Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

5°C

, Сенбі, 23 қараша, 20:48

Жұмысы жүйелі, мақсаты айқын

18.04.2023

655

0

zhalagash-zharshysy.kz Зухра Тоқшылықова – №124 орта мектептің білікті педагогтарының бірі де бірегейі. Білім саласында 23 жылдық тәжірибесі бар ұлағатты ұстаз сол уақыттан бері ауыл мектебінде үздіксіз жұмыс жасап келеді. Нәтижесін һәм жетістігін тарқатсақ, жазатын дүние көп. Бастысы, шәкірт тәрбиелеп, бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыруда еткен еңбегі еш кетпеген.

Осынша уақытта білікті мұғалім екі сыныпқа жетекшілік етіпті. Сынып жетекшісінің айтқан ақылы мен берген тәлімінің жемісі болса керек, қазіргі таңда олардың басым бөлігі түрлі салада қажырлы еңбек етсе, бірқатары әлі де жоғары оқу орындарында мемлекеттік грантпен білім алып жатыр екен.

«Шәкірттеріміз қандай жетістікке жетсе де, біз еңбегіміздің еш кетпегенін біліп марқаямыз» деген Зухра Досымқызының әрбір оқушының тәлім-тәрбиесіне өзінің баласындай қарайтынын айқын аңғардық. Мектеп директорымен сұхбаттасқанымызда озат 3 оқушының шәкіртақы алатынын айтқан. Соның екеуі бүгінде Зухра апай жетекшілік ететін сыныпта оқиды екен.

– Баламен тек мұғалім болып жұмыс жасайтын уақыт артта қалды. Кейде олардың ата-анасындай сөйлесіп, пікіріне құлақ асуға тура келеді. Кез келген баланың шамшырағын жағуға болады. Оқымайтын бала болмайды. Ондай балалар қадағалаудың, еркін пікір алмасудың кемдігінен қалыптасады. Осыған дейін қаншама балаға білім беріп, еңбек өтілімізде біраз тәжірибе жинадық.

Соның барлығын енді оқушыларымыздың болашағына жұмсап жатырмыз. «Бала жаман болса, ата-анасын түйе үстінен ит қабады» деген сөз бар. Мен үшін бұл тек ата-анаға қаратып айтылған сөз емес. Біз де оқушы тәрбиелеп отырғаннан кейін олардың болашағына ата-анасындай қараймыз. Сондықтан оларға жаман сөз келмеуі үшін мейлінше біліммен қатар тәлім-тәрбие де береміз, – дейді мектеп мұғалімі.

Қазіргі таңда Есет батыр ауылындағы мектепте 6 сыныптың жетекшісі қазақ тілі мен әдебиет пәнінен сабақ береді. Мақалдатып, сөзді орнымен қолданатынына қарап, оның қай пәннің мұғалімі екенін аңғару қиын емес. Барлық баладан озат оқушы қалыптастыруды дәстүрге айналдырған ұлағатты ұстаздың өз мамандығына, жұмысына адалдығы көрініп-ақ тұр.

Зухра Досымқызының 23 жылдық еңбек өтілінде ауылдағы алтын ұядан түлеген 11 оқушы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болуға талап қылыпты. Олардың да ұлағатты ұстаздан алған білімі еш кеткен жоқ. Қазіргі таңда олардың басым бөлігі мемлекеттің дамуына қажырлы еңбек етуде.

Былтыр Аламесектегі №124 орта мектептің 2 түлегі тағы да қазақ тілі мен әдебиеті пәнін таңдаған. Қазіргі таңда олардың мектеп қабырғасында жүріп-ақ түрлі деңгейдегі олимпиадалық жарыстарда жеткен жетістігін айтып тауыса алмайсыз. Тіпті бір оқушысы 4 жыл қатарынан олимпиадаға қатысып, барлығында жүлделі орындардан бой көрсетіпті. Сондай-ақ ол былтыр Түркістан облысындағы Қожа Ахмет атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ішкі грантын жеңіп алған. Алайда мектеп оқушысы Қарақат Аманкелді оған тоқмейілсімей, ҰБТ-ға қатысуға бел буған. Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысымен Қарағандыдағы мемлекеттік университетке мемлекеттік грантпен оқуға түсіпті. Бір емес, екі грантты қатар жеңіп алатын шәкіртті кез келген мұғалім дайындай алмайтыны тағы да анық. Осы ретте оның біліктілігіне, жаңа жоғарыда айтқандай, барлық оқушыға өз баласындай қарайтынына күмәнмен келтіре алмайсыз.

– Барлық оқушымның болашағынан үлкен үміт күтемін. Жаңа айтып кеткен шәкіртім Қарақат Аманкелдінің өзі мектеп қабырғасында жүріп, қаншама жетістікке жетті. Қазіргі таңда мемлекеттік университетте грантпен білім алып жатқан қызымыз бір жағынан сондағы кітпханалардың бірінде жұмыс жасап жатыр. Жұмыспен оқуды қатар алып жүргенін мен оның үлкен ізденісімен байланыстырамын. Тағы бір шәкіртім Көкшетау қаласындағы мемлекеттік университетте былтыр грантпен оқуға түсті. Оның да жетістігі көп. Осындай балаларымызға қарап, қуанамыз, еткен еңбегіміздің ақталғанына марқаямыз, бірақ тоқмейілсу – өзіме жат әдет, – дейді Зухра Досымқызы.

Зухра Тоқшылықованың тоқмейілсімейтініне біз де толық көз жеткіздік. «Қайтсем, шәкірттерім қалаған мамандығын игеріп, мына қоғамға, мемлекеттің дамуына өз үлесін қосады?» деген сауалды ол өзіне күн сайын қояды. Ал жауабын еңбекпен табатынына, әр жылдары мектеп бітірген, білім ошағындағы шәкірттерінің жетістігінен шабыт алатынын тағы байқадық.

Иә, оның расында бір салада тапжылмай 23 жыл еткен еңбегі еш кеткен жоқ. Ұлағатты ұстаздың осыған дейінгі қажырлы еңбегі мемлекет тарапынан да лайықты бағаланды. Қазір оның алған алғыс хаттарын, дипломдарын да жазар болсақ, тағы да жазатын дүние көп. Бастысы, білікті мұғалімнің оның барлығына лайық екеніне көз жетті.

Кенжетай БАЛҒАБАЙҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: