Бүгін Қызылордадағы «Өнер орталығында» облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдығына арналған «Әлем таныған Әбдіжәміл» атты еске алу кеші өтті. Басқосуға Астана мен Алматы қалаларынан арнайы келген ақын-жазушылар, Арал ауданының делегациясы, зиялы қауым өкілдері, жауапты сала басшылары, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің балалары мен қала тұрғындары қатысты.
Аймақ басшысы әлем әдебиетінің қазынасын толтырған қайраткер қаламгер туралы айтып, абыз ақсақалдың құрметіне арналған шараға шақыртуды қабыл алған қонақтарға өңір халқы атынан риясыз алғысын білдірді.
«Алаштың асыл перзенті, Қазақстанның Халық жазушысы, Еңбек Ері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісов – ғасырға жуық өмір сүрген ғажайып тұлға. «ХХ ғасыр – қазақ әдебиетінің алтын ғасыры» атануына зор үлес қосқан суреткерлердің бірі де бірегейі Әбе екені анық. Әлем әдебиетінің алтын қорына қосылған «Қан мен тер» трилогиясы, «Соңғы парыз» дилогиясы – Нұрпейісовтің ғана емес, күллі қазақ әдебиетінің, әлем әдебиетінің табысы болып саналады. Атақты екі шығарма отыздан астам шетел тіліне аударылып, әдебиетімізді дүние жүзіне танытты, әлем әдебиетшілерінің үздік бағасына ие болды.
Әбдіжәміл Нұрпейісов – Ұлы Отан соғысының отты жылдарын бастан кешкен жеңіс жауынгері.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Әбені 95 жылдық мерейтойымен құттықтаған жеделхатында: «Сізді егемен еліміздің әдебиеті мен мәдениетінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан аса көрнекті жазушы, сөз өнерінің патриархы ретінде қадірлейміз. Қазақ қаламгерлері арасынан дараланып шығып, бірегей тұлға дәрежесіне көтерілген өзіңізді үнемі мақтан етеміз» деген еді. Мемлекет басшысының бағалауы Әбдіжәміл Нұрпейісов тұлғасындағы биіктікке өлшем болады.
Шын мәнінде жазушының рухына жасалған құрмет – ұрпақтың рухани қазынасын молайта түсудің бір жолы. Қазақ халқының, қазақ әдебиетінің тойы – Қазақстанның Халық жазушысы, сөз өнерінің патриархы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдығы құтты болсын!», – деді Н.Нәлібаев.
Сондай-ақ, облыс әкімі қаламгерлердің қарашаңырағы Қазақстан Жазушылар одағының 90 жылдығымен құттықтады.
«Алыптардың ісін лайықты жалғаған, «Әдебиет – ардың ісі» деген қағиданы берік ұстанған, қазақ елінің руханияты мен әдебиетін өркендету жолындағы жұмыстарыңызға табыс тілеймін», – деді аймақ басшысы.
Айта кету керек, жақында ғана Алматы қаласында Қазақстан Жазушылар одағының бастамасымен және «Қазақ ПЕН» клубының ұйымдастыруымен Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-танымдық конференциялар өтті. Конференцияға Мәдениет және ақпарат министрі арнайы қатысып, ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының жеделхатын табыстады. Шетелдік және отандық ғалымдар баяндама оқып, «Біздің Әбе» атты естелік кітаптың тұсауы кесілді, жазушының тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды.
Қаламгердің туған жері Сыр өңіріндегі «Руханият жылы» аясында жыл бойы тағылымды шаралар өткізіліп, қазан айынан бері «Әлем таныған Әбе» атауымен кешенді рухани-танымдық топтамаларға басымдық берілуде. «Қалам ұшындағы ғалам» атты халықаралық суретшілер симпозиумы, «Теңіз текті тұлға» атты республикалық шығармашылық байқау, естелік кітаптардың жарық көруі, Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада өткен «Кітап және қаламгер» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы – соның айғағы.
Бүгінгі іс-шарада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «ТҮРКСОЙ» Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің 70 жасына орай ақынға сый-құрмет көрсетілді. Аймақ басшысы «Құрмет грамотасын» табыстап, дәстүрге сай иығына шапан жапты.
Еске алу кешінде арнау айтылып, «Қан мен тер», «Сең» спектакльдерінен үзінді көрсетілді, өңір өнерпаздары жыр шашуын жолдады.
Рухани шаралар ертең қаламгердің туған топырағы Арал ауданында жалғасады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!