Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-4°C

, Сәрсенбі, 25 желтоқсан, 22:34

Жолдау – жарқын болашақтың бастауы

10.09.2022

566

0

Биыл 1 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Иә, бұл саяси құжатта мемлекеттің жарқын болашағы жолында әрбір сала бойынша мақсат-міндеттеріміз айқындалды. 5 бағыттан тұратын Жолдауда жаңа реформалардың саяси, экономикалық, әлеуметтік және құқықтық бағыт-бағдары нақтыланды. Соның бірі – заң мен тәртіп.

Елімізде заң үстемдігін қамтама­сыз етуде прокуратураның рөлі ерек­ше. Прокуратура заңды­лық­тың сақталуын жоғары қадаға­лауды, құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдардың заңды­лықты, құқық тәртібін, сондай-ақ қылмысқа қарсы күресті қамта­масыз ету жөніндегі қызметін үйлес­тіруді жүзеге асырады.


Саяси құжатта Мемлекет бас­шы­сы адам өлтіру, қарақшылық жасау сияқты ауыр қылмыстардың көбей­генін, бұл қылмыстар үшін жазаны қатаңдату және қылмыскерлерді мерзімінен бұрын босату тәжірибесін тоқтату қажеттігін қаперге салды. Бұл – дұрыс шешім. Себебі Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, соң­ғы жылдары елімізде орын алған қыл­мыстың бұл түрлерінде өсім барын байқаймыз. Енді аталған қыл­мыстарды азайту үшін алдағы уақытта қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, мұндай қылмыстармен сот­ты болғандар жазасын толық өтей­тін болады.
Соңғы жылдары ғаламтор, әлеу­мет­тік желілер алаяқтардың оңай олжаға кенелер ортасына айналған. Бұл сөзімізге дәлел келтіру үшін қыр асудың қажеті жоқ. Бір ғана Жалағаш ауданының өзінде биыл 5 алаяқтық қылмыс тіркеліп, жәбір­ленушілерге жалпы құны 6,3 млн теңге залал келтірілген. Аудан тұр­ғындарын осы қылмыстардан сақ­тауды мақсат етіп, аудандық про­куратураның үйлестіруімен, жер­гі­лікті атқарушы және полиция орган­дарымен қылмыстылықтың профи­лактикасы, соның ішінде алаяқтық, есірткі айналымына, меншікке қар­сы қылмыстарды болдырмауға ба­ғытталған бірлескен шаралар үнемі іске асырылып келеді.


Отбасылық зорлық-зомбылықты қылмыс санатына жатқызу мәселесі де қазір қоғам талқысында. Тұр­мыста орын алып жатқан мұн­дай жағдайларды анықтау қиын, әри­не. Себебі осындай оқиға­лар­ды тергеп-тексеру оңай емес. Десе де Президент айтқандай, от­ба­сылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға тағы болмайды. Мұн­­­дай теріс әрекеттің орын алуы­­на себепкер тұлғалар жа­за­ға тартылмаса, біздің қоғам­да бұл мәселеге айналып соға­ты­нымыз анық. Бір жағынан бұл біздің «Мемлекеттің басты құн­ды­лығы – адам» деген айқын ұста­нымымызға тағы қайшы келе­тіні сөзсіз. Сондықтан мұндай әре­­кет­ке барғандарға жазаны кү­шей­тетін уақыт жетті. Демек, енді от­басылық зорлық-зомбылықты жа­­са­ған тұлғалар үшін де жаза қатаңдатылады. Бұл өзгерістер бі­рінші кезекте ерекше қорғауды қа­жет ететін топ, яғни балалар мен әйелдердің құқығы мен мүддесін қорғауға және елімізде отбасы ин­сти­тутын нығайтуға бағытталғаны сөзсіз.


Бұдан бөлек Мемлекет басшысы игерілмеген жерлерді мемлекетке қайтару арқылы кәсіпкерлік су­бъек­тілеріне қайта табыстаудың экономикамыз үшін маңызы жоғары екенін ерекше атап өтті. Осыған дейін елімізде ауыл шаруашылығы мақсатындағы 2,9 млн гектар жер мемлекетке қайтарылған. Ал Жолдауда Президент жыл ая­ғы­на дейін 5 млн гектар жер­ді қайтарып алу межеленіп отырға­нын айтады. Бұл елімізде әлі де қаншама жердің мақсатты игеріл­мей жатқанын аңғартады. Осы мақсатта Президентпен жер сала­сын тексеруге тыйым салатын мо­ра­торийдің күші жойылған. Де­мек осыған дейін елімізде заң­сыз берілген жерлерге қатысты олқы­лықты жоюға мүмкіндік жоқ емес.


Президент Жолдауында дәл осы мәселеге қатысты нақтыланған мақсат-міндеттерді орындау Жала­ғаш ауданында да жоспарлы түрде жүзеге асуда. Мәселен, аудандық прокуратураның ықпалымен осы­ған дейін жалпы құны 17 млн тең­гені құрайтын, 2 862 гектар жер­ге қатысты 15 игерілмеген жер учас­кесі мемлекетке кері қай­та­рылды. Алдағы уақытта да ау­дан­дық про­куратура тарапынан иге­рілмеген жерлерді мемлекетке қай­тару шаралары жалғасын табады.


Мемлекеттің тұрақты дамуының, саяси реформаларды іске асырудың кепілі – қоғамның тұрақтылығы мен қауіпсіздігі. Алайда жыл сайын елімізде халықты арандатып, заң бұзуға шақыру жағдайлары жиі кездеседі. Бұл тұста Президент «Бізге ел бірлігі ауадай қажет. «Саяси плюрализмге ашықпыз, эк­­­стре­мизмнен, қарақшылық пен бұзақылықтан қашықпыз» деген ортақ қағиданы бүкіл қоғам­ның есіне салғым келеді» деп мем­лекеттің нақты ұстанымын мә­лім­деп, халықты бірігіп, әділетті Қа­зақстанды құруға шақырды. Біздің де Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл сөзіне алып-қосарымыз жоқ. Расында бірлік болмай тірлік бол­майтыны белгілі. Мұны бабала­рымыз «Бақ бірлігі жарасқан елге қонады» деген бір ғана қанатты сөзбен бізге өсиет етті.


Жалпы Жолдауда мемлекет бо­лашағы жолында нақты мақсат-міндеттердің барлығы қамтылғанын жоғарыда айттық. Енді барша отан­дастардың алдында бір ғана міндет бар. Ол – саяси құжатта айқындалған мақсаттарды жұмыла жүзеге асырып, Президент айтқан әділетті Қазақстанды, берекелі қо­ғамды бірге құру.

Шыңғыс Есжанов,
Жалағаш ауданының прокуроры

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: