Соңғы жылдары еңбек адамын демеу, қызметке адал азаматтарды ұлықтау ісі қолға алынғаны жасырын емес. Мұндай өзгеріске алдымен қоғамдық сананың әсері және тұрғындардың құндылыққа деген азаматтық ұстанымы түрткі болса керек. Бүгінгі кейіпкер Қызылорда қаласы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Хасен Аманжол да аянбай еңбек етіп, адам өміріне араша бола білген білікті маман. Апта басында сала үздігімен сұхбат құрып, ой-пікірін тыңдаудың сәті түсті.
– Хасен Аманжолұлы, алғашқы сауалды мамандық таңдаудан бастасақ. Бұл салаға келуіңізге не түрткі болды?
– Әркімнің бала арманы өмірдегі таңдауға әсер ететіні анық. Менің де мақсатым – адамдарға жақсылық жасау, жәрдемдесу, көмек көрсету. Осы ұмтылыс өрт сөндіру саласына әкелгендей. Оның үстіне отбасыда көрген тәрбие мен ұстанымның әсері аз болмады. Себебі, атам өрт сөндіруші болған. Ата жолымен осы салаға келдім. Алайда ешқашан өкінген емеспін. Әр жұмыстан кейінгі халық алғысы бұл таңдауымның дұрыс болғанын нығарлай түседі.
– Таңдаған салаңыз қауіпті мамандық санатына жататынын білеміз. Оған дәлел – жақында орын алған көкшетаулық өрт сөндіруші маманның қазасы. Осы орайда заңды сауал туындайды. Өрт сөндіруге аттанарда қорқыныш болмай ма?
– Қорқыныш емес, көңіде алаң болады деген дұрыс секілді. Үнемі сақ, аңғарымпаз, жауапты болуға тура келеді. Өйткені, өрт кезінде түрлі жағдай болуы ықтимал. Оның үстіне өртті сөндіру барысын қадағалау, жағдайды бақылап отыру және ақпарды орталыққа жеткізуді назардан тыс қалдырмау қажет. Шешім қабылдар алдында барлық тәуекелді шұғыл арада ой елегінен өткізіп, әр әрекеттен төнуі мүмкін қатерді аңдауға міндеттімін.
– Тұрғын үйлерден шыққан өртті сөндіруде қандай қиындық бар?
– Орынды сауал. Реті келгенде тұрғындардың назарын аудару үшін толыққанды айтып өтейін. Мәселе оқиғаның орын алған жеріне байланысты. Мысалы, бірнеше қабатты үй болса, қиыны – өрт болған жерге жету. Тұрғындар аулаға көлікті ретсіз, ережесіз қоюы, көліктердің жол бермеуі салдарынан мамандар діттеген жерге жете алмай жатады. Көп жағдайда мұндай қиындық сатысы бар көліктің жүруіне кедергі келтіреді. Бәріміз білеміз, сатысы бар көліктер жоғары қабаттағы адамдарды құтқаруға қажетті техника. Демек, басты қиындық көлік егелерінің ережені сақтамауында жатыр.
– Байқасақ, соңғы уақытта өрт оқиғалары көбеюде. Бұған не себеп? Маман ретінде пікір білдірсеңіз.
– Әрине, «тілсіз жаудың» қайдан келерін білмейміз. Түрлі төтенше жағдайдан өрт оқиғасы орын алуы мүмкін. Алайда тұрғын үйлерде өрт оқиғасының жиілеуі өрт қауіпсіздігі ережесін сақтаудан туындауда. Себебі, халық ереже мен қауіпсіздік нұсқаулығына мән бермейді. Мысалы, төтенше жағдайлар қызметі жаз айларында тұрғын жайларды аралап, жылу пештерін тексереді. Ол үшін арнайы рейд те ұйымдастырылады. Өкініштісі, тұрғындар төтенше жағдай қызметкерлерін үйіне кіргізбейді. Өрт қауіпсіздігін тексеруге мүмкіндік бермейді. Мұндай олқылықтың салдары қыс айында залалын келтіруі мүмкін. Тексерілмеген пештен ақау шығып, үйге түтін тарау, оқыстан өрт шығу оқиғалары орын алады. Сондықтан өрт қауіпсіздігі ережесін сақтаудың арнайы ережесін оқып, сақтық сақтаса екен.
– Өрт сөндіруші мамандығының артықшылығы неде?
– Әрбір мамандықтың өз қиындығы мен қызығы бар. Бізде адам өмірін құтқаруға деген құлшыныс басым. Қызыл жалынды көрген сәтте әрбір өрт сөндіруші көмекке ұмтылып, құтқаруға асығып тұрады. Өзімді өзгені құтқарғанда, біреуге көмегім тигенін көргенде осы саланы таңдағаныма қуанамын. Биыл осындай сәтті басымнан өткеріп, мамандықтан қателеспегеніме қуандым. Жалынды ауыздықтаған соң халықтың алғысына бөлену неге тұрады десеңізші. Демек, құтқаруға құлшыныс, халық алғысы, өмірге деген көзқарас – басты артықшылық.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!