Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-3°C

, Бейсенбі, 14 қараша, 06:47

Түйеқұс өсіріп, табыс тапқан

25.07.2023

310

0

Бірер жыл бұрын Жамбыл ауданына қарасты Шайқорық ауылының азаматтары Нұрғиса мен Нұрбол Қуанышбаевтың ауласына енгенде, қара құрлық саваннасына тап болғандай күй кешкен едік. Түйеқұс асырап, табыс табудың жолын таңдағандардың көшін өңірде дәл осы отбасы бастап тұрғаны сөзсіз.

Екі түйеқұсты өсіріп отырған Қуанышбаев­тар отбасында үндістандық тауыс та бар. Айтуларынша, қара құрлықтың түйеқұсына күніне бірнеше мәрте азық беріледі. Нақтырақ айтар болсақ, бір сиырдың жем-шөбі кетіп қалады.

«Бүгінгі күні екі бірдей түйеқұс өсіріп отырмыз. Олар күнара жұмыртқалайды. Жұмыртқасының салмағы екі килоға дейін жетеді. Африкалық қызылмойын түйеқұсын асырап келе жатқанымызға төрт жылдың жүзі болды.

Жұрт үшін тосындау көрінетін түйеқұсты күтіп-баптау – аса қиын шаруа емес. Уақтылы жем-шөбін беріп отырсаң болғаны. Бір маусымда аналық басы 50-60 жұмыртқа береді. Қысқасы, бір аналық бастан екі тоннаға дейін ет алуға болады. Ал түйеқұстың салмағы бір жылда жүз килоға дейін жетеді. Аны­ғы­рақ айтсақ, арада жыл өткенде сойып, етін өт­кізуге де мүмкіндік өте мол», дейді отба­сы­ның отағасы Абрахим Қуанышбаев жағдайды түсіндіріп.

Қара құрлықтан қызылмойын деп аталатын түйеқұсты әкеліп, жаңа кәсіптен нәсіп іздеген Қуанышбаевтар отбасы балық өсіру ісін де мықтап қолға алған. Біршама уақыт бұрын үй маңынан балық өсіруге арналған инкубаторлық цехтың құрылысын аяқтаған. Бұл кәсіптің де игілігін көріп, табысын еселеуге ниеттеніп отыр.

Қуанышбаевтар отбасынан үлгі алғандар бүгінде өңірде аз емес. Шу ауданына қарасты Төле би ауылының тұрғыны «Шу ауданының тұрғындары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бахадыр Масайытов та қара құрлықтан әкелінген түйеқұстарды өсіруді кәсіп еткен.

«Қазіргі таңда фермадан табыс табуды мақсат етіп отырған жоқпыз. Қолға алған істі өркендету үшін барлық мүмкіндікті пайдаланып жатқан жайымыз бар. Түптің түбінде кәсіптен нәсіпті болуға барлық мүмкіндік бар. Ол үшін түйеқұстың санын көбейтуіміз керек. Сол арқылы ет өнімін саудаға шығаруға болады.

Түсіне білген адам түйеқұс етінің құра­мында пайдалы дәрумендер жеткілікті екенін біледі. Онда ақуыз мол. Ал мамандар түйеқұс етінің адам денсаулығына пайдасы зор екенін ілгеріде-ақ дәлелдеп тастаған», дейді Бахадыр Масайытов жаңа кәсіпті игерудің жолын нұсқап.

Ол келтірген деректерге сенсек, түйеқұстың қауырсындары мен терісі сән және дизайн индустриясында айтарлықтай сұранысқа ие екен. Ал оның бір жұмыртқасының салмағы ауылдағы алпыс тауық жұмыртқасының салмағымен тең көрінеді.

«Бірінші кезекте құстарға арналған үйшік болуы шарт. Оны жылытудың аса қажеті жоқ. Неге десеңіз олар айналасына қажетті жылуды өздері бөледі. Қысқасы, қыстың қытымыр аязында еш қиналмайды. Бір қызығы олар ылғалды жерді жатсынады. Құстарды баптап өсіретін аумақтың кең болғаны абзал.

Түйеқұсты қоректендіру аса көп уақытты алмайды. Олар кез келген нәрсені азық ретінде пайдалана береді. Ағаштың діңгектері, шөп, жапырақтар, түрлі жәндіктермен қоректенеді. Ал олар орналасқан жер аумағы кең болса, азық та мол болады деген сөз. Бұдан бөлек бидай, жеміс-жидек, дәрумендік қоспаларды да сүйсініп жейді. Түйіп айтар болсақ, Қазақстанды жерсінген түйеқұсты қоректендіру айтарлықтай зор мәселе емес», дейді Б. Масайытов африкалық құстың артықшылықтарына тоқталып.

Әулиеата топырағына әуелде Қуаныш­баевтар отбасы әкеліп жерсіндіргеннен кейін түйеқұс өсіруге ниеттенген азаматтардың қарасы артты. Бүгінде Жамбыл облысының бірнеше ауданында түйеқұс өсіруге бейім­денген азаматтар баршылық. Олар ебін тапқанға түйеқұс өсіру де әжептеуір табыс әкелетін кәсіп екенін айтып отыр.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: