Өнер мектебіне кірген бойда жанға тыныштық сыйлайтын, ерекше бір аспаптың дауысын естідік. Дауыс ізімен келе жатып, сан ғасырлық тарихы, сиқырлы үні бар флейта мен бүгінгі кейіпкеріміздің арасындағы нәзік көрініске тәнті болдық. Жеті жасынан осы аспаппен достасқан Балғынның бүгінде жетістігі көп.
Егемен еліміздің бәсекеге қабілетті ұрпағын тәрбиелеуде және шығармашылыққа баулуда – өнердің алатын орны ерекше. Біз көп біле бермейтін флейта – симфониялық оркестрде де, жеке орындау мен эстрадалық өнерде де өзіндік орны бар үрмелі аспаптың бірі. 14 жастағы кейіпкеріміз аспап жайында «мен үшін оның орны да, үні де бөлек» дейді.
– Өнер жолымды нағашы атаммен байланыстырамын. Себебі атам ансамбілде жетекші болып, 20 жыл өмірінде музыкаға жаны құмар шәкірттер тәрбиелеген. Мен ең алғаш рет өнерге қызыға бастағанда мектептен флейта аспабын көрдім. Оның дауысы жағымды, тіпті жаныма тыныштық сыйлады. Аспап жайында ізденіп, жан дүниеммен байланыстырдым. Кез келген адам өзінің табиғатына сай дүниемен айналысады ғой, менің де табиғатыма жақын осы аспап болды. Расында өкінбеймін, себебі осы үрмелі аспаптың арқасында жер аралап, талай жүлдеге ие болғаным бар. Мен үшін ең үлкен жетістік, 2021 жылы шыққан «Еліміздің мақтанышы» атты кітапқа енуім. Одан бөлек Алматыда өткен «Жас жұлдыз» өнер байқауы мен халықаралық «7 жұлдыз» фестивальынан бас жүлде, республикалық «Дала сазы» байқауында І орын иелендім. Сонымен қатар 2021 жылы Ташкент қаласында өткен халықаралық байқауда бақ сынап қайттым. Алдағы уақытта еліміздің атын шығарып, көк байрағымызды желбірететін өнер адамдарының қатарынан көрінгім келеді. Тек флейта ғана емес, басқа аспап түрлерін де ойнап үйрену ойымда бар, – дейді Балғын Орынбек.
«Ұстазы талантты болса, шәкірті талапты болады» деген, Балғынның өмірінде өнер атты жүйрікті тақымға қысып, флейта аспабында ойнауды үйретіп, шығармашылық сайыстарға қатыстырып, бағын аша білген ұстазы Әлия Қалжыкенованың ерекше орын алатыны да сондықтан. Бала бойындағы бұғып жатқан талант бұлағының көзін ашып, киелі сахна төріне шығарған Әлия апайы құрметке лайықты, тәлімі мол ұстаз.
Кейіпкеріміздің жан-жақтылығы жетекшісінен дарыған секілді. Себебі Әлия апайдың да қолынан келмейтіні жоқ. 40 жылдық өмірін өнерге арнаған ол қазіргі таңда флитадан бөлек фортепиано, гитара аспаптарында еркін ойнай алады. Балаларға қосымша білім беру жүйесін дамыту мен өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлесі, салада жеткен жетістіктері үшін министрліктен, облыстық білім басқармасы мен аудандық білім бөлімінен алған алғыс хаттары да жетерлік. «Ұстаздың ең үлкен жетістігі – шәкіртінің биіктен көрінуі» дейді ол. Расында халықаралық байқаулардан жүлдесіз оралмайтын және музыкалық колледж, университетте ұстаз болып жүрген Әлия апайдың шәкірттеріне қарап, үнемі ізденісте жүрген тұнып тұрған талант дерсің.
– Балғын – өте ұқыпты, тіл алғыш, талантты, қолынан бәрі келетін музыкаға деген қабілеті ерекше қыз. Үнемі ізденісте, бір нәрсені үйренгісі келіп жүреді. Берілген тапсырманы дер кезінде орындап отырады. Балғынмен сабақ өту өте оңай, себебі оның бойында музыкантқа тән қасиеттің барлығы бар. Шығармаларды оңай жатқа тартады, сахнаға шыққанда қобалжымай, өз деңгейінде орындап бере алады. Сондықтан болар, кез келген байқауға қатысқанда жүлдесіз оралмайды, – дейді ол.
Кейіпкеріміз сурет салуға да қатты қызығатын көрінеді. Оның салған суреттерінен ауыл мен қала тынысының, отбасы қамқорлығының, табиғаттың бейнесін көп байқауға болады. Сондай-ақ сынып жетекшісі мектепте өте белсенді, үлгерімі де жақсы, озат оқушылардың қатарында, әрқашан дамып, кітап оқып, өзге оқушылардан ерекшеленетінін айтады.
Балғын орыс тілі пәнінен облыстық «Пушкинское чтение» олимпиадасына қатысып ІІ орынға, республикалық «Алтын күз» байқауынан бас жүлде, «Mad brain» байқауынан І орын алған. Мектепті жақсы аяқтап, ата-анасының, ұстаздарының үмітін ақтап, жақсы оқу орнына түсіп қуантсам дейді. Онан өзге өзінің ең жақсы көретін музыкалық кәсібін жетілдіріп, өнер жолында үлкен сахналардан көрініп, актерлік қабілетін шыңдап, отандық фильмдерде басты рөлдерді сомдауды армандайды.
Ауданда білім мен спорттан бөлек өнер атты шыңды бағындырып жүрген жастар жетерлік. Өскелең ұрпақты жаңашыл тұлға ретінде қалыптастыруда, мамандыққа қызығушылығын арттыруда, кәсіби еңбекке бағыттауда үйірме жұмыстарының маңызы зор. Себебі болашағы нұрлы елді ілгері апаратын да сауатты, білімді, жан-жақты дамыған, егемендігіміздің туын ұстайтын өресі биік жастар.
А.Алтынбек
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!