Өткен жұмада Ақсу ауылдық клубының ұйымдастыруымен «Жұмысшылар жылы», «Сұхбат тайм» жобалары аясында «Еселі еңбектің жемісі» атты еңбек адамы Зейнегүл Тоқтыбаевамен кездесу өтті. Кездесуде ауыл азаматтары, бірге жұмыс жасап, кешегі күннің қилы жолын көрген ардагер аналар өткеннің өнегелі әңгімесімен бөлісті.
Қазіргі заманда қыз-келіншектер үшін көлік айдау таңсық болмаса да, трактор тізгіндеген қыздар қауымы сирек кездесетіні рас. Олар – тек отбасының ұйытқысы ғана емес, ауыл шаруашылығының дамуына зор үлес қосқан, шын мәніндегі көшбасшылар. Дала төсінде тер төгіп, егін еккендердің қатарында Зейнегүл Нұрлыбекқызы да бар. Аққұм ауылында Нұрлыбек аға мен Ағайша анамыздың шаңырағында 1964 жылы тұңғышы Зейнегүл апа дүние есігін ашады. Орта мектепті ойдағыдай аяқтаған соң қайсар мінезді жас бойжеткен кәсіптік-техникалық училищенің табалдырығын аттады. 1982 жылы маусым айында Ақсу ауылына жолдамамен тракторшы болып жұмысқа орналасты. 1991 жылға дейін Аудандық кеңесте 2 мәрте, облыстық кеңесте 1 рет депутат болып сайланды. Арнайы есімі жазылған тракторды Комсомол комитеті облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан арнайы табыстапты.
Партиялық билет табысталған күні оның еңбек жолындағы жаңа бір белес басталды. Партия қатарына өтуі жауапкершілікті арттырып, қоғамдық іске деген ықыласын бұрынғыдан да еселей түсті. Кейін аудандық «Халықтық бақылау» мүшесі болып әділдікті қадағалауға атсалысты.
Қазына Өздебаева мен Дариха Асқарбаева – Зейнегүл апамен сол бір еңбек пен өрлеудің тоғысқан жылдарында совхоздың егін және мен мал шаруашылығына бірдей бел шешіп кіріскен жандар. Таңның атысынан күннің батысына дейін тынбай тер төгіп, ауылдың берекесін арттырған әпкелердің арқалаған жүгі жеңіл емес еді. Әсіресе кең алқапты дүбірлеткен трактор тізгінін құрыштай қайсарлықпен ұстап, ер азаматпен қатар тер төккені бүгінге дейін ел есінде. Қара топырақты қақ жарып өткен темір тұлпардың гуіліне араласқан олардың жігерлі бейнесі – сол уақыттың шынайы шежіресі, еңбектің ешқашан еленбей қалмайтынын дәлелдейтін көзкөрген тарих.
Бар-жоғы он сегіз жасында Зейнегүл апа алғаш рет трактор рөліне отырды. Жас қыздың маңдайына жазылған механизаторлық еңбек жолының алғашқы күні әлі күнге дейін жүрегінде жаңғырып тұр. Сол тұста өзі айдаған ең алғашқы техникасы – МТЗ-80 тракторы. Темір тұлпардың күркіреген үніне үйреніп, оны он жыл бойы тізгіндеп, даланың ең жауапты жұмыстарына қалтқысыз араласты. Қай маусымда болсын қиындықты жатсынбады. Көктем туса, күріш себу науқанына кірісіп, күз айында пресс, рулон бастырды, ал қыстың қақаған аязында сексеуіл басып, ауыл тұрғындарына қолғабыс етті. Әр ісіне тиянақты қарап, қандай тапсырма жүктелсе де мінсіз орындап үйренген еді. Тіпті он жыл ішінде үш бірдей трактор беріліп, бұзылса өз қолымен жөндеп, майын да, механизмін де қалпына келтіруден қашпаған. Зейнегүл апаның темірмен тіл табысқан шеберлігі мен адалдығы сол жылдардың ең жарқын естеліктері болып қалды.
Бұрынғы темір тұлпар бүгінгідей кілт бұрасаң, әп-сәтте от ала қоятын замананың жеңіл техникасы емес. Ол кездің тракторының мінезі бөлек, өзіне лайық тәртібі бар қайсар машина. Жүргізу үшін кісі жігері мен білек күшін қатар сынайтын «тартып оталдыру» тәсілін білмесең, орнынан қозғалмайтын. Кейіпкеріміз сол бір қиындықты да жымиып еске алады. Кезекті жұмыс күні ұжымдас жігіттердің бірі «зажиганиесін» теріс қойып, тракторды оталдырмақ болғанда қолын жұлып кете жаздағаны бар. «Қиындыққа мойымау керек» дейді апа бүгінде сол сәтті еске алып. Талай мехнатты жеңіп шыққан еңбекқор жанның жымиысы сол күндердің өзін жеңілдетіп жібергендей.
1986 жылдары бүгінде еңсесі биік №116 білім ордасының іргетасын қалаушылардың бірі болды. Ал келер жылы, 1987-де совхоз директоры адал да табанды еңбегін бағалап, оны бір айлық туристік сапармен Болгарияға жіберген. Тарихи сапарында Қара теңіздің жағасын көріп, еңбектің арқасында ғана бұйыратын алыс сапардың лебін сезініп қайтты.
Ел тәуелсіздік алған тарихи жылы Зейнегүл апамыз өмірлік серігі Мейрамбек ағамен шаңырақ көтеріп, берекесі ұйыған отбасының түтінін түзу ұшырды. Бүгінде екеуі елге үлгі боларлық бес бірдей перзентті тәрбиелеп, ұрпақ алдындағы парызын абыроймен атқарып келеді. Уақыт өкшелеп озғанымен, апаның тынымсыз еңбегі тоқтаған емес. 2018 жылдан бері жеке кәсібін дөңгелентіп, мал шаруашылығының, соның ішінде сүт бағытындағы еңбектің тізгінін нық ұстауда. Иіні жылымық келетін сүттің иісі аңқыған қорада бағылған сиырлар оның еңбегінің нәсібі болса, асылтұқымды бұқалар – шаруа сапасының белгісі. Кейіпкеріміздің қолынан шыққан табиғи сүт, ірімшік, бидай көже бүгінде аудан дүкендерінде ойып тұрып орын алады.
«Жұмысшы мамандықтар жылының» мәні мен мағынасы да осындай жандардың еңбегімен өлшенеді. Жастық жігерге толы жылдардағы табандылығы, өр мінезі мен маңдай тері бүгінгі буынға үлгі болар өрнекті өмір жолын қалыптастырды. Зейнегүл апаның әр белесі, әр естелігі қайсар қазақ әйелінің тіршілік теперішіне мойымай, еңбекпен есейіп, өмірдің өріне шыққанын дәлелдейтін тағылымды тарих іспетті.
Гүлжан ЕСЖАН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!