Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

5°C

, Сейсенбі, 15 қазан, 12:04

Чемпиондар лигасы:
«Астана» келесі кезеңде

23.07.2023

371

0

Футболдан чемпиондар лигасының алғашқы іріктеу кезеңінің ойындары да басталды. Бұл лигада отандық жалғыз клуб бар. Өткен аптада сәрсенбінің сәтті күні «Астана» өз алаңында грузиялық «Динамо Тбилисиді» қабылдады.

Ә дегеннен шабуылды үдеткен «Астана» ойыншылары небары 11 минутта есеп ашып үлгерді. Қорғаушы Ян Вороговскийден алған допты шабуылшы Абат Айым­бетов қарсылас қақпасында тулатты.

Мұнан кейін алаң қожайындарының алғашқы тайм соңына дейін есепті еселеуге талпынғанын аңғару қиын емес. Алайда бұл мақсат жүзеге аспады, қос таймда да Лория сыр алдырмады.
Бірінші таймда есеп өзгеріссіз қалғаннан кейін «Астана» ойыншыларынан келесі таймда гол күткенбіз. Алайда ойын өрнегі басқа арнада өрбіді. Керісінше қо­нақтар хорватиялық қақпашыдан айласын асырып, та­разы басын теңестірді. Ойынның 57 минутында соғылған голдың авторы – небары 18 жастағы ойыншы Г.Сигуэ.

Жетпісінші минуттан кейін бас бапкер Г.Бабаян алаңдағы аяқдоп шеберлерін тың ойыншылармен ауыс­тырумен болды. Алаң қожайындары жасаған оқтын-оқтын шабуылға қарап, «бір өзгеріс болады» деген үміт пайда болды. Алайда қонақтар қақпашысы сыр алдырмады.

Бейсенбі күні «Астана» Грузияға қонаққа барды. Бі­рінші ойынды соңына дейін тамашалаған жан­күйерлерде отандық клубтың жеңетініне күмән болмады. Алайда қарымта кездесудің алғашқы голын алаң қожайындары соқты. Ойынның 22 минутында гвинеялық легионер Усман Камара әріптесі И.Улад Омар асырған допты «Астана» қақпасында тулатты.

Алғашқы таймда қос команда тең дәрежеде ойнады. Яғни шабуыл кезек-кезек ұйымдастырылды. Бірінші таймда сыр алдырған отандық клубтың келесі кезеңге өтуіне жанкүйерлерде күмән пайда болды. Бас бапкер Г.Бабаян үзіліс кезінде шәкірттеріне қандай кеңес бер­генін қайдам, әйтеуір екінші тайм басталысымен олар ес жинап үлгерді.

Ойынның 50 минутында легионер қорғаушы А.Ама­нович сол қапталдан қарсылас қақпасы маңына доп асырған. Оны тосып алған әріптесі Абзал Бей­себеков қақпада тулатып, таразы басын теңестірді.
Сырт алаңда бірінші ойын қайталанып жатыр, Қазақ­стан­да «Астана» алғашқы таймда алға шықса, бұл жолы грузиялық клуб бірінші болып есеп ашты. Әдет­тегідей қонақтар таразы басын теңестіріп үлгерді. Әрі қарай қалай болады, ойын өрнегі қалай өрбиді? Жанкүйерлердің өз-өздеріне сан сауал қойып жатқаны сол еді, айтып ауыз жиғанша «Астана» қарсылас қақ­пасына тағы бір гол соқты.
Бұл жолы гамбиялық легионер Дарбо Дембо бір өзі ойқастап барып, алаң қожайындарының қақпасына доп тоғытты. Осыған дейінгі гол 50 минутта соғылса, бұл гол 51 минутта тіркеліп отыр.
Мұнан кейін «Астана» ойыншылары уақыт өткізіп, қорғанысқа басымдық беретін шығар дедік. Жоқ, мүлде олай болған жоқ, керісінше отандық клуб шабуылды одан әрі үдетіп, тағы бір гол соғуды көздеді. Алайда есеп еш өзгеріссіз қалды. Осылайша «Астана» футболдан чемпиондар лигасының іріктеу ойындарының келесі кезеңіне жолдама алды.

Айта кетейік, «Астана» алдағы аптада өз алаңында «Динамо Загребті» қабылдайды. Хорватиялық коман­дамен алғашқы ойында тең тарқасуға немесе бір гол айырмашылықпен ұтуға да болады. Алайда чемпиондар лигасының келесі кезеңіне «Динамо Загреб» өтетін сияқты. Алдын ала тон пішуден аулақпыз, бұл тек болжам ғана. Бізге де отандық клубтың чемпиондар лигасының келесі кезеңінде ойынын жалғастырғаны керек.

Еуропаның лига конференциясында отандық тағы екі клуб бар. Оның бірі «Тобыл» іріктеу кезеңінің алғашқы кездесуін өткізді. Өз алаңында Финляндияның «Хонкасын» қабылдаған аяқ доп шеберлеріміз алғашқы таймда қонақжайлық танытты. Бірінші болып қонақтар есеп ашқанымен алаң қожайындары көп ұзамай таразы басын теңестіріп, тіпті негізгі уақыттың соңына дейін жеңісті қолдан жұлып алды.

Шілденің аяғында «Тобыл» Швейцарияға қонаққа барады. Сырт алаңда отандық клубты алаң қожайындары айқын басымдықпен жеңуге тырысады. Себебі сырт алаңда ойын өрнегі басқа арнада өрбіп сала беретінін «Базель» ойыншылары жақсы біледі. Ал «Ордабасы» дәл сол күні өз алаңында «Легияны» қабылдайды. Қазір бұл клубтың польшалық команданы өз алаңында жеңіп, сырт алаңда қорғанысқа басымдық берсе де, келесі кезеңге дейін жолдан тайдыруға қауһары жетеді. Бастысы, алаңда қателікке бой алдырмаса болғаны.

Сөз басында айттық, біздікі болжам ғана, ал келесі кезеңге кім өтеді? Ол жағын уақыт көрсетеді.

Кенжетай БАЛҒАБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: