Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

21°C

, Сәрсенбі, 24 сәуiр, 02:43

Жаза – тәрбиелеу көзі

02.09.2022

606

0

Өмірде адам басына түрлі жағдайлар келуі мүмкін. Қоғамда тағдыр тәлкегіне түсіп, айыпты болып, абақтыға қамалып, айыбын өтеп жатқандар да баршылық. Бірақ қалай айтқанда, олар – адам. Сондықтан жаза басқандарды түзеу, тәрбиелеу қоғам мен арнайы орындардың басты міндеті болып табылады.

Жаза дегеніміз соттың үкімі бойынша тағайындалатын мемлекеттің мәжбүрлеу шарасы. Ол қылмыс жасауға кінәлі деп танылған адамға қолданылады және ол адамға қылмыстық заңда көзделген құқықтары мен бостандықтарынан айыру немесе шектеу жазасы тағайындалады.

Жазаның мақсаттары мынадай:

а) әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру. Ол кінәлі адамға жазаны қолдану қылмыстық әрекет жасау нәтижерінде бұзылған жеке және қоғамдық мүдделерді қалпына келтіруді және қол сұғу объектісіне келтірілген зиянды өтеуді білдіреді;

ә) сотталушыны түзеу. Бұл мақсат кінәлінің теріс бағдарын өзгертуге бағытталған. Егер адам басқа жаңа қылмыстаp жасамаса және қылмыстық заңның сақталуының қажеттілігін сезіне бастаса, түзеуге қол жеткізеді;

б) жаңа қылмыстардың жасалуының алдын алу. Бұл мақсатты әрбір нақты қылмыс үшін қылмыстың жауапты бекітуді және жаза тағайындау мен оның орындалуын бұлтартпауды қамтамасыз ету арқылы қол жеткізіледі. Жазамен сескендіру адамдардың санасы мен әрекетіне әсер етеді.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі кәмелеттік жасқа толмағандарға тағайындалатын жазаның жүйесі мен тізімін бекітеді. Оларға: айыппұл, белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру, қоғамдық жұмыстарға тарту, түзеу жұмыстары, қамау, бас бостандығынан айыру жатқызылады. Сот тәжірибесінде анағұрлым көбірек қолданылатын жазалардың кейбір түрлерін жеке-жеке қарастырайық. Ең алдымен, айып салу – бұл сот тағайындайтын соманы ақшалай өндіріп алу. Айыппұл салған кезде, адам ақшалай төлемге байланысты белгілі бір материалдық шығынға ұшырайды.

Айыппұл жазаның жеңіл түрі және ол айлық есептік көрсеткіштің жиырма бестен жиырма мыңға дейінгі немесе сотталған адамның жалақысының немесе екі аптадан бір жылғы дейінгі кезеңдегі өзге де табысының мөлшерінде тағайындалады. Айыппұл тағайындағанда сот жасалған қылмыстың ауырлық дәрежесін және адамның мүліктік жағдайын ескеруі тиіс. Кәмелеттік жасқа толмай сотталған адамға айыппұл дербес табысы немесе өндіріп алуға жарайтын мүлкі болған жағдайда ғана тағайындалады. Қоғамдық жұмыстарға тарту. Қоғамдық жұмыстар – бұл сотталған адамның оқудан немесе жұмысынан бос уақытында тегін қоғамдық пайдалы жұмыс атқаруы.

Түзеу жұмыстары – бұл сотталған адамды табысынын белгілі бір бөлігін мемлекет пайдасына ұстап қалу арқылы еңбекке тарту. Түзеу жұмыстарына сотталған адамның табысынан соттың үкімімен белгіленген мөлшерде, бес пайыздан жиырма пайызға дейінгі шекте мемлекет пайдасына ұстап қалу жүргізіледі.

Қамау – бұл сотталған адамды қоғамнан қатаң оқшаулау жағдайында ұстау болып табылады, олар жазаны абақтыда өтейді. Қамау бір айдан алты айға дейінгі мерзімге белгіленеді. Қамау кезіндегі оқшаулау, қамаудан да анағұрлым қатаң жаза – бас бостандығынан айыру тағайындалуы мүмкін екендігін еске салуы тиіс. Қамау үкім шығару кезінде он алты жасқа толмаған адамдарға, сондай-ақ жүкті әйелдер мен кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар әйелдерге қолданылмайды.

Бас бостандығынан айыру – сотталушыны колония – қонысқа жіберу, жалпы, қатаң, ерекше режімдегі түзеу колониясына немесе түрмеге отырғызу жолымен оқшаулаудан тұрады. Бас бостандығынан айыру кезінде сотталған адамның құқықтық жағдайына шек қойылады. Ол оған шек қоюдан көрінеді. Адам жүріп-тұру еркіндігінен, еңбек қызметін тандаудан айырылады, өз уақытына билік етуі шектеледі. Бас бостандығынан айыру алты айдан он бес жылға дейін, ал ерекше ауыр қылмыстар үшін жиырма жылға дейінгі мерзімге не өмір бойына белгіленеді.

Жазасын өтеп жатқан әрбір сотталушымен психологтар түйткілді жағдайлардың алдын алу үшін жеке әңгімелесу өткізеді. Сондай-ақ психологтар жаза басқандармен арнайы тренинг өткізуді дәстүрге айналдырған. Олардың көңіл күйін көтеріп, мінезіндегі эмоционалдық жағдайды төмен түсіру үшін мекемеде жаттығулар, арттерапия амалдарын пайдалану арқылы әртүрлі жағымды іс-шаралар ұйымдастырып отырады.

Ондағы мақсат – жаза басқандарды заңды сыйлап, құрметтеуге үйрету,  адамгершілік қағидаларын басты мұрат ету және бостандықта шыққан соң өмірге қайта бейімдеу. Міне осылайша жаза тағайындалған әрбір адамды заң бойынша жазалай отырып, оны тәрбиелеу әрі өмірге қайта бейімдеу мәселесі де қоса жүргізіледі. Осындай жұмыстардың нәтижесінде көп жағдайда жаза басқан азаматтар өздерінің қылмыс жасағанына өкініп, тағдырға талдау жасап «бұрынғы қателіктерді қалай түзетуге болады?» деп жатады. Осының өзі «Жаза тәрбие көзі» екенінің аңғартса керек.

Дәурен ШАДАЕВ,

Жалағаш аудандық сотының бас маманы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: