Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

0°C

, Жұма, 22 қараша, 08:37

Ауыл жастарының
алар асуы алда

11.07.2023

396

0

Қазақтың алтын бесігі, қасиетті құт мекені ауыл екені белгілі. Ауылдың қара шаңырағынан тау көтерген Толағай мен күш атасын танытқан Қажымұқандар шыққан. Сондай бірлігі бекем, тірлігі көркем, берекесі мен ауызбіршілігі мол, спортшылары елдің мерейін асырып жүрген, ынтымағы жарасқан берекелі мекеннің бірі – Ақсу. Біз бүгін осы ауылдың спорт үйірмесін мақаламызға арқау етеміз.

Қазақтың ұлттық спортының та­рихы тым тереңде жатыр. Оның ішінде қазақ күресі – қазақтың ең көне спорт түрлерінің бірі. Бүгінде белі мен білегі мықты жастар осы спорт түрін дамытып, талай жетістіктерге жетіп жүр. Сондай жалынды спорт­шылардың бірі – Ұласхан Алмас­ұлы. Ол – қазақ күресі мен белбеу күрестен Қазақстан Рес­пуб­ликасының спорт шебері атағын иеленген Ақсу ауылындағы жалғыз спортшы.

Ауыл мақтанышы өзінің спорттық шежіресін 2014 жылы бастап, күрес әліппесін Өмірбек Кәлменов пен Жайдарбай Есенов ағаларынан үйренген. Өз ауы­лының қарадомалақтары да ар­тынан еріп, спортпен айналысуын ар­мандаған кейіпкеріміз қазіргі таңда Ақсудағы №13 олимпиадалық резервтегі ма­ман­дандырылған балалар мен жас­өспірімдер мектебінде жаттық­ты­рушы қызметін атқарады.

Бұл спорт мектебінде 2023 жыл­дың тамыз айынан бастап қазақ күресі үйірмесі жұмыс жасап келеді. Ұласханның айтуынша, қазақ күресі үйірмесі ауыл жастарының уақы­тын тиімді әрі пайдалы өткізуге үлкен үлес қосуда. Үйірмеге 2-3 сынып оқушылары қабылданады. Қазіргі таңда онда 30 бала бар, оның 4-еуі – қыз, 26-сы – ер бала.

Үйірмеге оқушылар ап­тасына 5 рет келеді. Бұл балалардан бөлек жасы үйір­ме талабына жетпеген кішкентай ұлан­дар­дың да күрес спортына қызы­ғу­шы­лығы жоғары, қарасы қалың екенін байқадық.
Бүгінгі таңда қазақ күресімен қатар дзюдоның қадамы да қарыштап дамып келе жатыр. Себебі ол – барлық халық қызығатын спорт түрі. Бұл күрестің қыр-сырын жетік меңгерген ақсулық спортшылар талай байрақты бәсекеде боз кілемде белдесіп, ел намысын қорғап жүр.

– Ауылда арнайы дзюдо үйірмесі жоқ. Бірақ балалардың ынтасы мен ептілігінің арқасында біз біраз жетістікке қол жеткіздік. Осы тұста, спортшыларымызды қол­­даудан еш жалықпаған спорт жана­шырлары, үлкен жарыстарға қатысуға демеушілік білдіріп жатқан ел ағалары «АВ AGRO ORDA» ЖШС құрылтайшысы, аудандық мәслихат депутаты Абай Байпанұлына, «Та­лап» шаруа қожалығының ди­рек­торы Бақытжан Бекетовке, «Керемет» фир­­масының директоры Нұрсұлтан Ома­ровқа және Ерлан Оңласыновқа алғысымды білдіремін дейді, – Ұласхан Алмасұлы.

Ақсулық спортшылар дзюдодан аудандық жарыстармен шек­телмей, облыстық, республи­ка­лық жарыстарда да бақ сынап, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Мәселен, Темірбек Жүргеновтың 125 жылдығына орай өткен дзюдодан 2011-2016 жылғы кіші жасөспірімдер арасындағы аудандық ашық біріншілікте 29 кг салмақта ІІІ орынды Нұрәли Әсембек еншілесе, 32 кг салмақ дәрежесінде Аманат Алмат ІІ орынды иеленген. Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 34 жыл толуына орай дзюдодан 2015-2016 жылы туған жасөспірімдер арасында өт­кізілген облыстық турнирде 20 кг салмақ дәрежесінде ІІІ орынды Заңғар Қаржаубай жеңіп алған.

Сондай-ақ Заңғар – Тоғанас ба­тыр­­дың туғанына 210 жыл то­луы­на орай өткен сайыста кіші жас­өспірімдер арасындағы аудандық ашық біріншілікте ІІІ орынды ием­денген үздік спортшылардың бірі. Дәл осы сайыста 23 кг салмақ дә­ре­жесінде Ерқанат Алмат ІІІ орын­ды, 29 кг салмақ дәрежесінде Аманат Алмат жүлделі І орынды иелен­ген. 16 желтоқсан – Қазақстан Рес­пуб­ликасының Тәуелсіздік күніне орай дзюдо күресінен аудандық ашық бі­ріншілікте 38 кг салмақ дәрежесінде Тәукехан Кіребай ІІІ орыннан көрінген. Мұнан бөлек Тәукехан 2010-2015 жылы туылған кіші жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында «Достық Жер МК» ЖШС-ның жүлдесіне арналған ІІ республикалық турнирінде ІІІ орынды иеленген. 2014-2015 жылы туылған балалар арасында «JUDO LEAGUE» турнирінде 32 салмақ дәрежесінде Аманат Алмат та ІІІ орынды иеленіп қайтқан.

Қайсарлығы қанында, тектілігі тамырында тулаған жас өрендердің жаттығу барысын көргенде, бой­ла­рында намысты қолдан бер­мейтін қасиеттерін аңғардық. Ақсу­лық спортшылардың көк байрақ­ты желбіретіп, ел сенімін ақтайтын­да­рына сеніп, болашақта биік белес­терден көретінімізге көзіміз жетті.

Шәкірттерінен үздіксіз дайын­дықты талап ететін жас жаттықтырушы Ұласханның алға қойған ең үлкен мақсаты – спортты жанына серік еткен ақсулық жастардан Әлем чемпионын шығару.

Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: