Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

31°C

, Жұма, 03 мамыр, 12:07

Соғыс ардагерлеріне
2,5 млн теңге беріледі

20.04.2024

434

0

Ұлы Жеңіс күніне орай қызылордалық соғыс ардагерлеріне 2,5 миллион теңгеден беріледі. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мамыр айындағы мерекелерді атап өту мәселелері талқыланған мәжілісте айтты.

– Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне 2,5 млн теңге көле­мінде төлем төлеу туралы шешім қабылданды. Бұл – біздің аға ұрпақ алдындағы парызымыз. Бүгінгі бейбіт өмірімізге қан кешіп жүріп жеткізген жандардың ерлігіне қандай құрмет көрсетсек те артық емес. Өткен жылы қарт майдангерлерге 1 үй, 1 көлік, сонымен бірге 1,5 млн теңгеден табысталған еді. Биыл да бір ардагерге Қызылорда қаласынан үй берілді. Бұдан да басқа де­меушілер есебінен ақшалай және материалдық көмек көрсетіледі. Қала және аудан әкімдері, облыстық басқарма басшылары мерекені атап өтудің жоспарына енген іс-шараларды сапалы әрі мәнді ұйымдастыруы тиіс, – деді аймақ басшысы.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеу­мет­тік бағдарламалар басқармасының мәліметіне сүйен­сек, өңірдегі Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ең үлкені 102 жаста. Қызылорда қаласы, Қазалы және Сырдария ауданының әкімдіктері Жеңіс күні қарсаңында төлемдерді аудару бойынша жұмыстарды ұйымдастыруда. Ардагерлер 2,5 миллион теңге мөлшерінде біржолғы төлем алады.
Айта кетейік, аймақта 2040-тан астам тыл еңбеккері бар, олардың біреуі «Ерен еңбегі үшін» медалімен мара­пат­талған. Сондай-ақ Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлердің 7 жесірі, соғыс кезінде жараланған, кон­ту­зия алып, мертіккен немесе ауру салдарынан қаза тап­қан мүгедек жұбайы не зайыбы бар 4 адам тұрады. Ұлы Отан соғысына қатысушыларға және соғыс кезінде ал­ған жарақат салдарынан мүгедектігі бар адамдарға теңестірілгендер саны – 1894.
Аймақта осы санаттағы 3964 адам тұрады. Олардың бар­лығы 147 680 теңгеден алады. Сонымен қатар «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған тыл еңбеккеріне 221 520 теңге төленбек. Ардагерлер сәуір айында төлем ала бастайды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: