Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-0°C

, Жұма, 06 желтоқсан, 18:16

Тәрбие – тал бесіктен

16.05.2023

520

0

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген нақыл сөз бар. Бір ауыз сөз елдің санасы сонау бесік тәрбиесімен байланысы зор екенін айтады. Қазақ даналығының алтын қазынасы тіл мен тәрбиеде жатқаны анық. Ғасырлар бойы қазақ жұртының өмірден алған тәжірибесі, ұлттық құндылықтар бүгінгі ұрпаққа берілген мол мұра. Енді сол ұлтқа тән барлық құнды құндылықтар мен мол мұраларымызды дәріптеп, келешекте де желісін үзбейтіндей дәрежеге жеткізу, ұлттық болмысымызды айқындайтын ерекшеліктерімізбен ұрпақтың санасын тәрбиелеу, оларды бойға сіңіру бүгінгінің еншісіндегі іс. Әсіресе атам заманнан басты мәселе саналған ұрпақ тәрбиесіне көңіл бөлудің маңызы зор. Бұл тұста заманның талабына сай көшке ілесемін деп, нанталап тірлікпен бала тәрбиесінен кешеуілдеп қалудан, байланысты үзіп алудан сақ болу қажет.

Әрине, бала тәрбиесінің толықтай берілетін орны – отбасы. Ал сол отбасы – киелі ұғым, ол әрбір адам бала­сының кішігірім Отаны. Отбасы – өмірдің мағынасы, мәні. Сондықтан қазақ халқы қашанда отбасы беріктігі мен шаңырақтың шайқалмауын жоғары қойған. Қазіргі таңда көз алдымызда орын алып жатқан келеңсіз жағдайлардың көбі жасөспірімдердің бақылаусыз қа­луынан болуда. Бұған талас жоқ, өйт­кені баланы бақылап, үнемі онымен байланыс орнатып отырмасаң еркінсіп кетеді. Кей бала тоқшылықтан түрлі құқық бұзушылықтарға барса, кейбірі жоқшылықтың салдарынан өз өмірлерін қиындатып жатады. Бірақ қоғам мұны ата-ана мен баланың арасындағы бай­ланыстың үзіліп қалуынан десе, кей ата-ана мектептегі ұстаздардың тәрбие берудегі салғырттығына теліп қоя салады. Алайда бала әуелі ата-анасы үшін керек, ата-анасы үшін баға жетпес байлық. Сондықтан әрбір ата-ана төл перзентінің болашағын ойлайтын болса, ата-ана мен бала арасындағы бай­ланысты нығайтып, мейірім мен қа­тал­дықты таразының басындай тең ұстауы тиіс. Әсіресе жасөспірімдердің өтпелі кезеңіндегі алып-ұшып тұрған көңі­лін, құбылмалы мінезін және қисық әрекеттерін жақсыға жеңдіруге тырысуы керек. Баланы осы өтпелі кезеңнен аман, жүріс-тұрысын түзу, мінезін келісті етіп алып шығар болсақ, ары қарай өз-өз­деріне иелік ете алатындай жағдайға жетеді.
Мектеп қабырғасында балалардың білім алуына ұстаздары еңбек етсе, тәрбиені бойларына сіңіруіне ұс­таз­дармен қатар ата-аналар да жауап­кер­шілік жүгін сезінуі керек. Бұл ретте әрине ата-аналар бейқам демейміз. Өйткені қазірдің өзінде әрбір мектеп жанынан құрылған ата-аналар комитеті бар. Олар балалардың тәлімі мен тәрбиесін толықтыру мақсатында жүйелі жұмыс істеп келеді. Кеше осы ата-аналар ко­­ми­тетінің жұмысын жүйелендіру, жан­­­дандыру бағытында «AMANAT» пар­тиясы Жалағаш аудандық филиа­лында «Бала тәрбиесіндегі ата-ана жауап­кер­шілігін арттыру – басты мақсат» тақырыбында кездесу өтті.
Жиында «AMANAT» партиясы Жала­ғаш аудандық филиалының Ат­қарушы хатшысы Қаншагүл Мұстафаева тө­рағалық етті. Аталған шараға аудандық білім бөлімінің басшысы, «Дарын» БПҰ төрағасы Талғат Садықов, аудандық Жастар ресурстық орталығының ди­рек­торы, «Жастар» БПҰ төрағасы Нұржан Амандық, аудандағы білім орда­ла­рындағы ата-аналар комитетінің төра­ғалары, директордың тәрбие ісі жө­нін­дегі орынбасарлары қатысты.
Жиынның негізгі мақсаты – ата-ана­­ның бала тәрбиесіндегі жауап­кер­ші­лігін нығайту, балалардың жазғы де­малыс уақыттарын тиімді пайда­лану, жат қылықтардан сақтап, тәр­бие­ге баулу, жас ұрпақтың бойына ру­хани құндылықтарды қалыптастыру болса, білім ұйымдарының тәрбие ісі жөніндегі орынбасараларына ата-ана­лармен бірлесе отырып жазғы мек­тепті еңбекке бағыттау мәселесі қоса талқыланды. «Жалпы ұрпақ тәр­бие­сіне дана халқымыз қашанда бей-жай қарамағаны белгілі. Балаға жақсы тәлімді де парасатты тәрбие беру – ата-ананың парызы. Сондықтан қазіргі заманда жас жеткіншектеріміздің үл­кенді сыйлау, ұлттық дәстүрімізді білу оны күнделікті өмірде қолдану және еңбекке баулуымыз қажет», – деген Қаншагүл Шоңмұрынқызы баланың тұлға болып қалыптасуына ең алдымен ата-ана жауапты екенін де жасырмады.
Расымен, тәрбиенің өзегі – бала бойына адамгершілік пен рухани құн­ды­лықты сіңіру. Құнды қасиеттерді бойына сіңіру, рухани дүниесі жетілген адамды қалыптастыру туған кезінен басталуы керек дейді халық даналығы. Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оған көмектесе алмайсың. Баланы тәр­бие­леу де осы секілді ерте жастан басталса, жемісін береді. Балаға жас кезінде әсер ететін құбылыстар әртүрлі болғанмен, оларды тәрбиелеуші, әрине ата-ана.
– Бүгінгі жас – ертеңгі ел болашағы. Бала тәрбиесіне салғырт қарамау үшін ұстаз да, ата-ана да атсалысуы керек. Әсіресе салмақтың ата-аналарға тү­се­тінін ескеруге тиіспіз. Мектеп жиын­дарына да ата-аналар белсенді қа­ты­сып, балаларының білім деңгейін, жақсы әдеттері мен кемшін тұстарын жете қадағалап отыруы көптеген мәсе­ленің алдын алуда септігін тигізеді. Біз ата-аналар комитетімен бірлесе оты­рып, алдағы жазғы демалысты тиімді ұйымдастыруды қолға аламыз. Бала­лардың әркез бақылауда болуы үшін жұмыс жасап, түрлі құқық бұзу­шы­лықтардың алдын аламыз. Еңбекке баулимыз, қайырымыдылық шара­ла­ры­ның маңызын түсіндіреміз, жалпы баланың керексіз іспен айналсуына уақыт қалдырмаймыз. Бұл ретте ата-аналар – өздеріңіздің көмектеріңіз ауа­дай қажет екенін айтқым келеді. Бар­шамыз бірігу арқылы біз саналы ұрпақ, сапалы білім, тәрбиелі қоғам қалып­тастырамыз, – деді Талғат Садықов.
Мұнан бөлек аудандық Жастар ре­сурстық орталығының директоры, «Жастар» БПҰ төрағасы Нұржан Аман­дық та жастар арасында аудан ор­та­­лығындағы атқарылып жатқан жұ­мыстарға тоқталып, жастарды кітап оқып, пайдалы істермен айналысуына жастар орталығының да жұмыс жасайтынын жеткізді. Жиын барысында «AMANAT» партиясы Жалағаш ау­дан­дық филиалының Атқарушы хатшысы Қаншагүл Шоңмұрынқызы ата-аналар комитеті мен мүшелерін белсенділігіне, ұйымдастырушылық қабілетіне қа­рай отырып қайта жасақтауды, апта сайын ата-аналар комитетінің ұйым­дас­­тыруымен жұмыс жоспарын жүйе­­леп, шара өткізуді ұсынды. Кез­де­суге жиналған ата-аналар коми­те­тінің төрағалары мен мектеп директор­ла­рының тәрбие ісі жөніндегі орынбасар­лары өз ойларын ортаға салды.

Н.АЛМАСҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: