Дана халқымыз «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деп текке айтпаса керек. Осынау жауапкершілігі мол мамандықтың қыр-сырын жетік меңгерген, ыстығы мен суығына төзе білген, үнемі оқу процесінде білім беріп қана қоймай, тәрбиелік бағытты ұштастыра алатын, сабақтағы әдіс-тәсілдері мен шығармашылықпен айналысатын ұстаз ғана үлкен жетістікке жетері сөзсіз. Осындай ұстаздардың бірі – Мырзабай ахун ауылындағы №122 орта мектептің химия пәнініңмұғалімі Фариза Құндызбаева.
Фариза – жоғары кәсіби, шығармашылық қасиетке ие үздік ұстаз. Өзін-өзі үнемі дамытып, оқу ордасында өз тәжірибесін арттыра отырып, мақсат-міндеттерін тиімді айқындауға ұмтылған қазіргі заманғы білікті маман. Сонымен қатар Фариза Бегімсалқызы – әрқашан шығармашылық және кәсіби ізденумен жүретін сауатты әрі жауапты ұстаз. Әртүрлі біліктілікті арттыру курстары мен семинарларға қатысып, жүйелі түрде кәсіби білігі мен білімін арттырып отырады.
Фаризаның еңбек жолында жеткен жетістіктері көп. Мәселен, 2022 жылы Химия пәнінен «ЦПМ» сертификаты, ЖҒБ пәндері сабақтарында функционалды сауаттылықты дамыту сертификаты, облыстық кәсіподақ комитетінің «Құрмет» грамотасы, «Жарқын» республикалық ғылыми-ақпараттық, танымдық-тәрбиелік журналының ұйымдастыруымен үздік ізденімпаз ұстаздар арасында «Мәңгілік Ел ұстазы» байқауының І орын игері болды. Халықаралық «Өрлеу-өркендеу» ғылыми-ақпараттық, танымдық-тәрбиелік журналының ұйымдастыруымен өткен «Жаңашыл ұстаз» байқауында І орынды иеленген. Мұнан бөлек облыстық білім басқармасы басшысының «Құрмет» грамотасымен марапатталып, аудандық білім бөлімі басшысының сертификатын иеленген.
«Оқушының жетістігі – мұғалімнің жетістігі, ал мұғалімнің жетістігі жаңа әдіс-тәсілдерді тиімді пайдалануында» демекші, үйренген әдіс-тәсілдерін еңбек жолында 15 жылдан бері пайдаланып келе жатқан Фаризаның шәкірттерінің жеткен жетістігі көп. Атап айтқанда, жалпы білім беретін пәндер бойынша «Жасыл экология» аудандық ғылыми жобалар сайысында химия пәні бойынша ІІІ орынды 10 сынып оқушысы Ернұр Біләл иеленген. Мұнан бөлек Ернұр «Дарын» қосымша білім беру орталығы «Scince factory» ғылыми зерттеу орталығының ұйымдастыруымен 8-10 сынып оқушылары арасында өткен облыстық ғылыми жобалар байқауынан алғыс хат иеленген.
2022-2023 оқу жылында жалпы білім беретін пәндер бойынша «Дарын» республикалық ғылыми жобалар конкурсының аудандық кезеңінде химия секциясы бойынша Гүлшара Серікбаева ІІ орынды иеленген. 2022 жылғы оқу маусымында жалпы білім беретін пәндер бойынша «Зерде» республикалық ғылыми жобалар конкурсының аудандық кезеңінде химия секциясы бойынша Меруерт Аманқали І орынды иеленді. «Табиғатты аяла» жас өлкетанушылар, экологтар мен табиғат зерттеушілерінің республикалық форумының аудандық кезеңінде «Zhasyl el» номинациясы бойынша ғылыми жобалар конкурсында химия секциясы бойынша Жарқынай Мұратқызы І орынды иеленіп, дәл осы форумның облыстық кезеңінде ІІ орынға лайық деп танылды.
Білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беруден талмаған ұстаздың жылдар бойғы еңбегінің жемісі аяулы әрі білімді шәкірттерінде. Фариза Бегімсалқызының шәкірттерімен бірлесе отырып атқаратын жүйелі жұмыстары келешекте де жемісін берері сөзсіз.
Ақтоты БҮРКІТБАЙ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!