Білім саласында қажырлы еңбек етіп, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуде өзінің қолтаңбасын қалдырған Раушан Қожагелдиеваның есімі Жалағаш жұртына етене таныс. Алғаш еңбек жолын 1979 жылы Жалағаш ауданына қарасты сол кездегі Қышбөгет елді мекеніндегі №236 орта мектепте мұғалім болып бастаған ол 1981-1982 оқу жылында Жалағаш кентіндегі №246 орта мектепте ұстаздық қызметін жалғастырды. Ұлағатты ұстаз 1982 жылдан бастап 2017 жылға дейін Таң ауылындағы №118 орта мектепте жемісті қызмет етіп, құрметті еңбек демалысына шықты.
Білікті педагог 40 жылға жуық ғұмырын мектеп қабырғасында өткізді. Мыңдаған шәкірттің қолына қалам ұстатып, жазуды үйретіп, әріп танытып, қаншама балаға бағдаршам болды. Саналы ғұмырында қажыр-қайратын, қарым-қабілетін ұлт болашағы жас ұрпақтың тәрбиесіне арнады. Бүгінде білікті педагогтан білім алған шәкірттері әр салада жеткен жетістігін ұлағатты ұстаздан алған білімімен, тәлім-тәрбиесімен байланыстырады. Кезінде ұлағатты ұстаздың жетекшілігімен бірнеше сайыста, олимпиадаларда, шығармашылық байқауларға қатысқан оқушылары білім бәйгелерінде биіктен көрініп, шәкірттері мектептің мақтанышына айналды. Бірқатар шәкірті «Үздік аттестат», «Алтын белгі» иегері атанды. Оқушылары ҰБТ-дан жоғары балл жинап, еліміздегі маңдайалды жоғары оқу орындарында мемлекеттік грантпен білім алу мүмкіндігіне ие болды.
Таң ауылындағы №118 орта мектепте «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, ұлағатты ұстаз Раушан Қожагелдиеваны еске алуға арналған тағылымды шара өтті. Онда білім саласында ұзақ жыл абыройлы қызмет атқарып, шәкірт тәрбиелеуде елеулі із қалдырған Раушан Жарылқапқызының өмірі мен еңбегі өскелең ұрпаққа кеңінен насихатталды.
Іс-шараға облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов, «Amanat» партиясы облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай және аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов, ұлағатты ұстаздың отбасы, бауырлары, әріптестері, шәкірттері және ауыл тұрғындары қатысып, жүрекжарды естеліктерімен бөлісті.
Тағылымды шарада орта мектеп базасынан ұстаздың құрметіне арнайы кабинет ашылып, оның өмір жолы мен еңбек жолынан сыр шертетін бұрыштар ұйымдастырылды. Сонымен қатар бастауыш сынып мұғалімдері мен оқушыларына арналған логикалық олимпиада өтті. Логикалық олимпиадаға қатысқан аудан оқушылары мен бастауыш сынып мұғалімдері тапқырлық пен білімдерін ортаға салып, жеңімпаздар облыстық білім басқармасы басшысының арнайы дипломдарымен және отбасының тағайындаған бағалы сыйлықтарымен марапатталды.
Жаны жаңалыққа құмар тәжірибелі педагог өзінің ерен еңбегінің арқасында зейнет жасына үлкен аброймен жетті. Білімді де білікті, әрбір ісіне тыңғылықты, ұрпақ тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын ұлағатты ұстаздың еңбегі жоғары бағаланып, сан мәрте құрметке бөленді. 1983 жылы ҚазЛКСМ Жалағаш аудандық комитетінің және аудандық білім бөлімінің «Құрмет» грамотасына ие болса, 1992-2001 жылдары оқыту мен тәрбие берудегі үлгілі еңбегі үшін аудандық білім бөлімінің «Құрмет» грамотасымен марапатталды. Ол 1997 жылы аудандық атаулы мектептің шығармашылық ізденіс жұмыстарына белсене араласқаны үшін де «Құрмет» грамотасына лайық деп танылды. Ал 2006 жылы облыстық кәсіподақ комитетінің «Құрмет» грамотасы берілді. 2012 жылы аудан әкімінің алғыс хатына ие болса, араға екі жыл салып, облыстық білім басқармасының «Құрмет» грамотасымен марапатталды. 2017 жылы облыс әкімі орынбасарының алғыс хатына ие болса, 2023 жылы ҚР Оқу-ағарту министрінің алғыс хатымен марапатталды. Бұл марапат ұзақ жыл бойы табанды еткен еңбектің жемісі екені даусыз.
Раушан Қожагелдиеваның тек ауданның ғана емес, еліміздің білім саласында серпін қалыптастыруда өзіндік қолтаңбасы бар. Қазір оның салаға сіңірген еңбегін, басқа да алған марапаттарын тізе берсек, өз алдына бір еңбекке арқау болары анық. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында ұстаздар күніне арналған салтанатты жиында саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаз Раушан Жарылқапқызына Білім және ғылым министрлігінің «Ы.Алтынсарин» төсбелгісі табысталды. Білім беру саласындағы ең жоғары бұл марапат осынау ұстаздық ғұмырына берілген лайықты баға деп білеміз.
Бұл шара – жай ғана білім сайысы емес, ұстаз еңбегіне көрсетілген құрмет пен шәкірттерге артылған зор сенімнің жарқын көрінісі болды. Облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Темірбекұлы саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған, ұстаздық мамандыққа адал болған Раушан Жарылқапқызы туралы естелігімен бөлісті. Сонымен қатар рухани кеште сөз алған партияның облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай, аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов, ұлағатты ұстаздың еңбегін ұрпаққа үлгі етумен қатар шәкірттерін патриоттық рухта тәрбиелеген асыл жанның рухына көрсетілген шынайы құрмет екенін атап өтті. «Amanat» партиясы атынан олимпиадаға қатысушы ұстаздар алғыс хатпен марапатталып, аудан әкімдігі атынан арнайы ашылған оқу кабинеті үшін бағалы сыйлық табысталды.
Ерлан АНУАРҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!