Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

22°C

, Сенбі, 27 шiлде, 06:52

Сиқырлы үнді Балғын

21.11.2023

448

0

Өнер мектебіне кірген бойда жанға тыныштық сыйлайтын, ерекше бір аспаптың дауысын естідік. Дауыс ізімен келе жатып, сан ғасырлық тарихы, сиқырлы үні бар флейта мен бүгінгі кейіпкеріміздің арасындағы нәзік көрініске тәнті болдық. Жеті жасынан осы аспаппен достасқан Балғынның бүгінде жетістігі көп.

Егемен еліміздің бәсекеге қабі­летті ұрпағын тәрбиелеуде және шығар­ма­шы­лыққа баулуда – өнердің алатын орны ерекше. Біз көп біле бермейтін флейта – симфониялық оркестрде де, жеке орын­дау мен эстрадалық өнерде де өзін­дік орны бар үрмелі аспаптың бірі. 14 жастағы кейіпкеріміз аспап жайында «мен үшін оның орны да, үні де бөлек» дейді.


– Өнер жолымды нағашы атаммен бай­ланыстырамын. Себебі атам ансамбілде жетекші болып, 20 жыл өмірінде музыкаға жаны құмар шәкірттер тәрбиелеген. Мен ең алғаш рет өнерге қызыға бастағанда мектептен флейта аспабын көрдім. Оның дауысы жағымды, тіпті жаныма тыныштық сыйлады. Аспап жайында ізденіп, жан дүниеммен байланыстырдым. Кез келген адам өзінің табиғатына сай дүниемен айналысады ғой, менің де табиғатыма жақын осы аспап болды. Расында өкін­беймін, себебі осы үрмелі аспаптың арқа­сында жер аралап, талай жүлдеге ие болғаным бар. Мен үшін ең үлкен жетістік, 2021 жылы шыққан «Еліміздің мақтанышы» атты кітапқа енуім. Одан бөлек Алматыда өткен «Жас жұлдыз» өнер байқауы мен халықаралық «7 жұлдыз» фестивальынан бас жүлде, республикалық «Дала сазы» бай­қауында І орын иелендім. Сонымен қатар 2021 жылы Ташкент қаласында өткен халықаралық байқауда бақ сынап қайттым. Алдағы уақытта еліміздің атын шыға­рып, көк байрағымызды желбірететін өнер адамдарының қатарынан көрінгім келеді. Тек флейта ғана емес, басқа аспап түр­лерін де ойнап үйрену ойымда бар, – дейді Балғын Орынбек.
«Ұстазы талантты болса, шәкірті та­лапты болады» деген, Балғынның өмірінде өнер атты жүйрікті тақымға қысып, флейта аспабында ойнауды үйретіп, шы­ғар­ма­шылық сайыстарға қа­тыстырып, бағын аша білген ұс­тазы Әлия Қалжыкенованың ерекше орын алатыны да сондықтан. Бала бойындағы бұғып жатқан талант бұ­лағының көзін ашып, киелі сахна төріне шығарған Әлия апайы құрметке лайықты, тәлімі мол ұстаз.


Кейіпкеріміздің жан-жақтылығы жетек­шісінен дарыған секілді. Себебі Әлия апайдың да қолынан келмейтіні жоқ. 40 жылдық өмірін өнерге арнаған ол қазіргі таңда флитадан бөлек фортепиано, ги­тара аспаптарында еркін ойнай алады. Ба­лаларға қосымша білім беру жүйесін дамыту мен өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлесі, салада жеткен жетістіктері үшін министрліктен, облыстық білім бас­қармасы мен аудандық білім бөлімінен алған алғыс хаттары да же­терлік. «Ұс­таздың ең үлкен жетістігі – шәкіртінің биіктен көрінуі» дейді ол. Расында халықаралық байқаулардан жүл­­десіз оралмайтын және музыкалық кол­­­ледж, университетте ұстаз болып жүр­ген Әлия апайдың шәкірттеріне қарап, үне­мі ізденісте жүрген тұнып тұрған талант дер­сің.


– Балғын – өте ұқыпты, тіл алғыш, талантты, қолынан бәрі келетін музыкаға деген қабілеті ерекше қыз. Үнемі ізденісте, бір нәрсені үйренгісі келіп жүреді. Берілген тапсырманы дер кезінде орындап отырады. Балғынмен сабақ өту өте оңай, себебі оның бойында музыкантқа тән қасиеттің барлығы бар. Шығармаларды оңай жатқа тартады, сахнаға шыққанда қобалжымай, өз деңгейінде орындап бере алады. Сон­дықтан болар, кез кел­ген байқауға қатыс­қанда жүлдесіз орал­майды, – дейді ол.
Кейіпкеріміз сурет салуға да қатты қызығатын көрінеді. Оның салған сурет­терінен ауыл мен қала тынысының, от­басы қамқорлығының, та­биғаттың бей­не­­сін көп байқауға болады. Сондай-ақ сынып жетекшісі мектепте өте белсенді, үл­герімі де жақсы, озат оқу­шылардың қа­тарында, әрқашан дамып, кітап оқып, өзге оқушылардан ерекшеленетінін айтады.


Балғын орыс тілі пәнінен облыстық «Пушкинское чтение» олимпиадасына қатысып ІІ орынға, республикалық «Алтын күз» байқауынан бас жүлде, «Mad brain» байқауынан І орын алған. Мектепті жақсы аяқтап, ата-анасының, ұстаздарының үмі­тін ақтап, жақсы оқу орнына түсіп қуант­сам дейді. Онан өзге өзінің ең жақсы көретін музыкалық кәсі­бін жетілдіріп, өнер жолында үлкен сахна­лардан көрініп, ак­терлік қабілетін шыңдап, отандық фильм­­дерде басты рөлдерді сом­дауды армандайды.
Ауданда білім мен спорттан бөлек өнер атты шыңды бағындырып жүрген жастар жетерлік. Өскелең ұрпақты жаңашыл тұлға ретінде қалыптастыруда, мамандыққа қы­зығушылығын арттыруда, кәсіби ең­бекке бағыттауда үйірме жұ­мыс­­тарының маңызы зор. Себебі бо­лашағы нұрлы елді ілгері апаратын да сауатты, білімді, жан-жақты дамыған, егемендігіміздің туын ұстайтын өресі биік жастар.


А.Алтынбек

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: