Өткен аптада аудандағы барлық білім ошақтарында бітіруші түлектерге аттесттат тапсыру рәсімі өтіп, үлкен өмірге шығарып салды. 11 жыл бойы білім нәрімен сусындап, білім ордасын тәмамдаған 420 түлек үлкен өмірге қанат қақты. Аудан орталығындағы қоғам қайраткері Темірбек Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейінде өткен аттестат тапсыру рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов қатысып, мектеп бітірушілерге сәттілік тіледі.
– Бүгінгі күн, ертеңгі тарих. Сіздер үлкен өмір атты ұзын жолдың алғашқы баспалдағын аттап, алдағы биік сатыларына қадам басқалы тұрсыздар. Әрқайсыларыңыз ертеңгі елдің тұтқасын ұстар жалынды жастарсыздар. Сіздердің тәуелсіз еліміздің өсіп өркендеуіне үлес қосар, туған жердің даңқын асқақтатар білікті маман иесі болуларыңызға тілектеспін. Жаңа өмірге басқан қадамдарыңыз сәтті болсын, – деп ізгі лебізін білдірген аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов жас түлектерге салтанатты түрде аттестат табыстады.
Айта кетейік, биылғы жылы елімізде 11 сыныпты 186 мың түлек аяқтады. Оның ішінде 7 420 оқушы «Алтын белгі» белгісімен марапатталған. Ал 13 727 түлек жалпы орта білім туралы үздік аттестат алған. Ал аудан бойынша биыл 6 990 оқушы оқу жылын аяқтаса, 420 түлек алтын ұя мектебімен қоштасты. Оның ішінде 396 оқушы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. Аудан бойынша 18 оқушы «Алтын белгіге» аяқтап, 43 оқушы «Үздік аттестат» иеленді. 11 жыл бойы алған білімі сыналатын ҰБТ-ның бірінші мүмкіндігінде №114 орта мектептен Нейла Нәрікбай 127 балл, Рамазан Бақтиярұлы 120 балл, Ә.Оңалбаев атындағы №117 орта мектептен Ақнұр Қоңтай 127 балл, Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейінен Алмассұлтан Айнабек 130 балл, Әл-Фараби атындағы №201 мектеп-лицейінен Назерке Қарғабай 122 балл, Даниял Русланұлы 128 балл жинап, аудан мерейін үстем етті.
Шара барысында мектеп бітіруші түлектер ұстаздарына алғыстарын айтып, олардың артқан сенімдерін ақтауға тырысатындықтарын жеткізді. Салтанатты шара одан әрі мектеп бітіруші түлектердің концерттік бағдарламасымен жалғасты.
«ЖЖ» ақпарат
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!