Ішкі істер министрлігі тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны ары қарай күшейту шараларын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
2023 жылдың соңында президенттің жарлығымен Адам құқықтары және заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспары бекітілді. Оған сәйкес, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ отбасылық құндылықтарды ілгерілету жөніндегі шараларды күшейту бойынша заңнамалық түзетулер әзірленді.
Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақмарал Серікбаеваның айтуынша, алдағы уақытта денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу сияқты әрекеттер үшін қылмыстық жазаға тарту жоспарланып отыр.
«Құқық бұзушының мінез-құлқына қойылатын ерекше талаптар шеңберінде сотқа «агрессорды» тұрғын үйден уақытша шығару құқығы беріледі. Оған әлеуметтік бейімделу орталықтарында өз іс-әрекетін ой-елегінен өткізуге мүмкіндік беріледі», – деді Серікбаева.
Сондай-ақ сот басбұзарды денсаулық сақтау ұйымдарында міндетті психокоррекциялық курстардан өтуге міндеттей алады.
«Осыған ұқсас ерекше талаптар Қылмыстық кодекс шеңберінде де белгіленеді. Сонымен қатар ішкі істер министрлігінде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі мамандандырылған дербес бөлімше құрылады. Ол бөлімшелер тек тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күреспен айналысады», – деп атап өтті инспектор.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!