Бүгінде Жалағашқа келген қонақтар кенттің тазалығына таңқалып, тамсанып жатады. Шыны керек, аудан орталығы соңғы уақытта қоқыстан тазарып, көшелеріміз көркейіп-көгалданды. Бұрын ауламыздан қоқыс шығару үлкен мәселе еді. Қазір бұл мәселе де шешімін тапты. Нақтырақ айтсам, қоқысты қапқа салып, аула сыртына шығарып қойсаң, таң атысымен кент әкімшілігінің қызметкерлері көлікпен жинап алып кетеді. Сондай-ақ қоқыс жәшіктері де орналасқан. Бір сөзбен айтқанда, аудан тазалығына жауап беретін азаматтардың жұмысында жүйе қалыптасқан.
Жалпы тазалық пен кент келбетінің көркі жайлы аудандық газетке бірнеше рет мақала шығарып, тұрғындарды тазалыққа шақыруды үздіксіз жүргізіп келеміз. Тазалықты жай ғана қарапайым сөз емес, үлкен ұлағатты, мағыналы сөздердің бірі ретінде қарап түсінуіміз қажет. Себебі тазалық – адамның рухани, мәдени жетілу деңгейінің, кісілігі мен тәрбиесінің маңызды көрсеткішінің бірі. Ол жан-жақты адам өмірін, болашағын, ақыретін, имандылығы мен адамгершілік сияқты кісі ғұмырына тән көптеген тармақтарды қамтиды. Даналарымыз адам өмірінің зор байлығы – денсаулық десе, ал денсаулықтың кепілі – тазалық екенін ұғындырған. Алла елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.): «Тазалық – иманның жартысы» – дейді.
Жақында көршінің иті өліп, өлекседен шыққан жағымсыз иіс көше бойын алды. Көше тұрғындарының мазасы қашып, барлығы көшеге шығып кетіпті. Иттің егесі болса, өлген иттің денесін қайда алып бару керектігін білмей, шарасыздық танытуда. Дереу кент әкімшілігі қызметкерлеріне қоңырау шалып, болған жайтты түсіндірдім. Әкімшілік қызметкерлері мекен жайды сұрастырып, медициналық қолғап, маскасыз өлексеге жақындауға болмайтынын жеткізді. Олар бар-жоғы 10 минутта біздің көшемізде болды. Кәсіби түрде итті алып, арнайы көлікпен белгіленген жерге өлексені жоюға жөнелді. Мақтағандық емес, ауданның тазалығы осындай жүйелі жұмыстардан бастау алатыны заңдылық емес пе?
Жыл сайын елді мекендерді көркейту-көгалдандыру бағытында көптеген жұмыс атқарылады. Әкімдік тарапынан өкімдер шығып, күз және көктем мезгілдерінде тазалық-санитариялық, көркейту-көгалдандыру айлықтары жарияланады. Бүгінде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында аудан орталығында, елді мекендерде жаппай сенбілік шаралары белсенді өтуде. Акция аясында көшелер жиналып, қоқыстар мен қатты қалдықтар шығарылып, көптеген ағаш отырғызылды. Сонымен қатар көше жолақтары сызылып, аллеяларда сырлау жұмыстары жүргізілді.
Мұнан бөлек аудан тұрғындарына үйлерінің сыртқы келбетін және өздері мекен ететін көшесін таза ұстауға, көгалдандыруға, аула маңын жақсартуға насихаттау, елді мекенді абаттандыру жолындағы бастамаларын қолдау және ынталандыруға бағытталған «Жасыл көше – 2024», «Үздік аула» байқаулары ұйымдастырылуда. Осындай шаралар тұрғындардың экологиялық мәдениетінің одан әрі көтерілуіне ықпал етуде.
Дұрыс, әкімдік тарапынан тиісті шаралар атқарылады. Десе де тұрғындар аудан тазалығын, өлкенің өмір сүруге қолайлылығын қамтамасыз етуді тек жергілікті билікке артып қою надандық деп ойлаймын. Тіпті, талай адамның үйін әктеп, сырлап берсе де сондай іс жасауға міндеттідей, үйінен шықпай отыра беретіндер де бар. Ащы болса да шындық, айналасын тазарту түгілі, қоқысты кез келген орынға лақтыра салатын азаматтар да кездесіп жатады. Өз ауласындағы моншасының суын да кәріз жүйесі арқылы көшедегі арыққа ағызып отырғандар да болды.
Шыны керек, көктем шығысымен, ала жаздай қоқыспен алыссақ та, кейде күзде қайта ластанған кейіпке еніп жатамыз. Оның міндеті мен ауыртпалығын жауапты қызметкерлерге ысырып қою қисынға келмейді. Әрине, олардың бұл тікелей міндеті шығар, дегенмен әрбір тұрғында туған өлкеге деген жанашырлық пен сүйіспеншілік болуы керек. Сондықтан ортақ іске бөле-жара қарап, жауаптыларға жауапкершілік арқалатпай, түсінген адамға ауылының тазалығына ортақтасатын кез келді. Ең болмаса, үй сырты мен аула тазалығына мән берсек, көшеге де көз тастап қою нағыз азаматтық іс болар еді.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!