Жексенбіде ойын баласынан еңкейген қарияға дейін теледидарға телмірді. Себебі футболдан Еуро – 2024 чемпионатының іріктеу турнирі аясында Ұлттық құрама Астана төрінде Солтүстік Ирландиялық әріптестерін қабылдады. Ең бастысы, бұл ойында қарқын бар, Қазақстан құрамасының алғаш рет Кәріқұрлық біріншілігінің топтық плей-офф кезеңіне өтуге мүмкіндігі бар. Құрама алдыңғы ойында Финляндияға есе жіберіп, топта 4 орынға тұрақтаған болатын. Сондықтан Ұлттық құрама алдында Солтүстік Ирландияны жеңіп, 3 ұпайды иелену мақсаты тұрды.
Қазақстан құрамасының бас бапкері Магомед Адиев ойын алдындағы баспасөз мәслихатында команданың Солтүстік Ирландияға қарсы ойынға дайындығы туралы айтқан болатын.
– Өзгерістер болады. Соңғы ойынға дайындала отырып, Солтүстік Ирландияға қарсы өзгерістер болатынын түсіндік. Әр ойында түзетулер енгізіледі. Олардың командасы құрамы жағынан үлкен мәселелерді бастан кешіруде. Мен әріптесімді қолдағым келеді. Бізде өз мәселелеріміз бар, біз соңғы ойында жеңіліп қалдық, енді өз қалпымызға оралуымыз керек. Олардың басқа схемаға көшкенін білеміз. Белгілі бір тактикалық дайындық бар, біз табысқа жетеміз деп үміттенемін. Барлық жеңіліс ауыр. Финляндиядан жеңілгенімізге көңіліміз толмай отыр. Бұл футболдың бір бөлігі, біз бәріміз жеңісті жақсы қабылдаймыз, бірақ жеңілістерді абыроймен көтере алатындар аз. Менің ойымша, біздің қолымыздан бұл келді. Әрине сырт алаңда жеңіске жеткенімізге қуаныштымын. Бұл қазірдің өзінде тарих, бірақ біз Солтүстік Ирландиямен сырт алаңдағы ойынның бөліктерін алған да жоқпыз, – деді өзіне сенімді Магомед Адиев.
Ұлттық құраманың шабуылшысы Абат Айымбетов алдағы ойында жеңіске жету үшін бар күшін салуға уәде берді.
– Көңіл-күй жақсы. Ертең жақсы ойын көрсетіп, жеңіске жетуге тырысамыз. Ойынға дайынбыз. Қазақ халқымыз күтіп отырғанда, әр футболшымыз жүрегімен ойнаса, елімізді әлі талай қуантамыз деп ойлаймын, – деп ағынан жарылды Абат Айымбетов.
Ойын алдында жаттықтырушы мен ойыншының өздеріне деген асқан сенімділігін көрген жанкүйерлер ұлттық құрамадан тек жеңіс күтетіні белгілі. Әрине спорт болғанымен елдің намысы мен абыройы сынға түскен сәтті қазақ футболшылары терең түсінгендей. Өйткені спортшыларымыз ойынның алғашқы секундтарында-ақ 30 мың орындық толы аренаның, оған қоса осы ойынға арнайы келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен атақты боксшы Геннадий Головкиннің қолдауын жақсы сезінді.
Көптен күткен ойын басталды. Алғашқы секундтан бастап ұлттық құраманың жеңіске деген ұмтылысы айқын байқалып тұрды. Дереу допқа иелік етіп, қонақтардың қақпасын торуылдаумен болды. Алаң иелері ойынның 19-шы минутынан бастап ойын өрнегін біртіндеп өрістетіп, өз артықшылықтарын анық көрсете бастады. Ирландиялықтардың қақпасына қарай алғашқы допты Бақтияр Зайнутдинов соқты, бірақ ол мүлт кетті. Есеп ашылмады. Жанкүйерлер голдан үмітті. Келесі минуттарда нақтырақ айтсақ, ойынның 27-ші минутында «Ақтөбенің» форварды Максим Самородов көзге түсе білді, ол осы ойынның бірінші голын соғып, Қазақстан құрамасын алға шығарды.
Голдан кейін есепті өзгертетін сәттер Солтүстік Ирландия құрамасында да болды. Қорғаныста жүрген гол авторы көзді ашып-жұмғанша сары қағаз алып та үлгерді. Себебі төрешінің пайымдауынша, симуляция жасаған. Бірақ 42-ші минутта Самородов пен Әліп қақпаны голдан қорғап қалды. Ең бастысы, қазақстандық ойыншылар ирландиялықтарға есепті теңестіруге мүмкіндік бермеді. Осылайша 1:0 есебімен командалар үзіліске кетті.
Жанкүйерлер екінші тайм тартысты болады деп күтті. Әрине есеп жіберген қонақ команданың ойын өрнегін күшейтетіні белгілі. Осылайша екінші тайм да басталып кетті. Екінші таймның басында-ақ қарсыластарымыз таразы басын теңестіре жаздады, бірақ қарсылас Игорь Шацкийдің қақпасынан саңылау таппады. Өкініштісі, ойын ортасында гол авторы Максим Самородов жарақат алып қалды. Оның орнына Исламбек Қуат алаңға шықты. Ойынның екінші жартысында екі тарап та барын салды, қызықты әрі қауіпті сәттер көп болды, бірақ командалардың ешқайсысы нәтижелі шабуыл көрсете алмады. Футбол жанкүйерлері осындай сапалы ойын өрнегін ортаға салған қос командаға алғыс білдіріп, риза болды. Осылайша Магомед Адиевтің шәкірттері 1:0 қорытынды есеппен, яғни жеңіспен ойынды аяқтады.
Иә, маңызды жеңіске бүкіл ел болып қуандық, сондай-ақ ұлттық құраманың халықаралық додада үздік нәтиже көрсетуі халықты рухтандырды десем, артық айтқандық емес. Жаңадан тағайындалған спорт министрі Ермек Маржықпаев әлеуметтік желідегі парақшасында осы жеңіс туралы пікір жазды.
– Жеңіс! Біздің команда 1:0 есебімен жеңіске жетті! Футболдан Еуропа чемпионатына іріктеу аясында Қазақстан құрамасы Солтүстік Ирландиямен ойында маңызды 3 ұпай жинады. Өткен жолы финдерге есе жібергенімен еңсесін қайта тіктеген ойыншыларымыздың осы жолғы ойынына тәнті болдым. Мемлекет басшысының футболшыларымызға қолдау білдіріп, ойынға жанкүйер ретінде келуі оларды ерекше жігерлендірді, – деп қуанышымен бөлісті сала министрі.
Осылайша Қазақстан құрамасы аталған ойындағы жетістіктен кейін топта өз орнын сақтап қалды. Алты турдан кейін Қазақстан құрамасының қоржынында 12 ұпай, ал көш басында тұрған Словения құрамасында 13 ұпай. Ең бастысы, Ұлттық құраманың алғашқы рет келесі кезеңге өтуге мүмкіндігі бар. Алдағы ойындарда ел футболшылары барын салып, жеңісті тұғырдан көрінсе, Кәріқұрлық біріншілігінде Ұлттық құрамаға жанкүйер болатын күндеріміз алыс емес.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!