіңірдің тартылуына бірнеше себеп бар, солардың бірі – жүзушінің суық суда жүзуі және ұзақ уақыт бойы суда болуы. Тағы қоса кететінім, дене шынықпаған жағдайда да сіңір тартылып қалады. Бұлшықет ұзақ жүзу салдарынан қалжырайды. Бұл кезде жүргізілетін шаралар – жүзу түрін өзгерту және мүмкіндігінше судан тез шығу. Жағаға шыққаннан кейін тартылған бұлшықетті міндетті түрде уқалау қажет. Егер саусақ бұлшықеттері тартылса, онда саусақтарды жиі әрі жылдам ашып жабу арқылы бұлшықеттерді босаңсытуға болады. Егер аяқ бұлшықеттері тартылса, онда арқаға жатып қол арқылы жүзу қажет. Ал егер қол тартылса, аяқпен жұмыс жасау керек.
Ауру жұқтыру қаупі жоғары
Халық көп жиналатын жағажайларда, өзен-көлдерде инфекция жұқтыру қаупі жоғары. Сондықтан шомылуға тыйым салынған жерлерде суға түспеген абзал.
Лас жағажайларда ішек инфекцияларын, тері ауруларын қоздыратын инфекцияларды жұқтырып алуымыз мүмкін. Олар – лямблиоз, криптоспоридиоз, ротавирустар, дизентерия, холера, сальмонеллез, лептоспироз, гепатит А вирустары. Сонымен қатар ферма, зауыт, саябақ маңайларында иттер көп серуендейді. Олар да суды ластауы мүмкін. Суда жүзетін құстардан паразит, микробтар тарайды. Жағымсыз иіс шығатын су қоймаларына мүлде жақындамаған жөн.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!