Өткен аптада Тәуелсіздік күніне орай білім бөлімінің қызметкерлері арасында білім басқармасының кубогі үшін дәстүрлі футзал ұйымдастырылды. Аталған ойын Қызылорда қаласындағы №290 орта мектепте өтті. Оған облыстық білім басқармасы мен ауданның білім бөлімі қызметкерлерінен құралған 9 команда қатысып, өзара үздік топты анықтады.
Дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын жарысты Қызылорда облысының білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Спорт – ел мерейін асырып, абыройын тасытатын сала. Бүгінгі жарыс салауатты өмір салтын қалыптастырып, достық қарым-қатынасты нығайту мақсатында өткізіліп отыр. Өздеріңіз білетіндей, футбол – әлемге кең тараған, көпшіліктің ерекше ықыласына бөленген спорт түрі. Еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін бұл спортқа қызығушылық танытатындар көп. Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін футзалға белсене қатысып, жеңіске жетіп жүрсіздер. Бүгінгі жарыс жолында бағын сынағалы тұрған барлық командаға сәттілік тілеймін! Тек жеңісті күндерде кездесе берейік, – деді Асқарбек Темірбекұлы.
Тартысқа толы футзалдың нәтижесінде облыстық білім басқармасы І орынды иеленді. Жеңісті жолын жалғаған жалағаштық жастар ІІ орынға тұрақтап, ал Жаңақорған аудандық білім бөлімінің қызметкерлері үздік үштікті түйінедеген.
Сондай-ақ тартысты ойын өрнегін көрсеткен бірқатар аяқдоп шебері түрлі номинация бойынша марапатталған. Айта кетейік, жалағаштық Ермұрат Каналхан «Үздік шабуылшы» атанса, Берік Ерасыл «Үздік ойыншы» номинациясын иеленген. Ал «Үздік қорғаушы» номинациясына Бердібек Ерғалиев лайық деп танылған.
– Ойын өте тартысты өтті. Алдынғы жылғы ойындарда ІІІ орын иеленген болатынбыз. Ал биыл ІІ орын алдық. Шыны керек, бұл ойынға 2 айға жуық уақыт дайындалдық. Осы жарысқа қатысып ықпал жасаған, арнайы бірдей формамен қамтамасыз еткен кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлзат Құрманбаеваға алғысымыз шексіз, – дейді команда жетекшісі, білім бөлімінің дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық пәнінің әдіскері Сұңғат Сералиев.
Ерлан АНУАРҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!