«Наркескен» спорт клубының ұйымдастыруымен белгілі кәсіпкер, спорт жанашыры Алмас Досымовты еске алуға арналған гір спортынан облыстық ашық турнир өтті. Оған жергілікті спортшылардан бөлек Сырдария, Арал, Қармақшы ауданынан келген 60-қа жуық үміткер қатысты.
– Бұл турнир биыл 4-ші рет ұйымдастырылып отыр. Жарыс 8 салмақ дәрежесінде ұзын айналым жаттығуы бойынша өткізілді. Турнирге тыңғылықты дайындықтың арқасында келген аудан спортшылары 8 салмақ дәрежесінде өткен сайыстың 7-еуінде І орынды иеленді, – дейді гір спорты үйірмесінің жаттықтырушысы Абдулхасан Сейтенов.
Спортшыларға гір спортының аға жаттықтырушысы Оразбек Медетбаев, Арал ауданының аға жаттықтырушысы, спорт төрешісі Қайсар Разақов, №202 орта мектептің дене тәрбиесі мұғалімі Мейрамбек Есназаров пен бірінші санатты төреші, ауданның аға жаттықтырушысы Абдулхасан Сейтенов төрелік етті.
2010 жылы туған және одан кіші жасөспірімдер арасында 38 келі салмақта І орын Мешітбек Ержанға ІІ орын Өмірбек Нұрасылға, ІІІ орын Мұрадәли Қазынабекке бұйырды. Ал 48 келі салмақта Қармақшы ауданынан келген Маратбек Арнұр көш бастады. ІІ орынға жалағаштық Жаңаберген Арнұр ие болса, тағы бір спортшымыз Ермекбаев Асқар үздік үштікті түйіндеді.
2008 жылы туған және одан кіші жасөспірімдер арасында 58 келі салмақта үш орынды да жалағаштық спортшылар алды. Бұл сайыста Өмірбек Әлтайыр қарсылас шақ келтірмеді. Ал Қартаңбай Жандәулет екінші орын еншілесе, Жәнібек Нұрдаулет үшінші орынға тұрақтады. 58 келіден жоғары салмақта өткен жарыста І орын Ербол Әзизге бұйырды. Мұнан кейінгі орынға Нұрлан Қуаныш жайғасса, ІІІ орын Әділбекұлы Өтегенге бұйырды.
2006-2007 жылы туған ұлдар арасында абсолют салмақта өткен сайыста І орын Орынбасар Нұрисламға берілді. ІІ орынға Кажденбек Еркебұлан жайғасса, ІІІ орынға Оразбекұлы Әлизан лайық деп танылды. Ал қыздар арасында абсолют салмақта аудан спортшысы Аймағанбет Арайлым көш бастады. ІІ орынға Сырдария ауданының спортшысы Оразбекқызы Шакиза ие болса, ІІІ орын қармақшылық Аружан Жайшылықоваға бұйырды.
Ересектер арасында 80 келіге дейінгі салмақта Төлеген Қайсар тағы да топ жарды. Ғанибек Әбілбаев ІІ орынға ие болса, Ислам Мажиев ІІІ орынға тұрақтады. Ересектер арасында дәл осы салмақта «Наркескен» спорт клубы гір спорты үйірмесінің жаттықтырушысы Сейтенов Абдулхасан көш бастады. Мұнан кейінгі орындарға Сырдария ауданынан келген Төлеген Жеңісбек пен қармақшылық спортшы Бекмұрат Нысанбаев жайғасты.
Сайыс соңында жеңімпаздарға аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің дипломы, жеке кәсіпкер, аудандық мәслихат депутаты Қайрат Досымовтың демеушілігімен қаржылай сыйақы, медальдар табысталды. Аудан абыройын арқалаған спортшыларымыз бұл турнирде 7 алтын, 3 күміс, 5 қола иеленді.
А.ЕРЖАНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!