Қонысбек Қазантаев атындағы аудандық мәдениет үйінде аудан әкімінің кубогы үшін ұйымдастырылған әуесқой футбол мен волейбол лигасының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты шарада аудан әкімі Ардақ Ибраимов жеңімпаз спортшыларды құттықтап, жеңіске жеткен командалар мен үздік ойыншыларды марапаттады. Сондай-ақ ол дені сау ұрпақ қалыптастыруда, жалпы салауатты өмір салтын ұстануда спорт саласының ерекше маңызға ие екенін тілге тиек етті.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Бұқаралық спортты дамыту арқылы біз кәсіби спортқа жол ашамыз және ең бастысы, ұлт саулығын жақсартамыз» деген болатын. Осы бағытта Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауымен, облыс әкімінің бастамасымен спорт саласында ауқымды жобалар жүзеге асуда. Жаңа спорттық нысандар пайдалануға беріліп, халық игілігіне ұсынылуда. Өткен жылы Қызылорда қаласында Үстел теннисі орталығы пайдалануға берілді. Сондай-ақ облыс орталығында халықаралық стандарттарға сәйкес 11 мың орындық Орталық стадион салынуда. Нысан жақын күндері ел игілігіне табысталады. Жыл басында аудан орталығында дене шынықтыру-сауықтыру кешені ел игілігіне табысталса, таяуда Аққыр ауылдық округіндегі спорт кешені пайдалануға беріледі. Сонымен қатар кенттегі орталық стадион қайта жаңғыртудан өткізіледі. Бүгін міне, 5 айға жалғасқан аудан әкімінің кубогына арналған футбол мен волейболдан өткен турнир өз мәресіне жетті. Ауданда әуесқойлар футбол лигасы (LLF) аясында тұңғыш рет өткізілген сайысқа 10 команда, 200-ге жуық спортшы қатысса, волейболға 10 команда, 200-ден аса спортшы қатысып, бақ сынады. Бағы мен бабы қатар шапқан турнир жеңімпаздарын шын жүректен құттықтаймын. Алдағы уақытта да байрақты бәсекелерде, дүбірлі додаларда еліміздің, аймағымыздың атын асқақтатуға тілектеспін, – деді аудан әкімі.
Иә, 5 ай бойы спорттың екі түрінен жүлделі орындарды сарапқа салған командалар аянып қалмады. Турнирлік кестеде көш бастаған кейбірі шешуші сәтте сүрініп жатты. Ал ең аз ұпаймен финалдық ойындарға жолдама алғандардың арасында бабы мен бағы қатар шапқандар да кездесті.
Волейбол қорытындысы бойынша «№123 мектеп-лицей» командасы көш бастады. Мұнан кейінгі орынға «Достар» командасы лайық деп танылды. Ауылдық елді мекендерден келген «Еңбек» және «Бұқарбай батыр» командалары үшінші орынды өзара бөлісті.
Аудан әкімінің кубогына арналған дүбірлі додада өзінің керемет ойынымен дараланған спортшылар да кездесті. Кешегі салтанатты шарада үздік деп танылған спортшылар да марапат төрінен көрінді. Атап айтқанда, Гүлстан Керімқұл мен Нүркен Балхан «Үздік ойыншы» атанса, Инабат Қаршыбек пен Ерболат Уржанов «Үздік қорғаушы» номинациясын иеленді. Сонымен қатар Қанат Ермак «Үздік шабуылшы» атанса, Ерлан Боқанов «Үздік үйлестіруші» номинациясына ие болды. Ал Асылбек Абилкановқа «Үздік жетекші» номинациясы берілді.
– Жарыс тартысты өтті, барлық команданың тыңғылықты дайындықпен келгені көрініп тұр. Біз де қарап қалмадық. Жеңімпаз барлық команданы құттықтаймын. Алда әлі талай дода күтіп тұр. енді соларға дайындықты бастауымыз керек. Кеше аудан әкімінің қолынан арнайы номинация алдым. Әсіресе алдағы уақытта аудан спортына әлі де қолдау болатынын естіп қуандым. Қолдау қарқыны бәсеңдемесе, нәтиже де болады. Әркім өз саласын алға сүйреуді мақсат етсе, біз сонда ғана алға қойған межемізге жетеміз. Міне, сондықтан спорт саласында жүрген баршамыздың ойымыз, түпкі мақсатымыз бір болуы тиіс. Яғни бәріміздің көздегеніміз аудан спортында серпін қалыптастыру болуы керек. Сонда ғана өзіміздің де, туған жердің де мерейі үстем болады, – дейді үздік ойыншы Балхан Нүркен.
Аудан әкімінің кубогына арналған сайыстың бірі – футбол. Спорттың бұл түрі жанкүйерлерге керемет көңіл-күй сыйлады. Олай болатындай жөні бар, өйткені жалағаштық аяқдоп шеберлері бұған дейін талай дүбірлі додада өздерінің шеберлігімен дараланған болатын. Аудан әкімінің кубогына арналған тартысты бәсекеде де жергілікті спортшылар аянып қалмады.
Футболдан «Иса Ата» командасы көш бастап, аудан әкімінің кубогына ие болды. Ал ІІ орынға «Наркескен» командасы жайғасты. Сондай-ақ «Ақсу» және «Адия» командалары үшінші орынды өзара бөлісті.
Турнирде ерекше ойын өрнегімен көзге түскен футболшылар да арнайы номинацияларға ие боды. Атап айтқанда, Нұрдаулет Бөрібайұлы «Үздік қақпашы» атанса, Зейілхан Бақытжанұлы «Үздік шабуылшы» номинациясына лайық деп танылды. Ал Асқар Ергешов «Үздік ойыншы», Ақмейір Ашухан «Үздік сұрмерген», Дінислам Асылбекұлы «Үздік қорғаушы», Айдос Ахметов «Үздік жетекші» атағына ие болды.
Жеңімпаз командалар мен үздік ойыншылар аудан әкімінің алғыс хатымен, медальдармен және аудан әкімінің кубогымен марапатталды. Салтанатты шара соңы жергілікті өнерпаздар мен спортшылардың концерттік бағдарламасымен жалғасып, көрерменге ерекше көңіл-күй сыйлады.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!