Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

17°C

, Сейсенбі, 16 қыркүйек, 15:43

Сыбайлас жемқорлықпен күрес тоқтамайды

16.09.2025

4

0

Сыбайлас жемқорлық – кез келген мемлекеттің дамуына кедергі келтіретін ең қауіпті әлеуметтік дерттердің бірі. Ол азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының бұзылуына, мемлекеттің беделінің түсуіне, заң үстемдігінің әлсіреуіне әкеледі. Сондықтан да Қазақстан Республикасы бұл мәселеге айрықша назар аударып, оны жоюға бағытталған жүйелі әрі нақты қадамдар жасауда.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауларында бірнеше мәрте сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту қажеттігін баса айтты. Бұл ретте құқық қорғау органдары мен сот жүйесінің әділ әрі ашық жұмыс істеуі – басты басымдықтардың бірі.

Сот жүйесінде жүргізіліп жатқан реформалар осы бағыттағы жұмыстардың маңызды бір тармағы болып отыр. Мәселен, соңғы жылдары сот төрелігін цифрландыру, ашықтық пен айқындықты қамтамасыз ету мақсатында бірқатар жаңашыл бастамалар іске асырылды. «E-Sot», «TrueConf», «Төрелік» ақпараттық жүйелері, онлайн сот отырыстары – мұның барлығы сотқа жүгінушілердің сенімін арттырып, артық әрекеттерге жол бермеу үшін қолға алынған шаралар.

Сонымен қатар, судьялардың этикалық нормаларды сақтауына баса мән беріліп келеді. Судьялық корпусқа кандидаттарды іріктеу кезінде олардың адалдығы мен кәсіби дайындығы жіті тексеріледі. Жоғарғы Сот жанынан құрылған Сот жюриі мен Сот этикасы комиссиясы – судьялардың қызметіне сыртқы бақылау тетіктерін қалыптастырып отыр.

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың тағы бір маңызды жолы – құқықтық мәдениетті арттыру және халықтың құқықтық сауаттылығын жетілдіру. Осы мақсатта Жалағаш аудандық соты тарапынан түрлі іс-шаралар, ашық есік күндері, мектептер мен оқу орындарында дәрістер өткізіліп, жастар арасында әділдік пен заңға құрмет сезімін қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жүйелі жүргізіліп келеді.

Сондай-ақ, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесе отырып, қоғамда «нөлдік төзімділік» қағидасын қалыптастыру – біздің басты міндетіміздің бірі. Бұл бағытта аудандық деңгейде бірлескен семинарлар, тренингтер және дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып келеді.

Қорыта айтқанда, сыбайлас жемқорлықпен күрес – бір күннің не бір мекеменің ғана жұмысы емес. Бұл – бүкіл қоғам болып жұмылатын ортақ іс. Әрбір азамат өз ісіне адал, заңға мойынсұнғыш болып, әділдік пен жауапкершілікті ұстанған жағдайда ғана біз бұл індетті жеңе аламыз.

Сондықтан да, сыбайлас жемқорлықпен күрес тоқтамайды. Ол – үздіксіз жалғасатын, заман талабына сай дамып отыратын ортақ міндет.

Мухит АЛИЯКБАРОВ,

Жалағаш аудандық соттың бас маман-аға сот приставы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: