2024 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша БЖЗҚ зейнетақы активтерінің жалпы сомасы 18,1 трлн теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21,9%-ға артық. Барлық дерлік соманы Ұлттық банк (ҰБ) басқарады. Осы уақытта инвестициялық портфельді жеке басқарушылардың (ИПБ) басқаруындағы зейнетақы активтері 34,3 млрд теңгені немесе жалпы көлемнің небәрі 0,2%-ын құрады.
2024 жылдың бірінші айында таза инвестициялық табыс 109,6 млрд теңге болды. Аталған сома өткен жылдың ұқсас кезеңінің көрсеткішінен 45,7 млрд теңгеге немесе 72%-ға жоғары. Кірістілік мәні инфляциядан да асып түседі: 9,5%-ға қарсы 10,3%.
«Кейінгі жылдары БЖЗҚ зейнетақы активтерінің инвестициялық кірісі барлық геосаяси дүрбелеңдер мен әлемдік күйзелістерге қарамастан оң серпінді көрсетіп отыр. Жалпы, 2023 жылы БЖЗҚ салымшыларының шоттарына шамамен 1,6 трлн теңге мөлшерінде таза инвестициялық табыс түсті, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 685,4 млрд теңгеге немесе 77,7%-ға артық. ҰБ басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері бойынша кірістілік 2023 жылы 10,1% құрады, бұл кезде инфляция 9,8%ды құраған болатын», деп мәлімдейді Ranking сарапшылары.
Сарапшылардың айтуынша, табыстылықтың оң көрсеткіштері ҰБ тарапынан БЖЗҚ зейнетақы активтерін басқарудың инвестициялық стратегиясымен байланысты. Инвестициялық портфель үнемі әртараптандырылып отырады, қаражат әртүрлі қаржы құралдарына нарықтық жағдайда ғана салынады. Белгілі бір құралдарға қаражат салу кезінде жаһандық және ішкі факторлар ескеріледі.
Мәселен, Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарының (МБҚ) үлесі бір жыл ішінде 48%-дан 46,8%-ға дейін қысқарды. Шет мемлекеттердің МБҚ үлесі 5,5%-дан 0,14%-ға дейін төмендеді. Сондай-ақ микроқаржы ұйымдары, квазимемлекеттік ұйымдар облигациялары, банк облигациялары және басқа да қаржы құралдарының үлесінің қысқаруы байқалады.
Ал дамыған елдер активінің үлесі 7,25%-дан 8,94%-ға дейін, дамушы елдер активтерінің үлесі 3,75%-дан 5,97%-ға дейін, сыртқы басқарудағы активтер үлесі 9,22%-дан 13,52%-ға дейін өсті. Мұндай әртараптандыру және уақтылы өзектендіру зейнетақы жинақтарының сақталуын және орнықты табыстылығын қамтамасыз етеді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!