Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

25°C

, Бейсенбі, 25 сәуiр, 17:51

Жалағаштық полицейлер
жерлесімізді қауіптен құтқарды

05.06.2023

263

0

Ерлік жасау мамандық пен сала таңдамайды. Десе де халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ол – тәртіп сақшылары. Қауіптің бел ортасында жүретін полицейлердің жұмысы оңай емес. Олар қоғам тыныштығын күзетіп қана қоймай, қиындыққа тап болған қаншама жанды ажалдан арашалап, өмірін құтқарып қалады.

Күні кеше жалағаштық полицей жергілікті тұрғынды ажалдан құтқарды. Сағат 11:30 шамасында Жалағаш ауданы полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Абдраманов Ержан Асылханұлы және патрульдік полиция тобының аға инспекторы, полиция лейтенанты Өтеш Ернұр Өміртайұлы аймақты аралаған. Кенеттен көліктің алдынан жергілікті тұрғын жүгіріп шығып, көліктерін тоқтатуын сұрайды. Ентіккен азамат Бұқарбай батыр елді мекеніне қарасты «Северный» каналында бір азаматтың суға батып бара жатқанын айтып, көмектесуін өтінген.
Осы сәтте полиция қызметкерлері жедел әрі үйлесімді әрекет жасады, себебі абайламай жасалған бір әрекеттің өзі орны толмас қасіретке алып келуі мүмкін.
Полицей Ержан тұңғиыққа бойлаған жігітті аман алып қаламын деп ойланбастан суға секіреді. Жігітті жағаға шығарып, оған дәрігерге дейінгі алғашқы медициналық көмек көрсетті.
Мән-жайды анықтау барысында жергілікті тұрғын канал жиегіне барып, күріштіктің суын тексеремін деп, абайсызда құлап кеткені белгілі болды. Ол Қызылорда қаласындағы жоғары оқу орындарының бірінде оқиды екен.
Полицейдің өзі атап өткендей, ол бұл әрекетті ерлік деп санамайды, бұл оның күнделікті жұмысының бір бөлігі ғана. Десе де ердің ері сыналар оқиға болған тұста жалағаштық полицейлер ерлік көрсетіп, азаматтық танытты.
Елге қызмет ететін осындай адал құқық қорғаушылар полиция абыройын көтеріп келеді. Алдағы уақытта сын сағатта ерлік көрсеткен полицейлер марапатқа ұсынылмақ.

Нұрайым Мырқиева,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің
2 курс студенті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: