Сыр өңірінің тәртіп сақшылары құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында демалыс күндері де күшейтілген режимде жұмыс істейді. Қоғам тыныштығын сақтау, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, қоғамдық тәртіпті нығайту – құқық қорғау органдарының басты міндеті. Әсіресе, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтарды болдырмау және олардың алдын алу мәселесі ерекше назарға алынған. Себебі, бұл бағыттағы шаралар болашақ ұрпақтың тәрбиесіне, қоғамның тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.
Жұма, сенбі, жексенбі күндері Қызылорда қаласында жүргізілген рейдтік іс-шаралар кезінде тәртіп сақшылары тұрғындарға түнгі уақытта тыныштықты сақтау, кәмелетке толмағандардың көшеде ата-анасыз жүруіне жол бермеу және қоғамдық орындардағы тәртіпті қатаң сақтау керектігі жөнінде түсіндірме жұмыстарын да жүргізді. Түнгі рейдтің нәтижесі бойынша барлығы 690 құқық бұзушылық анықталып, 730 хабарлама тіркелген. Жол қозғалысы бойынша 500 хаттама толтырылып, 74 автокөлік айып алаңына қойылған. Ал, 190 хаттама қоғамдық қауіпсіздік бағытында толтырылып, алкоголь өнімін белгіленбеген уақытта сатқан 4 дүкен сатушысына ҚР ӘҚБтК-нің 200-бабымен шара көрілген. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта жүргені үшін 24 ата-анаға ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы 2 бөлігімен шара көрілген.
Құқық қорғау органдары азаматтарды заң талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Өз кезегінде қоғамдық тәртіпті нығайтуға бағытталған мұндай шаралар әрі қарай да жалғасын табатын болады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!